Данышпан ұлы Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем,екіншісі – ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» депті. Қандай даналық пайым! Қандай ұлағатты таным!
Шынтуайтына келгенде, бүгінгі кежегесі кері тартқан қоғам Абай бейнелеген пендеге зәру екені бүкпесіз шындық. Қу тамақтың құлы емес, туған елдің ұлы болу үшін де адамға үлкен жүрек, жанкештілік керек-ау. Себебі күреске толы тіршіліктің өзіндік қағидаты, өз заңы бар. Боркемік болсаң бордай езілесің, талабыңмен табындырсаң тау қопарасың. Әйтсе де, тағдыр жолындағы сан түрлі кедергіге мойымай ерен еңбегі ел есінде сақталып, ер есіміне қылау түсірмей келе жатқан жандардан кенде емеспіз. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың есімін зор құрметпен айтар едім. Көкірегі – көмбе, өмір жолы – ұрпаққа көрме, болмыс – бітімі жастарға үлгі! Ол кісінің жүріп өткен жолының өзі бір құнды тарих іспеттес.Туған еліне, жеріне, халқына адал еңбек етіп, сөзінен дауа, ісінен тәубасы кетпеген, көпке қадірлі ел ағасы, тектілікті тереңнен өлшеген, пайым парасаты мол жан.
Өмірзақ Озғанбайұлы қазақтың маңдай алды тұлғасы Абай суреттеген «білсем, көрсем, үйренсем», еліме барымды берсем дейтін азаматтардың қатарынан көріне білген қазыналы ғалым. Өткен-кеткенді шежіредей тарқататын, жазылып қойған хатпен тең – абыз қария! Ол кісінің мейірбан жүрегінің мейіріміне шомылып, ілтипатынан нәр алып жүрген жандар қаншама десеңізші.
Жақсыда жаттық болушы ма еді, саясына тығылғанды бауырына басып, жабырқағанды маңдайынан сипап, ізгілікке деген құштарлығын оятып отыратын қариялардың да қатары сиреп бара жатқаны рас. Мен таныған Өмірзақ аға, тумысынан турашыл, әділдікке жанашыр, халқына болсын дейтін, қанжығасындағы олжасын дүйім елмен бөліп жейтін, қазақ баласын алаламайтын, жүректерін жараламайтын, панасызға пана болған, жершілдіктен аулақ қонған, сүйегіне сөз сіңген дара тұлға, кешегі дана қариялардың бүгінге жеткен сарқыты. Атан жілік ағаның баладай аңғал мінезіне, даладай дархан пейіліне қанша мәрте куә болып келемін. Риясыз күлетін, тіршілігіне риза болып жүретін, өзгенің де пікіріне мейіріммен құлақ түретін Өмекеңдей абыз ақсақалды ілуде біреу шығар десем асылық айтқандық болмас.
Ол кісінің күйкі тірліктегі күйбең жандардың іс-әрекетіне тым болмаса бір рет қабақ шытып отырған кезін көрмеппін. «Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, тау-мүсін» деген осы шығар түсінгенге. Қашанда ақжарқын, қарияға тән салиқалы ұстамдылығын көрсетіп, абзалдық сымбатын танытып отырады. Кейде, жұмысқа зауқың соқпай, көңілің алаң болып отырған сәтте, ағаның алдына барсаң бойыңды бір шарапат нұрына малып алғандай сәулеленіп шыға келесің. Қанша қалжырап, шаршап отырса да көзінен күлкі үйіріліп, жадырап, кейде әзілдеп адамның ішкі сарайын гүлдендіріп жіберетінін қайтерсің.
Егер, ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбеті жайсаң азаматтың жарқын бейнесін анықтар болса, осы қасиеттің бәрі Өмірзақ ағаның бойынан табылар еді-ау. Асығыстыққа тоқтам жасау, аз сөйлеп, көп тыңдау, аңғарымпаздық арқылы адамды өзіне баурап алатын даналық философиясы, далалық пәлсапамен ұштасқанда нағыз қазақ баласына тән алғырлық пен айбындылық ағаның бойынан ұшқындап тұрады. Мен осыған тәнтімін!
