• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Мамыр, 2021

Қарт құрлықтың ең үздік кәсіпқой боксшысы кім?

394 рет
көрсетілді

Таяуда BoxRec порталында әр жылдары кәсіпқойлар арасында аса ауыр салмақта өнер көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізген Еуропаның ең үздік гүрзі жұдырықты жігіттерінің рейтингін жария етілді, деп хабарлайды Egemen.kz

Бір кереметі, сол тізімде Владимир Кличко көш бастап тұр. Айтулы боксшы өзінің спорттық карьерасында тек Украинаның ғана намысын қорғағанымен, оның Қазақстанда дүниеге келгенін жанкүйерлер жақсы біледі. Сол себепті де біз де Кличконың үздіктер рейтингінде жеке-дара тұрғанына кәдімгідей қуанып отырмыз. 

Ағайынды Кличколардың есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Даңқты боксшылардың әкелері әскери адам болған. Шені – генерал-майор. Олар өз отбасы мүшелерімен үнемі көшіп-қонып жүрді. Үйдің үлкен – Василий 1971 жылы Қырғызстанның Беловодск қаласында туса, Владимир 1976 жылы Семей өңірінде дүниеге келді. Кейіннен Жамбыл облысы аумағы мен Алматы қаласында да бірер жыл тұрақтады. Олар жастайынан спортпен шұғылданып, кейіннен көптеген байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырына көтерілді.

Теңдессіздер көшін бастап тұрған 45 жастағы Владимир Кличконың жеке өзі жайында айтар болсақ, әуелі ол әуесқойлар арасында толғай табыстарға қол жеткізді. Украина боксшысының ең басты табысы – 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарының алтыны. Көп ұзамай кәсіпқой рингке ауысып, өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Небір дүлдүлдерді ұрып жығып, ең белді нұсқалар бойынша әлем чемпионы атанды. 1996-2017 жылдар аралығында 69 кездесу өткізген ол 64 рет жеңіс тойын тойлады. 54 қарсыласын есінен тандырды. Міне, енді Владимир Кличконың аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасқан қарт құрлық тарихындағы ең мықты боксшы деп танылып отыр. 

Екінші орында – ұлыбританиялық Леннокс Льюис. Оның әке-шешесі кезінде Ямайкадан Англияға қоныс аударған. 1988 жылы ол Сеул Олимпиадасында топ жарды. Кәсіпқой рингте 1989-2003 жылдар аралығында жұдырықтасты. Барлығы 44 кездесу өткізген Льюис 41 мәрте басымдық танытты. 32 қарсыласын нокаутқа жіберді. Ол өзінің карьерасында небары екі рет қана ұтылды: 1994 жылы Оливер Маколға және 2001 жылы Хасим Рахманға. Ал 1999 жылы Эвандер Холифилпен тең түсті. 2002 жылы Леннокс Майк Тайсонмен күш сынасты. Осы жекпе-жектің сегізінші раундында Тұманды Альбион елінің өкілі даңқты қарсыласын ұрып жықты. Келесі жылы Владимир Кличконы да құлатты. Содан кейін Льюис былғары қолғабын шегеге ілуді құп көрді. Қазір ол 55 жаста.

Үшінші сатыға да Ұлыбританияның өкілі жайғасты. 32 жастағы Тайсон Фьюри 2008 жылдан бері шаршы алаңды шайқап жүр. Сол кезден бері 31 мәрте рингке көтеріліп, бірде-бір рет жеңлістің кермек дәмін татқан емес. 21 қарсыласын есінен тандырды. Тек 2018 жылдың 1 желтоқсанында АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен жекпе-жекте жергілікті боксшы Деонтей Уайдлермен тең түсті. Алайда 2020 жылдың 22 ақпанында дәл сол марқасқаны оңдырмай сабады. Жетінші раундта Уайдлердің бапкері рингке ақ орамал лақтыруға мәжбүр болды. Енді Фьюри үстіміздегі жылдың маусым айында өзінің отандасы Энтони Джошуамен жұдырықтасады.

Биыл жазда 50 жасқа толған мерейтойын атап өтпек болып отырған Виталий Кличко төртінші орынға табан тіреді. Украина боксшысы да бізге бөтен еместігін жоғарыда айттық. Ол кикбокстан әлем чемпионы, бокстан әуесқойлар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Дүниежүзілік әскерилер ойындарының жеңімпазы. Кәсіпқой рингтегі Виталийдің карьерасы 16 жылға (1996-2012 жылдары) созылды. Сол аралықта 47 жекпе-жектің тек екеуінде ұтылды. 41 бәсекелесін есінен тандырды. Ол Крис Берд пен Леннокс Льюиске ғана есе жіберді. Қазіргі кезде Кличколардың үлкені Киев қаласы мэрі қызметін атқаруда. Оның «Украина батыры» деген аса мәртебелі атағы бар.

