• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Оқиға 04 Мамыр, 2021

Күш атасын ардақтады

705 рет
көрсетілді

Елордада даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Күш атасы – Қажымұқан» атты тақырыпта музей сабағы өтті.

Мазмұнды іс-шараға еліміздегі Самбо федерациясының төрағасы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Асылбек Кәкенов және бас шаһардағы Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің респуб­ликалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Қалиева және Ұлттық музейдің Қазақстан тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Сырым Хасенов және тағы басқа спортшылар қатысып, орасан күш иесінің өмірі мен өнері жайында кеңірек сөз қозғады.

Көзі тірісінде аты аңызға айналған тұғырлы тұлға теңдессіз өнерімен 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған. Мұндай мықты балуан өткен ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақтан ғана шыққан. Әсіресе алып азамат 1910 жылы алғаш рет Оңтүстік Америка құрлығына табаны тиіп, Аргентинаның астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен еркін күресте Америка чемпионы атағын жеңіп алғаны ғажап.

Кездесу барысында Қазақстан Респуб­ликасының Ауыр атлетика федерациясынан халықаралық спорт шебері, жастар мен ересектер арасындағы ел чемпионы Алтыншаш Оразбек пен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионы, спорт шеберіне үміткер Едіге Емберді жиналғандарға өздері еңбектеніп жүрген спорт саласы туралы әңгімелеп берді. Сондай-ақ Қ.Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің жеткіншектері каратэ-до, дзюдо, грек-рим, еркін күрес сияқты спорт түрлерінен өз өнерлерін көрсетсе, республикалық турнирлердің чемпионы, спорт шеберіне үміткер Дина Кузнецова мен халықаралық турнирлердің жеңімпазы Нұрасыл Жәнібек Қажымұқан атасына арнаған өлеңдерін оқыды.

Тағылымды сабақ соңында кешке қаты­сушылар Ұлттық музейдің қорында сақтал­ған атақты балуанның құжаттары мен фото­суреттері, жеке заттарынан дайындалған көрмені тамашалады.