• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 29 Сәуір, 2021

Үндістанды құтқару – ортақ міндет

275 рет
көрсетілді

Бірқатар ел азаматтары вакцина салдырып, қалыпты өмірге қайта оралғанына қуанып жатса, үндістандықтар өлім санынан жаңылуда. Науқастар ауруханалардан шығарылып жатыр. Өйткені медицина орталықтарында орын мен оттегі баллондары жеткіліксіз. Науқас саны бойынша антирекорды күн сайын жаңарып жатқан Үндістандағы дағдарыс неліктен әлем үшін қауіпті?

Ғалымдар вирус тараған сайын оның мутацияланған түрі көбейіп, жақында дайындалған вакциналар әсер етпей қалу қаупі бар дейді. Ал бұл жақсы нәтиже көрсете бастаған мемлекеттердің еңбегін еш етуі мүмкін.

«Біз Үндістанға көмектеспесек, әлемдегі жағдай нашарлай түседі деп қорқамын», дейді Браун университеті Денсаулық мектебінің деканы Ашиш Жа. Сондықтан Үндістандағы коронавирус дағдарысы – жаһандық мәселе және оны бірлесіп шешу керек.

Кейбір мемлекеттер іске кірісіп те кеткен. Бүгінде АҚШ оттегі концентраттарын, ауадан оттегін бөліп алатын құрылғыларды жөнелткен. Ұлыбритания, Германия мен Италия да коронавирус індетімен күресте қажет құрылғыларды жолдапты. Ресей үкіметі мониторлар мен жасанды желдеткіштер жіберген.

Дәл қазіргі кезде вирус жұқтырғандарды құтқару қалай маңызды болса, жаппай вакцина егу де соншалықты маңызды екенін ескерген жөн дейді дәрігерлер. Дегенмен, әлемдегі ең ірі вакцина өндіруші ел болғанымен, Үндістанда өз азаматтарын егуге вакцина жеткіліксіз. Ал оны қысқа уақытта әрі оңай дайындау жолы жоқ.

Осы ретте бірқатар ел Батысты вакцинаны көптеп сатып алып, сақтап отыр деп айыптауда. Кеше Ұлыбританияның Денсаулық бойынша хатшысы Мэт Ханкок көмекке жіберетін артық вакцина жоғын мәлімдеді.

АҚШ президенті Джо Байден Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен сөйлесіп, Үндістанға вакцина жіберуге келісті. Одан кейін президент Байден AstraZeneca вакцинасының 60 млн дозасын басқалармен бөлісетінін хабарлады. Дегенмен, нақты қай елдерге жолданатыны туралы ашық айтылмады. Сонымен бірге Ақ үй екпені жіберу бірнеше айға созылуы мүмкін екенін ескертті.

АҚШ-тың Аллергия мен инфекциялық аурулар ұлттық институтының директоры Энтони Фаучи жіберілетін вакцинаның елдер арасында тең бөлінуі де қазіргідей жағдайда шешуші рөл атқарады деген пікірімен бөлісті.

– Өйткені бұған бәріміздің қатысымыз бар. Бұл – ортақ әлем. Сондықтан елдердің бір-бірінің алдында жауапкершілігі барын ұмытпау керек. Ал егер сіздің еліңіздің жағдайы жақсы, экономикасы озық болса, өзіңіз араласатын экономикасы кенже қалған, ресурстары аз мемлекеттер алдындағы жауапкершілігіңіз арта түседі, – деді дәрігер The Guardian басылымына берген сұхбатында.

Егер Үндістандағы вирустың таралуын тежеу қолдан келмесе, сонымен қатар вакцина қоры аз, денсаулық сақтау жүйесі дамымаған көршілес елдерге жайылса, онда түгел әлем Үндістандағы жағдайды бастан кешпек. Ал вирустың мутациялануы жағдайды одан да күрделендіре түспек. Үндістанның вакцина өндіруде маңызға ие мемлекет екенін ескерсек, онда эпидемиялық жағдайдың нашарлауы вирус өндірісі мен оның тасымалдауына кедергі келтірері анық. Бірқатар мемлекеттің жауапкершілік танытып, көмек көрсетуінің себебі де осында.

Мутацияланған вирус туралы алғашқылардың бірі болып хабарлаған да Үндістан еді. Британиялық штамға қоса Делиде анықталған B.1.617 мен B.1.1.7 түрлері тез таралатын вирус болып шықты. Дайын вакциналардың бұл штамдарға қатысты әсері әзірге анық емес.

Бірақ нақты вакциналарға тоқталсақ, бүгінге дейін өндірілген Pfizer/BioNTech, Moderna Inc. мен Johnson & Johnson екпелерінің тиімділігі туралы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен, ғалымдар бұл вакциналардың мутацияланған түрлерге қарсы әсері болмауы мүмкін деген болжамын жасырмады. «Сондықтан Үндістандағы жағдайды бақылауға алу – күн тәртібіндегі басты мәселеге айналуы тиіс», дейді олар.