Бесінші орында – Ингемар Юханссон. 1932 жылы Швецияның Гетеборг қаласында туған ол 20 жасында Хельсинко Олимпиадасында күміс медальді мойнына ілді. Скандинавиялық саңлақ кәсіпқой рингте 1952-1963 жылдар аралығында өнер көрсетті. 28 бәсекенің тек екеуінде ғана Юханссонның жолы болмады. 17 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Кезінде ол әлем чемпионы да атанды. Ингемар ақасақал 1976 жылдың 30 қаңтарында 77 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Алтыншы сатыға Александр Поветкин тұрақтады. Әуесқойлар арасында биік белестердің барлығын бағындырғаннан кейін ғана Ресей боксшысы кәсіпқой рингте күш сынасуға бел буды. Бұл ретте де қадамы сәтті болды. 2005 жылдан бері 39 рет айқасқа шығып, 36 бәсекеде басым түсті. 25 кездесуде қарсы келгендерді сұлатып салды. Екі рет ұтылып, бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Өзінің соңғы кездесуін Александр былтырғы жылдың 22 тамызында Англияның Бренткуд қаласында Диллиан Уайтқа қарсы өткізді. Бұл бір естен кетпес кездесу болды. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолға алған ринг қожайыны орыс жігітін оңдырмай сабай бастады. Төртінші раунда екі рет ауыр нокдаунға жіберді. Десек те Поветкин соңның барлығына шыдап қана қоймай, бесінші раудта Уайтты ес-түссіз еденге құлатты.

Жетінші орында – 31 жастағы Энтони Джошуа. Лондон Олимпиадасының жеңімпазы кәсіпқой рингке аусысқан күннен бастап, көпшілік назарында. Айтқандай-ақ, бес жыл бойы ол қарсылас шақ келтірмей, қатарынан 22 жекпе-жекте жеңіске жетті. Ағылшын жігітінен таяқ жегендер арасында Денис Бахтов, Мэтт Скелтон, Кевин Джонсон, Диллиан Уайт, Владимир Кличко, Александр Поветкин сынды мықтылар болды. Алған рет Джошуа 2019 жылдың жазында сүрінді. Шыны керек, бойы қысқа, қарны қампиған, жаттығуға немқұрайлы қарайтын мексикалық Энди Руис жалындап тұрған нар тұлғалы жігітке жарытып қарсылық көрсетеді деген ой ешкім де қаперіне кірген емес. Бәлкім, Энтони де солай деп топшалаған шығар. Ал сан миллион көрермен сол кеште Руистың Джошуаны ұрып жыққанына куә болды. Иә, арада жарты жыл өткеннен соң ағылшынның арланы есе қайтарғаны рас. Алайда қарымта кездесуде ол айқын басымдыққа ие бола алмай, ұпай санымен ғана басым түсті.

Сегізінші сатыда – Николай Валуев. Бойы – 213 саниметр, салмағы 140 кило шамасындағы 47 жастағы Ресей алыбы 1993-2009 жылдар аралығында күш сынасты. Сол аралықта 53 кездесу өткізіп, 50 рет жеңіске жетті. 34 қарсыласын ұрып жықты. «Коля кувалда» деген лақап атқа ие болған дәу сары өзбекстандық Руслан Шағаев пен ұлыбританиялық Дэвид Хэйден ғана жеңілді. Ал германиялық Андреас Зидонмен болған бәсекеде тең есеп тіркелді. Бұл күндері Валуев Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының білдей бір депутаты.

Аты аңызға айналған Макс Шмелинг тоғызыншы тұрақтаған екен. 1924-1948 жылдар аралығында атой салған неміс боксшысы кәсіпқой рингтегі 73 кездесуінің 56-сын өз пайдасына шешті. 40 қарсыласын нокаутқа жіберді. 10 рет ұтылып, төрт мәрте тең түсті. Дәл сол кездері америкалық Джо Луистің дәуірі жүріп тұрды. Германия өкілі сол мықтымен екі рет кездесті. Осы қос алыптың жекпе-жегі жайында талай мақалалар жазылып, түрлі фильмдер түсірілді. Бірінші рет неміс спортшысы ұтса, екінші рет АҚШ өкілінің асығы алшысынан түсті.

Спорттан бөлек, екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі Шмелингтің азаматтығы мен ерлігі жайында көп айтылады. 1938 жылдың қараша айындың 9-нан 10-на қараған түні фашистер Германиядағы еврейлерді жаппай қырды. Олар басқасын айтпағанда, еңбектеген бала мен еңкейген қарияны да аямады. Сол күндері еврейлердің мәйітін Германияның әр пәтерінен, әр көшесінен, әрбір қуыстар мен арықтардан кезіктіруге болатын еді. Бұл қырғын «Жауһар түн» деген атаумен тарихта қалды. Дәл сол «Жауһар түні» Макс Шмелинг өзінің ескі танысы – еврей Левиннің екі баласын қонақ үйге әкеліп жасырды. 14 жасар Хайнц пен 15 жастағы Вернерді немістер үш күн бойы іздеді. Атақты боксшының бөлмесіне бас-көктеп кіруге қасапшылардың жүрегі дауламады. Ал арада үш күн өткеннен кейін қонақ үйден өзінің жеке көлігімен қаланың шетінде жасырынып жатқан әкесіне апарып табыстады. Кейіннен Левиндер отбасы Қытайға қашса, көп кешікпей АҚШ-қа қоныс аударды. Міне, Макстың өмірбаянында осындай оқиғалар аз болған жоқ. Ол 2005 жылы 100 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Үздік ондықты украиналық Александр Усик қорытындылап тұр. 34 жастағы Симферополь қаласының тумасы әуесқойлар арасында Олимпиада, әлем және Еуропа чемпионы атанды. Александрдың кәсіпқой рингке табан тірегеніне жеті жылдан асты. Сол аралықта 18 рет шарлы алаңға шығып, барлық қарсыласын қапы қалдырды. 13-ін есінен тандырды.