Өмекеңді, Маңғыстаудың маңғаз тауларының ұшар басына қонақтап отырған қыран бүркітке ұқсатамын кейде. Өткен өміріне ойша көз салып, жетістігіне қуанып, жетпегеніне қуарып, жігерін намыстың бұлағына суарып, толғамды ойлары ту алып, шүкірлігін айтып, тәуелсіз елдің бір тасын қалағанына шалқып отыруы да заңдылық! Жақсылығы пен жамандығы, ар-ұяты мен қиянаты итжығыс түскен тірлікте, Өмекеңді де тағдыры маңдайынан сипай қоймапты. Әйтсе де ана мейірімінің шуағы, әке аруағының тұмары желеп-жебеп, қиналғанда елеп-демеп қорғанышы болғаны айдан анық!
Өмірзақ аға дүние есігін ашқан кезде қазақтың қансыраған даласы бөрі сынды өз жарасын өзі жалап жатқан кез еді. Тағдырдың ісіне не шара, өмірге іңгәлап келген нәрестенің көрешегі де көп екен, дүние есігін ашқанына 13 күн толғанда соғыс оты лап ете қалады. «Ұл туды» деп ұлан асыр той жасап қуанған әкесі Озғанбайдың қуанышы да келте болды, жарын елге аманаттап, сәбиін құшарлана бір иіскеп атқа қонды. Әкесі сол кеткеннен мол кетіп, майдан шебінен оралған жоқ.
Ол қатал заманның қатыңқы қабағын бағып өсті. Боздағын майданға аттандырып, оның жолын тосып, сағынышты хаттарын күтіп сары уайымға түскен жесір ананың қиналған сәттерін, көз жасын да көрді. Албырт сезімге толы балалықтың балдәурені көзінен бұл-бұл ұшты. Себебі ерте есейді, ерінбей оқыды, оқығанын кеудесіне тоқыды. Аштық, жалаңаштық, жетімдік қиындықтарының зардабын да тартты. Отбасының бар тауқыметін, әкенің асыл аманатын иығына артты. Соғыстан кейінгі әлеуметтік қиыншылықты, тұрмыстың ауырлығын көріп жетілді.
Форт-Шевченко қаласында алғаш рет әліппе танып, Саура мектебінде оқуын жалғастырып, кластан класқа ойдағыдай көшіп, кейінгі оқуын Сенек пен Бекдашы түбіндегі Алтыншы кентінде, Красноводскідегі №3 мектеп-интернатты өте жақсы бағамен бітіріп, кәмелеттік аттестат алып шығады да, білім қуып Қызылорда қаласына аттанады. Қызылорда педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмамдайды. Еңбек жолын шағын мектепте мұғалім болып бастап, тынымсыз еңбегінің арқасында қызметте сатылап өсті. Білімі мен жігерінің арқасында аз уақыт аралығында мектеп директорының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.
Әрине, Өмекеңнің әр белесі тақтайдай түзу болды деп айтуға ауыз бармас. Талас-тартысқа да кезігіп, қиянатқа да езіліп қалған сәттері де аз болған жоқ. Еңселі еңбектің есесін тәңір өзі қайтарады екен. Біреулер бүкіл ғұмырын арнап бітіре алмайтын күрделі дүниені өзіне тəн сабырлылық пен тыңғылықтылық қалпын сақтай отырып қыруар ізгілікті іс тындырды. Түрікменстан, Қазақстан жəне бұрынғы КСРО білім беру саласының озат қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық педагогикалық білім жəне Ресей Білім академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері сияқты жоғары атақ-абыройға ие болып, көптеген мемлекеттік орден-медальды да кеудесіне таққаны адал нәсіптің арқасы әрі сөзіміздің дәлелі.
КСРО Мемлекеттік жəне Лениндік сыйлықтардың лауреаты, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, физик-атомшы Глеб Борисович Померанцев деген атақты ғалыммен иық тіресе қызмет етіп, тонның ішкі бауындай жиі араласып, Кеңес елінің түкпір-түкпірінде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, үлкен мінберлерден салиқалы ойлар айтты. Күрмеуі қиын мәселелерді көтерді.
