• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Футбол 05 Мамыр, 2021

«Манчестер Сити» финалға шықты

224 рет
көрсетілді

Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалдық сайысында Англияның «Манчестер Сити» және Францияның ПСЖ клубтары күш сынасты.

Парижде өткен алғашқы матч 2:1 есебімен қонақтардың пайдасына шешілген еді. Бұл жолы да ағылшындардың басымдығы анық байқалды. 11-минутта Риаяд Марез есеп ашты – 1:0. Жылдам соғылған голдан кейін франциялық клубтың ойыншылары есені қайтаруға жанталасқанымен, олардың бұл әрекетінен еш нәтиже шықпады. Иә, қонақтардың кемінде екі рет таразы басын теңселтулеріне мүмкіндігі болғаны рас. Алғашында Маркиньостың баспен бағыттаған добы маңдайшаға тисе, екінші ретінде Анхель Ди Мария алыстан бос қақпаны дәл көздей алмады.

Үзілістен кейін ПСЖ-ның өрендері дөрекі ойнай бастады. 63-минутта Марез екінші мәрте мергендік танытты – 2:0. Содан кейін-ақ ойынның мәні де, сәні де кетті. Қос команданың ойыншылары бір-бірімен қайта-қайта ерегесіп, жанжалдасып, ұстасып, жұлысып, тәп-тәуір өтіп жатқан бәсекенің берекесін қашырды. Нәтижесінде 69-минутта Ди Мария алаңнан қуылды. Онсыз жа жеңіліп жатқан қонақтар үшін бұл өте ауыр соққы болды. Содан кейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. 

Осылайша, «Манчестер Сити» өз тарихында тұңғыш рет УЕФА Чемпиондар лигасының финалына шықты.