Техника мен технология дамыған заманда ұрпақ тәрбиесі уыстан шығып барады. Бұл шын мәнінде болашағын ойлаған ел үшін ұлттық мәселеге айналуы тиіс. Әлбетте сезімімізге әрдайым уәж табылар, өйткені аталған түйткіл Қазақстанды ғана толғандырмайды. Дамыған елдер де осы жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Ал мұндай тығырықтан бізді не алып шығады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «...Мектепке дейінгі ұйымдарға кезек мәселесі де шешілген жоқ. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші төмен, небәрі 48 пайызды құрайды. Үкіметке әкімдермен бірге осы мәселелерді шешудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда балаларды ерте дамыту жүйесін құру, мектепке дейінгі білім берудің баламалы түрлері, ваучерлік жүйе және басқа да мәселелер кіруі керек», деген еді.
Президент тапсырмасы орындалар-ау. Содан балалар балабақшаға ерте жастан баруға көбірек мүмкіндік алатын да шығар. Бірақ бізді, нақтырақ айтқанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының педагогі ретінде мені балалардың тәрбиесі, дұрыс дамуы алаңдатады. Елімізде тәрбиешілердің басым бөлігі 3 пен 6 жастағы балалармен жұмыс істеуге дағдыланған. Ал 1,5-2 жастағы балдырғандарды тәрбиелеу мен дамытудың өз ерекшелігі бар. Демек соған сай бағдарлама, әдіс, технология, жұмыс қажет. Бұл бізде бар ма?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2019 жылдың 1 қыркүйегінен мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандартын енгізуді тапсырған болатын. Міне, осы тапсырманы орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігі Балалардың ерте жастан дамуы үшін олардың әлеуметтік дағдыларын және өз бетінше оқу дағдыларын дамытатын бағдарлама әзірледі. Тәрбиешілерге дәріс оқып, семинар өткізу кезінде аталған бағдарламадан хабарсыз екенін байқаймын. Әлбетте оларға да ренжи алмайсың, себебі 1-2 жастағы балалар қабылдайтын балабақшалар көп болмағандықтан, құжаттың қолданылу аясы кеңейген жоқ. Сөзден іске көшетін кез келді. Бұл үшін, әрине балалар балабақшаға ерте жастан баруы керек.
Жаңартылған білім бағдарламасының басым бағыттары – жаңа буынды қандай тәрбиенің үлгісімен дамыту керектігін білуге болатын жақсы нұсқаулық. Мәселен, күнделікті практиканы ойға алайықшы. Смартфонға байланған баланы алақандай ғана техниканың ішінен алып шығу қиын. Тыйымды түсінбейтін сәбилердің қолынан телефонды алып қойсақ, жылайды. Өйткені ол ішкі қажеттіліктерін сол смартфон арқылы қанағаттандырады. Сондықтан да оған тәуелділік пайда болады. Көп ата-ана, жалпы ересек қауым байқай бермейтін бір нәрсе бар, бала өзін, сондай-ақ өзі тыңдай алатын адамды қалайды. Қуыршаққа, пони немесе өрмекші адамға әңгімесін айтады. Болмаса фотолар, бейнелер арқылы қалағанын тауып алып, смартфондағы «жасанды адамдарды» тыңдайды. Сәбиді қанағаттандыратыны және оған ұнайтыны – ойыншық та, экранның арғы жағындағы жасанды адамдар да оның қателігін түзетпейтіні, тыйып тастамайтыны. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша тәрбиеші алдындағы тәрбиеленушіні қате сөйлесе де соңына дейін тыңдап, соңында ғана оны түзетуі тиіс. Бала неғұрлым қарым-қатынасқа жиі түсіп, ойын мейлінше көбірек жеткізсе, ол соғұрлым тезірек ортаға бейімделеді, смартфонмен оқшауланбайды.
Бірақ балалар бәрібір телефонға ұмтылады. Осы ретте жаңа ұрпақты қазақ тілінде, ұлттық құндылықтармен қызықтыра отырып тәрбиелеу үшін педагогтар мен режиссерлер, аниматорлар бірге жұмыс істеуі керек. Ерте дамытуды ертерек қолға алмасақ, «z ұрпақ» өзінше өседі. Бұл болашаққа қауіп төндіруі мүмкін. Сол үшін әзірден әрекет етуге тиіспіз.
Гүлзат ДОСЫМОВА,
№32 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының әдіскері
ҚЫЗЫЛОРДА