Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл мектептеріндегі орта білімнің сапасын көтеруде білікті педагог кадрларды даярлауды жетілдіру үшін дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарында даярлау, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу міндетін күн тәртібіне қойды.
Ел келешегі – жастардың әлемдік деңгейде білім алып, ғылым-білім кеңістігіне еркін енуіне, интеллектуалды ұлт қалыптастыра білуіне тәуелді. ХХ ғасырдың басында техниканың жаппай қолданылуы, мамандықтың күрделенуі адамдарды кәсіптік жағынан іріктеу, оған арнайы дайындау қажеттілігіне назар аудартты. Осы мәселеге арнап 1907 жылы Берлинде дүниежүзілік конгрес өтсе, бір жылдан кейін Америкада «Кәсіптік бағдарлау бюросы», одан соң Англияда «Мамандық таңдау кеңесі» құрылды. Содан бері жастарды қабілетіне қарай белгілі бір мамандыққа бағдарлай әзірлеу жалпы білім берудің де басты проблемасы ретінде күн тәртібінен түскен емес.
Кеңес мектебінің жағдайында оқушылардың қабілеті мен белгілі бір мамандықтар бағытына бағдарлай білім-тәрбие беру тиісті дәрежеде жүзеге асырылмады. Баланың дара қабілеті мен қызығушылығын, ертеңгі атқарар іс-әрекетінің сипаттарына қарай жастай қалыптастырып дамыту факультативтік сабақтар, үйірмелер, секциялар т.б. арқылы мардымсыз жүргізілді. 17 жасқа дейін мазмұн да, мақсат та бірдей, жалпы білім беру қатаң, бірыңғай жүзеге асырылды.
Қазақстанда талантты да дарынды балаларды арнайы топтап, саралап оқытуға бетбұрыс, ел егемендігіне орай өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады. Қарапайым мектептермен қатар лицейлер, гимназиялар және мектеп-лицей, мектеп-гимназия, лицей сыныптары, гимназия сыныптары жаппай ұйымдастырыла бастады. Мұндай оқу орындары ең әуелі орталық қалаларда, облыс орталықтарына, кейін ауылдық жерлерде де ашылды.
Орал қаласында 1991 жылы №35 мектеп, С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп лицейге айналдырылды. 1993 жылы Орал педагогикалық институты (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚУ) жанынан Облыстық педагогикалық лицей ашылып, кейін мамандандырылған дарынды балалар мектебі болып қайта құрылды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Фурманов, Камен, Казталовка, Чапаев, Қаратөбе аудандарында лицей, гимназиялар ашылып, жұмыс істей бастады.
90-шы жылдардың екінші жартысынан бастап ашылған лицейлер мен гимназиялардың, дарынды балалардың мамандандырылған мектептерінің негізгі мақсаты – интеллектуалдық, шығармашылдық жағынан қабілетті оқушыларды бөлектеп, саралап оқыту арқылы жоғарғы оқу орындарындағы күрделеніп бара жатқан интеллектуалдық мамандықтарға әзірлеу болатын. Мектепті аяқтағанға дейін жалпылама энциклопедиялық білім беретін мектептерге қарағанда, қабілетті де талапты балаларға гимназиялар мен лицейлерде берілетін бейінді білім – оларды ертеңгі өмірге даярлаудадың бірден-бір ұтымды жағдайы болатын. Бұл оқу орындары дер уақытында пайда болғанын Президенттің 1996 жылғы «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөніндегі Жарлығы көрсетіп берді.
Алғашқы күннен бастап өзіміз бас-көз болған жаңа оқу орнын ұйымдастыруда, ондағы білім-тәрбие мазмұнын айқындауда дүниежүзілік тәжірибедегі дарынды балаларға саралап білім берудегі әр алуан бағыттарды, идеяларды және өзімізде қалыптасқан кейбір дәстүрлі тәжірибелерді де өз жағдайымызға ыңғайлап, жүзеге асыруға тиіс болдық. Өркениетті елдердегі дарынды балаларға білім берудің тәжірибесі, оған негізделген педагогикалық идеялар қаншалықты нәтижелі болғанмен, оны өзімізге тікелей көшіре салу мүмкін емес-ті. Бұл үшін білім берудің тың, күрделі міндеттерін шеше алатын ғылыми-әдістемелік база, қолайлы білімдік орта керек болатын. Осы жаңа типті мектептер алғашқы жылдары-ақ жай мектептерге қарағанда білім сапасының дамуына әжептәуір ықпал етті.
