Ғылым – мемлекеттің мерейін асырып, қоғамды жарқын һәм жаңашыл арнаға жетелейтін бірден-бір күш екені анық. Оның қанат жайып қарқындауы тұтас елдің болашағына тікелей әсер ететіні белгілі. Осы ретте жыл сайын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылым апталығы» ұйымдастырылады. Аталған шара биыл да жалғасын тапты.
Ұйымдастырушылар апталықтың екі түрлі маңыздылығын алға тартады. Біріншіден, университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің жылдық қорытындысын шығару. Екіншіден, ғылымға жас ғалымдар мен студенттерді, магистранттарды, докторанттарды тарту, олардың ғылыми әлеуетін көтеру мақсатында түрлі дөңгелек үстелдер, белгілі ғалымдармен дәрістер, вебинарлар өткізу.
«Дәстүрлі түрде өтетін іс-шара биыл да ұйымдастырылып жатыр. Апталық аясында «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» тақырыбында республикалық студенттер, магистранттар, докторанттар мен жас ғалымдардың ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Конференцияда жас ғалымдар «Strength of language», «Capacity of social science», «Information learning and STEM», «Efficiency of teaching», «Natural science», «Culture and ART» және «E-S Talks» бағыттары бойынша ғылыми жаңалықтары мен ізденістерін көпшілік назарына ұсынбақ. Сонымен қатар алқалы жиын шеңберінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған І Халықаралық онлайн басқосу ұйымдастырылмақ», дейді ұйымдастырушылар.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институтының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Тыныштық Нұрдәулетқызы апталықтың маңыздылығына тоқтала келе, университеттің ғылыми әлеуеті жыл сайын артып, халықаралық байланыстар беки түскенін жеткізді.
«Қазіргі таңда университетімізде халықаралық басылымдардағы ғылыми жарияланымдар мен халықаралық ғылыми байланыстардың көбеюінен халықаралық ақпараттық ресурстар және т.б. қолжетімділіктің едәуір артқаны байқалады. Оның дәлелі, университет құрылғанда алғашқы ашылған факультеттердің бірегейі, қазіргі Филология институты кадрлық әлеуеті жағынан да, жылдық мониторинг нәтижесі бойынша да көш басында. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша институтқа шетелдік білім алушылардың қызығушылығы бәсеңдеген емес, керісінше жыл сайын осы бағдарлама аясында шетелдік білімгерлер дәріс алады. Алдағы уақытта кафедралардың зор ғылыми әлеуетін халықаралық аренада танытуға байланысты бірқатар жобаны жүзеге асырмақпыз», деді Т.Нұрдәулетқызы.