«Сабақты ине сәтімен» демекші, сөз орайы келгенде айта кетейік, 1990 жылдың 17 тамызы күні екінші рет Атырау облысынан еншісін алып, Маңғыстау облысы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Ақ түйенің қарны жарылып, түбек жұрты бөркін аспанға атқан күн болды. Аяғын тәй-тәй басқан жаңа облысқа білікті мамандар қажеттігі туындады. Ақыры, қай жердің жұмысы ақсап жатса, соны дөңгелетіп əкететінін білетін Маңғыстау жұртшылығы Өмірзақ ағаны Алматыдан арнайы шақыртып, облыстық білім беру басқармасының басшысы қызметін ұсынды. Осы қызметте жүргенде ағылшын тілінен олимпиада өткізіп, оның 11 жүлдегерін Англияның Бронмаут қаласында білімін жалғастыруға мұрындық болды. Біліктілігін шынайы еңбегімен дəлелдеп, туған өлкесіне жаңаша леп əкелген іскер азаматқа зор сенім артып Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат болуға қолдау білдірді. Сайлауға қатыссам деген ойы мүлде болмаса да көпшілік қалауын ескеріп, саяси додаға араласты. Оңай болған жоқ. Бір орынға алты адам таласты. Алланың берген бағы болар, асығы алшысынан түсіп, халық қалаулысы болып шыға келді. Бірақ Жоғарғы Кеңестің сол жолғы шақырылымының ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Бір жылдан кейін жұмысын тоқтатып, тарап кетті. Содан уақыт өте келе 1995 жылы тамыз айында еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл Ата Заңның бір ерекшелігі, Парламенттің екі палатасы болатын болды. Халықтың қолдауымен Өмірзақ ағамыз тағы да саяси додаға араласып, Сенатқа депутат болып сайланып, қазақтың тұңғыш сенаторы деген атаққа ие болды.
Осы орайда ғұлама жазушы Əбіш Кекілбайұлының мына бір жүрекжарды лебізі ойға оралады: «...Тоз-тоз заманда туып, елден-жерден шалғайда өсуге мəжбүр болсаңыз да, еліңізбен, жеріңізбен бірдей жаңарып, бірдей еңселенер дəурен кешіп келесіз. Туған халқыңыздың жас ұрпағын тəрбиелеп жетілдіруге қалтқысыз үлес қостыңыз. Білім берудің əрі ғұлама ғалымы, əрі шебер ұйымдастырушысы болып, жұртшылық құрметіне бөлендіңіз. Екі дүркін ел Парламентіне мүше болып сайланып, тəуелсіздігіміздің орнығуына, реформалардың тереңдеп, оң өзгерістердің түбегейлене түсуіне елеулі үлес қостыңыз... Белсенді мемлекеттік қызмет, қоғамдық жұмысты тынымсыз ғылыми зерттеушілік, шығармашылық еңбекпен жемісті байланыстыра білдіңіз. Ғылым докторысыз. Жүздеген мақала, ондаған кітап, сан салалы зерттеу еңбектерінің авторысыз. Халқыңызға қадірлі, қатарыңызға сыйлы, жеткіншектеріңізге сүйкімді азаматсыз, ұстазсыз, əкесіз, атасыз. Көрнекті ғалымсыз» деп еді. Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы:
Мұнайлы өлке табысқан
Өз ырысың.
Бір-бірімен қабысқан
Сөзің − ісің.
Алла берген атыңды −
«Өмірзақ» деп −
Озғанбаев жаралған озу үшін! – деп жырмен толғаған. Расында Өмірзақ аға озу үшін жаралған тұлға. Ол кісі Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Зерделі зерттеушінің бүгінге дейін қоғамның дамуы, алаш қайраткерлері, адамдар, тағдырлар туралы жазылған қырыққа жуық кітабы мен жүздеген мақаласы жарық көрді. Жақында бес томдық шығармалар жинағы оқырманға жол тартты. Бұл жинаққа «Ресей Мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Тарих тағылымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда», «Жарық жұлдыздар», «Тағзым» атты туындылардан жинақталып, халқымыздың тарихы мен танымал тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел көсегесін көгерту жолындағы жанкешті іс-әрекеттері айшықты зерделенген.
Автор «Тарихты тұлғалар жасайды» деген мақаласында: «Ұлы дала заманында көптеген тұлғаны өмірге әкелді. Бес мың жылдай бұрын тағы жылқыны ерттеп мініп, Байкалдан Балқанға дейінгі аралыққа дейінгі иелік еткен бабаларымыз Ұлы дала өркениетін қалыптастырды. Тіпті Мысыр, Қытай, Үнді, Иран, Рим және Византия секілді іргелі өркениеттерден де арғы ата-бабаларымыздың түркілердің іздері көрінеді. Шығыс пен Батыстың арасын қосқан Ұлы дала әлемдік сауданың да күретамыры болды. Кейін түркілердің басын қосу Шыңғыс ханның пешенесіне жазылды. Замана ағыны, аласапыран кезеңдер оны үйіріп жоғары шығарып, 1206 жылы «Мәңгілік ел» мемлекеті құрылды. Одан бергі кезеңде Жошы ұлысында Қазақ хандығы тарих сахнасына шықты. Керей мен Жәнібек есімі енді-енді атала бастады. Өйткені түркілер тарихын жазып, соның салдарынан көп дүниесі ғасырлар батпағына көміліп қалған еді» деп өткен тарихты тереңнен толғайды.