Елімізде тұңғыш рет 2004 жылы білім сапасын тестілік бақылауда ең жоғары баллға ие болған республикадағы 20 мектептің барлығы да гимназиялар мен лицейлер еді. Олар 120 балдық мүмкіндіктен 94,3-тен 86,8-ке дейін балл жинап, жай мектептерге қарағанда өздеріндегі білім сапасының жоғары екенін дәлелдеді. Сол жаңа типті мектептердің облыстарда орналасуын қарасақ, Павлодар мен Оңтүстік Қазақстанда – 4, Оралда – 3, Жамбылда – 2, қалған облыстардан бірден болды. Солардың ішінде ширек ғасыр (2017 жылға дейін) өзінің ең жоғары орнын сақтаған Оралдағы «Педлицей» еді. Демек, ұрпаққа заман талабына қарай саналы білім беруде жылдар бойы тұрақты үздік көрсеткішке жеткен жаңа типті мектептердің бірі – мамандандырылған дарынды балалар мектебі болды.
«Білім туралы» заңда жазылғандай, мамандандырылған дарынды балалар мектебінің басқа жаңа типті мектептерге – гимназия, лицейлерге қарағанда мәртебесі жоғары. Бұл табиғи интеллектуалдық, шығармашылдық қабілеттерін дамытатын арнаулы бағдарлама арқылы оқушылардың элитарлық білім алуын қамтамасыз етеді.
Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебі ширек ғасыр (1993 жылдан бері) бойы өңірдің қабілетті оқушыларына білім беруде түрлі озық тәжірибелерді жүзеге асырды. Атап айтқанда, сыныпта оқушылардың қызығушылығына қарай бірыңғай бейінді білім беруде жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және әр оқушының шығармашылық жеке дара қабілеттерін дамыту бағытындағы финляндиялық жүйе. Бұл бағыт тиімділігін көрсеткен, оқыту процесін әр оқушының қабілет мүмкіншілігіне қарай жүргізе отырып, бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы. Мектепте бірден Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді жан-жақты меңгертуде, оқушылардың күрделі де көлемді теориялық, тұрақты фукционалдық сауатын дамытудағы лабораториялық-практикалық материалдарды қосарланған сабақ арқылы жүзеге асыру қолға алынды. Бұл барған сайын әдістемелік жағынан жетілдіре отырып, сапалы білім берудің басты факторының біріне айналды. Білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруын қамтамасыз етуде жопондық білімді бақылаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Білімді бақылаудың біртұтас жапондық мониторингтңк жүйесі оқушылардың білмді алу, мұғалімдердің білім беру процесінің деңгейін күнделікті, тоқсандық, жылдық бақылау арқылы әр оқушының білімді сапалы меңгеруін қамтамасыз еткен, оқу процесін жүзеге асыруда тиімділігін көрсеткен инновациялық тәсілдердің бірі болды.
Сонымен қатар, 2001 жылы облыс әкімі, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті ректорлары арасында үш жақты шарт жасалып, шарт бойынша ММУ А.Н.Колмогоров атындағы физика-математика мектебінің Білім орталығы БҚМУ жанындағы облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінде ашылды. Шарт бойынша М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті білім орталығындағы оқыту үрдісін ұйымдастыруды ғылыми-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, оқытушылар мен қызметкерлерді Білім орталығына әдістемелік және практикалық көмек көрсетуді және олардың білім алуына бақылау жасап отыру мақсатында ғалымдар мен әдіскерлерді жолсапарға жіберіп отыруды және т.б. міндеттерді жүктеді. Бұл байланыс оқу-тәрбие үдерісінің көкейкесті мәселелерін шешуге, атқарылып жатқан істердің дамуына тікелей көмектесті. Өйткені, А.Н. Колмогоров атындағы мектептің қырық жылдан астам тәжірибесімен қатар, олар арқылы Еуропа елдеріндегі дарынды балаларды бөлектеп оқытудың ғасырдан астам тарихы бар мектептерінің де негізгі бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болдық.
