АҚШ президенті Джо Байден 21 мамырда Ақ үйде Оңтүстік Корея лидері Мун Чжэ Инді қабылдайды. Бұл туралы Вашингтон әкімшілігі басшысының баспасөз хатшысы Джен Псаки бейсенбіде таратқан жазбаша мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz «ТАСС» агенттігіне сілтеме жасап.
«Президент Байден 2021 жылы 21 мамырда Ақ үйде Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен кездесуді асыға күтеді. Президент Мунның сапары Америка Құрама Штаттары мен Корея Республикасы арасындағы мызғымас одақтың, сондай-ақ экономикалық ынтымақтың әлеуетін еселей түспек. АҚШ президенті екі ел арасындағы бірлікті одан әрі нығайтып, тығыз ынтымақта болу үшін мардымды жұмыстар атқарылатынына үміттенеді», деді Джен Псаки.
Болжам бойынша, кездесу барысында Корей Халық Демократиялық Республикасы төңірегіндегі жағдайларға байланысты келіссөздер жүргізілмек.