• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Мамыр, 2021

Пандемия өрісін кеңейткен сауда

190 рет
көрсетілді

Пандемия онлайн әлемнің тынысын кеңейтіп, адамдарды үйде отырып электронды сауда жасауға әбден машықтандырды.

Қазақ «Үш күннен кейін тозаққа да үйренеді» деп бекер айтпаса керек. Індет құрсауға салды деп тіршілік тоқтап қала ма? Карантин, коменданттық сағат, дүкендердің белгілі бір сағаттарда жұмыс істеуіне қоса,  қауіпсіздігін ойлап, көпшілік жерге барудан қашқақтаған жандар саудасын электронды түрде жасауға кірісті. Интернет арқылы қызмет көрсетудің де түр-түрі күннен-күнге артып барады. Онда не жоқ дейсіз, балаларға қосымша сабақ үйретесіз бе, ас алдырып ішесіз бе, азық-түлік қажет пе, киім керек пе, әлде  кеңеске зәрусіз бе, толып жатқан қызмет көрсетушінің ішінен іздегеніңізді маңдайынан шертіп тұрып таңдау жасайсыз.

БҰҰ –ның Сауда және даму жайындағы жаңа баяндамасында былтырдың өзінде виртуәлемдегі сауда барлық бөлшек сауданың бес бөлігін құраса, биыл көрсеткіш жоғарылап 16 пайыздан 19 пайызға көтерілгені айтылған. Сарапшылар пандемияға дейін ақ электронды сауданың қарқынды дамып жатқанын, 2019 жылы оның 26,6 триллион долларға жетіп, ІЖӨ 30 пайызын құрағанын алға тартады. Ал індет оны одан да үдете түскен.

Онлайн сауданы ең көп жасайтын қай елдің тұрғындары екен? Сөйтсе электонды сауда қызығының дәмі таңдайларына татығандардың көшін Оңтүстік Корей елінің халқы бастапты. Бұл елде бөлшек саудада интернет арқылы алдыру былтырдың өзінде 26 пайызды құраған екен, екінші орында–Қытай, үшіншіде–Ұлыбритания азаматтары. Ал интернет игілігін тиімді пайдаланған компаниялар ішінде канадалық онлайн-платформа Shopify алға шығып, оның саудасы бір жылда 95 пайызға артқан. Америкалық Walmart желісі сауда айналымын 72 пайызға жеткізсе, қытайлық Pinduoduo түтынушыларға 66 пайызға тауар жеткізіп беріп, шылқымайға батқан. Дегенмен онлайн қызмет көрсетушілер арасында індеттен тұралап қалғандар да жетерлік дейді сарапшылар. Әсіресе ол туристерге онлайн қызмет көрсететін компанияларға ауыр тиген. Мысалы туристерге авиабилеттер алуға, мейрамхана, қонақүйлерге тапсырыс алатын және автомобильдерді жалға беруді қамтамасыз ететін Expedia тобы ауыр шығынға ұшыраған. Сөйтіп олардың табысы жыл ішінде 66 пайызға төмендесе, пәтерлерді жалға тапсыру сервисі жөнінен әлемге аян Airbnb 37 пайызға дейін тапсырыс жоғалтыпты.