Мектептің сапалы білім берудегі инновациялық тәжірибиелеріне республикалық деңгейде педагогикалық талдау жасалып жұртшылыққа таныстырылып келеді. Осы жылдары қабілетті балаларға сапалы білім беру проблемаларына арналған ондаған әдістемелік-ғылыми мақалалар жарияланып, «Университет базасында дарынды балаларға білім берудің педагогикалық негіздері», «Дарынды жастар – ел болашағы», «Дарынды жастарға – элитарлы білім» атты кітаптар жарық көрді. Сонымен қатар дарынды балалармен жұмыс істейтін орта білім мекемелерінің басқарушы қызметкерлерімен бірнеше рет республикалық, аймақтық тәжірибелік алмасу семинарлары өткізілді. Демек, қоғамның зияткерлік, шығармашылық тұлғаларын қалыптастырудағы мамандандырылған мектептің элитарлық білім берудегі, инновациялық бағыттарының теориялық, ғылыми негіздерін қалыптастыру бағытында да жұмыстар жасалды.
Осы жұмыстың нәтижесінде Облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің түлектері оқуға толық грантпен қабылданып, жүздеген жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемдік деңгейде білім алды.
Дей-тұрғанмен, кейінгі жылдары нәтижелі сапалы білім беруді жүзеге асырған көптеген гимназия мен лицейлер сан жағынан да азайып, сапа жағынан да қарапайым мектептерден алға ұзай алмай отыр. Бұл жерде бірінші кедергі ақылы қосымша білім беру орталықтарына қатынасы. Қазір мұндай орталықтар ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында да көбейіп келеді. Оны ұйымдастырушылар: «Қосымша орталықтардың көбеюіне алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі оның әсерінен білім сапасы жаңа бәсекелестікке бейімделіп, бір сатыға болса да ілгерілейді» деп түсіндіреді. Бірақ бұл пікірге қосылу қиын. Әлемдік білім беру практикасында лицей, гимназиялар – ғылыми теориялық, әдістемелік жағынан басы айқындалған, кемінде 2-3 жылдан 6-7 жыл аралығында жастарға күрделі мамандықтарға ғылыми негізде, іргелі кәсіби бағдарлы жалпы білім беретін оқу орны болып қалыптасты. Сондықтан, Еуропа елдерінде репетитерлікпен айналысуға заңмен тыйым салынған. Өйткені олар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді. Демек, ақылы кешкі мектептер сан жағынан дамығанымен, ата-анаға да, мемлекетке де тиімсіз.
Сонымен қатар, Орал қаласындағы дарынды балалар мектебі ешбір негізсіз білім сапасына кері әсер ететін кемшіліктерге жол беріп отыр. Біріншіден, дарынды балаларға арналған күрделі білім стандартын оқушылардың тұрақты меңгеруін қамтамасыз ететін мониторингтік бақылау жүйесі жүзеге асырылмайды. Эксперименталды жағдайдағы «Жаңартылған білім беру жүйесі» деп аталатын «жүйені» дарынды балалар мектебіне не құқықтық, не ғылыми, не әдістемелік негізсіз қолдануы да білім сапасына кері әсер етуде. Екіншіден, ғылыми білімдік-тәрбиелік дәйексіз мектепте үш тілде білім беру бағытында орыс сыныбы ашылып, мектеп екі тілде білім беретін аралас мектепке айналуда, барлық сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқыту енгізілуде. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тілде сапалы білім беру талабына қайшы шаралар. Үшіншіден, соңғы жылдары мектепке қабылдауды 7 сыныптан бастап жүргізілуде (бұған дейін қабылдау дарынды балалардың интеллектуалдық қабілеті нақты айқындалатын 9 сыныптан басталатын), бұл мамандандырылған дарынды балалар мектебінде сапалы білім беру, оның статусына сәйкес келетін қолайлы жағдай емес. Төртіншіден, білім сапасын айқындайтын өлшем жүйесінің әлсіздігі, ҰБТ рейтингінің ешбір негізсіз төмендеуі, мектепте тоқсандық, жылдық қана емес, мемлекеттік емтиханда мұғалімдердің оқушылардың білім сапасын өздері бағалауы да сын көтермейтін жағдай.
Дарынды жастарға сапалы білім берудегі халықтың интеллектуалдық әлеуетін уақыт талабына сай жетілдіре түсу қажет.
Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,
Білім және ғылым министрлігінің
«Ең үздік мектеп директоры»
дипломының екі мәрте иегері,
педагогика ғылымдарының кандидаты
ОРАЛ