• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 29 Сәуір, 2021

ҰБТ-ның «бағы мен бабы»

632 рет
көрсетілді

Альбина Андреева елімізде алғаш рет өткен компьютерлік ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) бірінші болып тапсырды. Төрт сағат берілетін тестілеуді 1 сағатта тапсырып шыққан талапкер жаңа жүйенің ыңғайлылығына, ойдағыдай өткеніне ерекше қуанды. Бұрындары тестілеуге кірген-шыққан түлектердің басым бөлігі үрей мен үміттің жетегінде жүретін. Ал бұл тесті­леу­дің тест тапсырушыларға ұнағанына қарағанда, ҰБТ-ның «бағы» биыл жанғандай. Әлде бабы келіскені де осы жылға дөп келді ме екен?..

Бұрынғы мен бүгінгі

ҰБТ елімізде 2004 жылы ен­гізілді. Содан бері тестілеудің «жыры» бітпей келеді. Өйткені ҰБТ – әлгі бір әзілкеш айт­пақшы, «Ұлы бір күндік төңкеріс» іспет­ті. Иә, әзілдің де батпандай зілі бар. ҰБТ-дан төмен балл алып қалған талап­керлердің суицидке барғаны туралы фактілер, қатар­ластарының нашар көрсет­кіштері үшін табалауынан күйзеліске түсуі, ата-аналардың уайы­мы, мұғалімдердің тестілеу өтіп жат­қан ғимараттың айналасында жүріп, оқушы­ларымен бірдей емтихан тапсыруы, бәрінің жабылып қара қағаз келетіндей, нәтиже шығатын хабарламаны сарыла күтуі, тағысын тағы. Осының бәрі тесті­леудің қорқынышты «бет-бейнесін» қалыптастырды. Ондағы жемқорлық­тың жайы тестілеудің ашықтығы мен әділ­дігіне деген сенімсіздікке әкелді.

ҰБТ енді бұрынғыдай болмайтын се­кілді. Жоғарыдағы кейіпкеріміз Альбина Андреева Петропавл қаласындағы №13 орта мектептің соңғы сыныбында оқиды. Ол елімізде бірінші рет енгізілген 10 наурыздағы компьютерлік тестілеудің алғаш­қы тапсырушысы болды. Бітіруші сыныптың оқушысы бізге берген шағын сұхбатында:

– Компьютермен тест тап­сыр­ған тіпті керемет екен. Жүйе өте қолайлы, жақсы ойластырылған. Мен бір сағаттың ішінде ҰБТ-ны тапсырып, ойдағыдай балл алып шықтым. Өйткені қағаз толтырып, одан оның ішіндегі жауапты бояп отыруға уақыт жоғалтпайсың. Және ең кереметі, бір сұрақтан қате­лесіп кетсең, қайтадан кері ора­лып, жауабыңды түзетуге болады. Содан соң бұрынғыдай тест нәти­жесін кешке дейін сарыла күту­дің қажеті жоқ. Тапсырып бол­ған сәтте қорытындысы шыға­ды. Айт­пақшы, жүйеде тестілеуге қажет­ті нәрсені де тез табуға болады. Мәселен, химияны ашсаңыз, Мен­де­леев кестесі шығады, – деді Альбина.

Болашақта психолог болудан талапты А.Андрееваның айтуынша, оның сыныптастары ҰБТ-ны электронды форматта сәтті тапсырған және жазда болатын негізі тестілеуді қағазбен емес, дәл осындай компьютермен тапсыруды қалайды. 

Мүмкіндіктің молдығы маңызды

Адам баласы әрдайым өзге­ріс­ті қалай­ды. Бұл – дамуды көз­дей­тін жанның қалауы. Десек те өзгерістің бәрі дамуға бас­тай ма? Осы сұрақты жалпы бір сала­ға қатысты қойып қарастырса, бір­ден біржақты жауап беру қиынға соға­ты­ны анық. Кейде тіпті кері тартатын, жақ­сылыққа сенбейтін жағдай көп кездеседі. Айталық, білім саласында бір өзгеріс болса, орын алса, қоғам болып «Реформадан көз ашпайтын болдық. Білім жүйесі эксперимент алаңына айналды» деп дабыл қағамыз. Онда да жанымыз ашығаннан безектейміз ғой. Ал кейінгі кезде енгізіліп жатқан ҰБТ-ның айналасындағы кезекті өзгеріс безек­теу­ге мүмкіндік бермей тұр. Қалайша?

Тестілеу бұрынғыдай 1-2 рет қана емес, жылына 4 рет өткізіледі. Шынында, мұндай мүмкіндік талапкерлерге үлкен үміт сыйлап, үрейден арылуға септі­гін тигізеді. Бұрын ҰБТ-дағы нәтижесі жоғары оқу орнына түсуге жарамаса, бір жылға қалып, келесі жылы қайта тап­сыруға тура келетін. Кейін мау­сым айын­дағы негізгі тестілеуден грант ала алмай қалғандарға тамыз айында шекті балл жинап оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік берілді. 2019 жылдан бас­тап тестілеу саны екі есеге көбейіп, талапкерлер жыл ішінде 4 рет ҰБТ тапсыра алатын болды. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеуге қатысу үшін белгіленген соманы төлеп, сынаққа қатысып, сол арқылы еліміздегі ЖОО-ның кез келгеніне ақылы оқуға түсуге болады. Соның нәтижесі бойынша арнайы сертификат беріледі, бірақ бұл грант алуға жарамайды. Ал грантқа түсу­ді тек маусым айындағы сынақ қоры­тындысы ғана шешеді. Иә, грант­қа түсуге жылына тек бір ғана мүмкіндік беріледі. Алайда оған дейін өткізілетін 2 реттік тесті­леу талапкерлер үшін өте жақ­сы дайындық болатыны, та­мыз­дағы тестінің үміт сый­лай­тыны сөзсіз. Қалай дегенмен де грантқа түсуге мүмкіндік беретін негізгі тестілеуден бөлек уни­вер­ситеттердің ақылы бөліміне оқуға түсуге 3 рет талпынуға болатыны – талапкерлерді бір іспен бәрі­нің біт­пейтінін, мүмкіндіктердің молдығын түсіндіруге, өзін өзі дайындап, әлсіз тұсын жетілдіруге жәрдемдесетін жол.

Бір талапкер – бір компьютер – бір камера

ҰБТ үшін «биылғы көктем бұрынғы­дан өзгерек». Өйткені көктемгі тестілеу элек­трон­ды форматта өтті. Тап­сыр­ған талапкерлер де көңілінен шық­қа­нын айтады. «Телефонмен туған» бүгін­­гінің балаларына тестіні компьютер­мен тапсыр­ған өте ыңғайлы шығар, бірақ бұл жыл са­йын бұзыла беретін ҰБТ талаптар­ы­ның сақталуына қаншалықты көмектеседі?

Бұл сұраққа Білім және ғылым ми­нистр­­лігі Жоғары және жоға­ры оқу орнынан кейінгі білім депар­таментінің директоры Әділет Тойбаев: «Көктемдегі ҰБТ электронды форматта «бір талапкер – бір компьютер – бір камера» қағидасы бо­­йынша өтеді. Сон­­дай-ақ прокторинг жүйесі қол­­данылады, бейнебақылау орна­ты­лады. Face ID – тұлғаны цифрлы сәйкестендіру жү­йесі  ҰБТ-ға қатыспақ болған бөтен адам­­дарды анықтауға мүм­кіндік бере­ді. Осы­­ның барлығы акаде­мия­лық адалдық қағи­­да­ларының сақ­талуын бақылауды күшей­туге жағ­дай жасайды», деп жауап берді.

Негізі Face ID ҰБТ-ға аса қажет. Себе­бі қайбір жылы дос қызының орнына тест тап­сыруға жасанды шаш пен әдемі көй­лек киіп кірген жігіттің оқиғасы әлі ұмы­ты­ла қойған жоқ. Енді прокторинг жүйе­сіне тоқталайық. Өйткені оның рөлі де зор. Егер бұл жүйе шынымен де қазіргі тестілеуде қолданылып жатса, демек ашықтық пен әділдік туралы әңгі­ме айтуға болады. Прокторинг – онлайн-емтихан немесе тестілеу кезіндегі әкімші-проктордың қадағалауымен өтетін бақылау процедурасы. Бұл емтихан тапсырушының әрекетін веб-камера арқылы бақылайды және талапкердің мониторында  не болып жатқанын, қандай бет ашылып, қандай беттің жабыл­ға­нын – барлығын көріп отырады. Мұндай технология үміткердің жеке өзінің тапсырып отырғанына көз жеткізіп қана қоймай, оның білімін объективті бақылауға жағ­дай жасайды және «шпаргалкалар» мен басқа да айла-тәсілдерді қолдануына жол бермейді.

 

Камерадан «құтылу» қиын

Бәрінен бұрын ҰБТ-ның қалай өтіп жат­қанын кез келген адам сырттай бақы­лай алады. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып, өзіміз де education.kz сайтына кіріп, әр ауди­ториядағы бақылау камералары арқы­лы тестілеуді тікелей байланыста бақы­лап көрдік. Онда әр қаладағы аудито­рия­лар жеке-жеке көрсетілген. Және мұн­дағы видеолар толығымен сақталып, сарап­та­мадан өткізіліп, тексеріледі. Егер қан­дай да бір талаптардың бұзылғаны анық­­талса, тестіленушінің нәтижесі жо­йы­­­ла­ды. Сондай айлакерлік­пен грант ұтып ал­ған болса, тіпті грант­тан да айырылады.

Былтыр, мысалы, осы талап­қа қатысты Ұлт­тық тестілеу ор­та­лығының дирек­торы Дидар Сма­ғұлов: «ҰБТ бейнежазба­лары­ның қорытындысы бойынша 158 тесті­лену­шінің нәтижелері жойылды, олардың 97-сі грант иегері атанған болатын (соның ішінде 138 балл алған түлек те бар). Осыған орай, әділ тапсырған, бірақ грантқа өтпеген 97 бала 2 апта ішінде грант иегерлері атанып, тіркеледі», деп мәлімдеген еді.

Неде болса, компьютерлік нұсқада өтіп жатқан ҰБТ-ның «әділдікпен, ашықтық­пен астасып, бағы жанып» тұрғандай. Бірақ «бабы да келісті» деп кесімді пікір айтуға әлі ерте. Себебі наурыз айының 10-ында басталған көктемгі тестілеу бір айға, яғни биылғы сәуір айының 10-на дейін жалғасты. Осы электронды ҰБТ-ның қорытындысы ғана компьютерлік жүйенің қаншалықты жетілдірілген, да­йын, тиімді екенін көрсете алады.