«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демеп пе еді қазақ?! Тал дегенің ертең орманға айналады. Ал орман – табиғаттың өкпесі іспетті. Ықылым заманнан бері көктем шыға Шығыс Қазақстанда ағаш отырғызу дәстүрі үзілген емес. «Семей орманы» резерваты филиалдарында да әдеттегідей орманды қалпына келтіру жұмыстары басталып жатыр.
Күні жылынып, тоң жіби сала Канонер питомнигі және орман тұқым стансасы кешенінде өсірілген екі жылдық қарағай өскіндері қазып алынды. Түп-түзу ретпен өскен жасыл желекті алқаппен алдымен соқа тіркеген трактор жүріп өтеді. Соқа топырақтың 25-30 сантиметрге дейінгі қалыңдықта беткі қабатын кесіп шығады. Мұнда жер жыртқандай, топырақ аударылмайды, тамыр тұсы жерден ажыратылады. Бұдан кейін жұмысшылар өскіндерді жинап алып, жіппен буып, тамырын қайта топыраққа көмеді. Келесі кезекте қорабына қар тиелген жүк көлігі келіп, дайын болған жас ағаштарды қармен бүркеп, тиісті жерге алып кетеді.
Биыл Канонер филиалының орман питомнигі және орман тұқым стансасы кешенінің 3,6 гектар алқабынан ашық тамыр жүйелі 7696,4 мың екі жылдық өскін алынды. Мамандардың айтуынша, екі жылдық ағаш өскіндері сапалы. Күтім болса, тез жетіліп кетеді.
– Ашық тамыр жүйелі қарағай өскіндері питомникте екі жыл өсіріледі. Арам шөбін жұлу, топырағын қопсыту, суару, күтіп-баптау жұмыстары жаз бойы жүргізіледі әдетте. Екі жылдық өскіннің биіктігі 10 сантиметрден, сабағының төменгі бөлігінің жуандығы 4 сантиметрден кем болмауы керек. Өздеріңіз көріп тұрғандай, өскіндер бұл көрсеткіштен артық болмаса, кем емес. Негізі, жоспар бойынша әр гектардан алынуға тиіс өскін санынан әлдеқайда жоғары нәтиже көрсетіп отырмыз. Демек мамандарымыз тынбай еңбектенді, – дейді Канонер филиалының орман питомнигі және орман тұқымы стансасы кешенінің басшысы Сырым Мұратұлы.
Канонер филиалының тұқымбақ кешенінде өсірілген ашық тамыр жүйелі қарағай өскіндері биыл Долон, Жаңасемей, Морозов, Семей филиалдарына жөнелтілді. Алдағы күндері балапан қарағайлар аталған филиалдардың орман алқабына отырғызылады.
Шығыс Қазақстан облысы