Сонымен бірге ол Алаш қайраткерлері: Әлихан Бөкейханов, Бақтыгерей Құлманов, Бақытжан Қаратаев, Ахмет Бірімжанов, Алпысбай Қалменов, Шәймерден Қосшығұлұлы, Темірғали Нұрекенов, Тілеулі Мыңбасы Аллабергенұлы, Сәлімгерей Жантөре жайында тыңнан түрен салған мазмұнды еңбектер жазды. Ағаның «Алаштың ардақты ұлы» атты мақаласында Әлихан Бөкейхан туралы тереңнен ой толғай келіп: «Алашорда үкіметінің ресми құрылғанын қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды. Үкімет төрағасына ұсынылған үш үміткердің арасынан жасырын дауыс беру нәтижесінде Әлихан Бөкейхан сайланды. Екі ғасырға жуық Ресей патшалығының бодандығында рухы жасыған қазақ халқының еңсесі көтеріліп, өз алдына дербес мемлекеттігін түзе бастауы орыс шовинизміне ұнай қоймады» деп жазады.
Белгілі ғалым Серік Негимов: «Шәймерден Қосшығұлов пен Ақан серінің бажасы Науан Хазірет сол заманның діни білімді адамдары болған. Сол екеуін итжеккенге айдайды. Арада екі жыл өткенде, яғни 1905 жылы наурыз айында Әлихан Бөкейханов пен Мәмбетәлі Сердалин патша өкіметіне кіріп, итжекеннен арашалап алады. Өмекеңнің кітабы міне, осындай тың деректерге толы, құнды кітап. Бұл кісінің еңбектері Алаш қайраткерлеріне арналған ғажап дүниелер» деп жоғары баға бергені бар.
Өмірзақ аға Торғай өңірінен Ресейдің алғашқы екі Думасына депутат болып сайланған, атақты заңгер Ахмет Бірімжанов туралы да қалам тербеді. Біраз жылдар тарихтың тасасында қалған тұлғаның өмір жолы мен еңбегін сөз ете келіп: «Дума отырысында Ахмет Бірімжанов сөз сөйлеп, қазақ елінің жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына Қазақ депутаттарының өкілін енгізуді ұсынады. I Мемлекеттік дума жұмысына Қазақ депутаттарының Мұсылман фракциясы қатарында атсалысады. Аталған фракция аграрлық мәселеге байланысты бас құжат болып табылатын заң жобасын жасауға күш салады» дейді автор.
Осының бәрі келешек ұрпаққа қалдырылған елеулі еңбек, үлкен мұра. Иә, қариялық белеске жетіп, елге сіңірген еңбегің еленіп, халықтың құрметіне бөленгеннен артық бақыт бар ма, десеңізші?! Бұл да Алланың берген сыйы. Еңсесін асқақ ұстап, тар жол тайғақ кешулерден өтіп, діттеген мақсатына иек артты. Болмысына қылаудай шаң түсірмей, адамгершілік қасиетті есімді ардақтаумен келеді.
Айтпақшы, Алланың рақымы болар, ана бір жылдары Тəңірдің нəсіп етуімен Алланың əмірлері мен аяттары түсіп, қасиет нұрын сепкен жері, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың дүние есігін ашқан киелі мекені Меккеге барып қажылық парызын да өтеп қайтты. Осының өзі-ақ, қадірлі ақсақалдың қадірін арттырып, Құнанбай қажы салған құла жолмен жүріп келе жатқанының дәлелі емес пе. Өмірзақ аға қазір де ат үстінен түсе қойған жоқ. Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары. Еліміздегі қариялардың қамқоры. Солардың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы жақсы болса екен деп алаңдап жүреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ Өмірзақ Озғанбайұлы қазақылықтың қалыбынан шықпаған, әділдіктің ақ туын нық ұстаған, ат төбеліндей заңғарлардың заңды жалғасы. Бүгінде, сексеннің сеңгірін бағындырып отырған тұмасы таза, тегі асыл абыз ағамызға Жаратқан қуат беріп, дін аман жүре берсін, тоқсанның да төрін нәсіп етсін дейміз.
Бейбіт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі