• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 05 Мамыр, 2021

Ресей Қытаймен одақтаса ма?

1902 рет
көрсетілді

Бұған дейін де жазып келгеніміздей, жыл басынан бері, яғни АҚШ-та саяси билік ауысқаннан кейін халықаралық қатынастар жүйесінде әлемдік деңгейде мәні мен маңызы зор оқиғаларға куә болып отырмыз. Қалыптасқан ғаламдық жағдай мен жаһандық күн тәртібіне өзіндік өзгерістер енгізуі әбден мүмкін елеулі оқиғаларға дипломатиялық тұрғыдан сараптама жасап көруді жөн көрдік.

Алдымен Джо Байден президент болып сайланғаннан кейін 18-20 наурыз аралығында Аляскада өткен АҚШ пен ҚХР арасындағы алғашқы жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижесі екі елдің сауда-экономикалық соғысы саяси-дипломатиялық саладағы текетіреске әкеп соғып отырғанын көрсетті. Аталған елдердің әлемнің бірінші және екінші экономикасы екенін ескерсек, екі алып ел арасындағы күрделі проблемалар екіжақты қатынастар деңгейінен асып, ғаламдық деңгейге шыққанын айқын байқатты. Яғни әлемдік алыптар арасындағы саяси-экономикалық проблемалар ғаламдық геосаясаттың және көпжақты халықаралық дипломатияның нысанына айналып отыр. Олай болса, осы екі ел енді өзіне одақтас іздеп, жаһандық деңгейде жақтас табуға жанталасып жатқаны бекер емес.

АҚШ-тың «Үлкен жетілік» (G7) елдері, Батыста Еуроодақ пен Ұлыбритания, Шығыста Жапония, Оңтүстік Корея, Филлипин сияқты сенімді серіктері бар. Оның үстіне, соңғы кезде АҚШ, Жапония, Үндістан және Аустралиямен «Төрттік одақ» құрып (QUAD), ол «Азиялық NATO» атана бастады.

Ал онда Қытай не істемек? Қай елмен бірігіп, кімді өз жағына тартпақ? Батыстың басты қарсыластарының бірі болып отырған көрші мемлекет – Ресеймен бірігіп, АҚШ-қа қарсы ортақ тіл тауып, одақ құруға мүдделі ме? Қытайды қайдам, АҚШ бастаған Батысқа қарсы Азиялық алыппен ондай одақ құруға, ең алдымен, дәл осы Ресейдің өзі қатты қызығушылық танытып, талпынып отырғанын байқаймыз. Байден Путинді «кісі өлтіргіш» деп ашық айыптағанына Мәскеу қарсылық білдіріп, тіпті Ресейдің АҚШ-тағы елшісін уақытша еліне қайтарып алса, сыртқы істер министрі С.Лавров 22 наурызда шұғыл ҚХР-ға аттанып, қытайлық әріптесі Ван И-мен келіссөздер өткізді. РФ мен ҚХР сыртқы істер министрлері АҚШ-қа қарсы бірлесіп әрекет жасаудың жолдарын қарастырумен қатар, Путиннің шілде айына жоспарланып отырған Қытайға ресми сапарына қатысты мәселелерді пысықтады.

16 шілдеде осыдан жиырма жыл бұрын екі ел арасында қол қойылған достық қарым-қатынастарға қатысты үкіметтік деңгейдегі екіжақты келісімшарттың мерзімі аяқталады. Соған орай Си Цзиньпин мен Путин Бейжіңде арнайы кездесіп, аталған келісімшартты жаңартып, Қытай мен Ресей арасындағы қатынастардың тереңдеп отырғанын халықаралық қауымдастыққа паш етуді көздеп отыр. Ресей тарапы бірнеше жылдан бері Қытаймен стратегиялық әріптестік қана емес, тіпті саяси-әскери одақ құруға мүдделі екенін меңзеп келгенін білеміз. Мәскеудің ондай ниетін соңғы жылдардағы Путиннің мәлімдемелерінен де аңдап жүрген Батыс елдері мен Жапония қатты алаңдап келді. Бірақ Батыстың қатаң экономикалық санкциялары мен қатты саяси қысымын көріп отырған Ресей Қырымды өзіне қосып алғаннан кейін соңғы жылдары тіпті әскери тұрғыдан да АҚШ пен Еуроодақ елдерімен жауласып, NATO-мен дауласып келеді. Олай болса, Мәскеумен саяси-әскери одақ құрып, Ресейдің бар жауын бір күнде өзінің жауына айналдыру Бейжің үшін тиімді емес. Сондықтан Қытай тарапы Ресейдің одақ құруға қатысты ұсынысын қабыл алмады.

Тарихтан тағылым алған Қытай елі соғыстан кейін Кеңес елімен құрған одақтың немен аяқталғанын ұмытпаса керек. Сөйтіп, Қытай Солтүстік Кореядан басқа қандай да бір елмен қандай да бір басқа елге қарсы одақ құрмау қағидатын бұзбауға ұйғарса, Ресеймен қатынасы қалай болар екен деп, демін ішіне тартып отырған Батыс бұл мәселе бойынша сәл де болса сабасына түскендей.

Қытай мен Ресейдің сыртқы саясатында сәйкес келмейтін тұстар да аз емес. Мысалы, Украина мен Сирия сияқты Мәскеу үшін маңызды бағыттарда Бейжіңнің өзіндік ұстанымы болса, Қытай үшін маңызды аймақ болып отырған Африкада да екі елдің саясаты екі басқа. Ресей қара құрлықтың он шақты еліне әскери көмек көрсетіп, өз саясатын жүргізіп отырғаны белгілі. Ал Йемен немесе Орталық Африка сияқты елдерде Бейжің билік басындағы үкіметке қолдау көрсетіп отырса, Мәскеу оппозициялық күштерге көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.

Ең бастысы, экономикалық тұрғыдан Қытай мен Ресейдің айырмашылығы жыл санап өсіп келеді. Коронавирус індеті кесірінен әлемнің барлық дерлік ірі елдері тоқырауға ұшыраған өткен жылдың өзінде дамуын тоқтатпаған Қытай экономикасы бүгінде Ресей экономикасынан он есе үлкен деңгейге жетіп отыр. Қытайдың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім мөлшері былтыр 10,800 долларды құрап, 9,900 долларға жетіп жығылған Ресейдің осы көрсеткішінен алғаш рет асып түссе, бұдан былай бұл айырмашылық ұлғая бермек. Оның үстіне, Ресей үшін Қытай ең үлкен сауда-экономикалық мемлекетке айналып отырғанымен (елдің жалпы сыртқы сауда көлемінде 17%), Қытайдың сыртқы сауда саласындағы Ресейдің орны өте төмен екенін ескерген жөн (шамамен небәрі 1%). Ал технологиялық даму тұрғысынан Ресейдің Қытайдан қаншалықты артта қалып қойғаны туралы  айтып жатудың өзі артық болар. Әрине, Қытайдың саяси-әлеуметтік және экономика салаларында проблемалар жетіп артылатынында сөз жоқ. Дегенмен, сандар сөйлеп, статистика көп нәрсені көрсетіп тұр.

Санаспасқа болмас әлемдік ең ірі азиялық факторға айналған Қытай халықаралық қатынастар жүйесінде Батыстың көшбасшысы АҚШ-пен тең дәрежеде сөйлескісі келетінін сөз басында айтылған Аляскадағы келіссөздер барысында айқын байқадық. Дегенмен, жоғарыда айтылғандай, Ресей дипломатиясы ниет білдіргенімен, Қытай басшылығы АҚШ-қа қарсы басқа бір елмен одақ құруға мүдделі емес. Керісінше, АҚШ президенті Байденді жеке танитын ҚХР төрағасы Си Цзиньпин онымен ресми түрде кездесіп, келіссөздер өткізуге мүдделі. Әлемнің бірінші экономикасы мен екінші экономикасы болып табылатын екі елдің басшылары 10 ақпанда телефон арқылы сөйлескені болмаса, әлі ресми түрде кездескен жоқ және қашан кездесетіні белгісіз. Есесіне, Байден мемлекет басшысы ретінде Ақ үйдегі  өзінің алғашқы ресми кездесуін 16 сәуірде Жапонияның премьер-министрі Ё.Сугамен өткізді. Бұл Қытай дипломатиясы үшін үлкен соққы болды десек, артық айтпаған болар едік. Оның үстіне, Байден мен Суганың келіссөздері нәтижесінде қабылданған бірлескен мәлімдемеде Қытай үшін ең маңызды болып отырған Тайвань мәселесінің аталғаны Бейжіңнің ашуын келтірді.

Ал Суганың АҚШ-қа сапары қарсаңында Байденнің Путинмен екінші рет телефон арқылы сөйлесіп, жуық арада Еуропа елдерінің бірінде бейресми кездесу өткізуге қатысты ұсыныс жасағаны Қытай басшылығының тағы да қытығына тиді. Байден мен Путиннің кездесуі Англияда «Үлкен жетілік» елдерінің саммиті өтетін маусым айында ұйымдастырылуы мүмкін. Дегенмен, Байден мен Путиннің ол кездесуінен әлемдік деңгейде көп нәрсе өзгере қояды деп ойлаудың қажеті жоқ сияқты. Әрине, Ауғанстаннан әскерін шығара бастаған АҚШ аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ресеймен келіссөздер өткізіп, белгілі бір деңгейдегі әріптестікке шақыруы мүмкін. Алайда телефон арқылы сөйлескеннен кейін екі күн өтер-өтпесте АҚШ-тың Ресейге жаңа санкциялар жариялағанынан көп нәрсені аңғаруға болады.

Осы тұрғыдан Қытай басшылығы АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуінен өзі үшін қолайсыз жағдай туындай қояр деп алаңдамайтын секілді. Оған қарағанда, 1 шілдеде Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылатын кең көлемді мерейтойлық іс-шараға дейін АҚШ президентімен ресми кездесу өткізбеуі Си Цзиньпин үшін сыртқы саясат тұрғысынан дипломатиялық олқылық болайын деп тұрғаны сөзсіз.

Вашингтон мен Бейжің арасындағы осындай саяси салқындық жаһандық деңгейдегі жаңа қырғи-қабақ соғысқа әкеп тіреп отырса, АҚШ бастаған Батыстың басты экономикалық дамыған мемлекеттері мен азиялық одақтастары бірігіп жатқанда Шығыстың алпауыты – Қытай қайтпек деген сұрақ халықаралық қатынастар саласындағы басты мәселеге айналып отыр. Жапонияның премьер-министрі Суга АҚШ-қа ресми сапар шегіп, Байденмен келіссөздер жүргізіп жатқан тұста ҚХР төрағасы Еуроодақтың ең басты экономикалық елдері Германия мен Францияның басшыларымен онлайн келіссөздер өткізіп, Қытай мен Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестіктің маңыздылығы жайлы айтып жатты. Дегенмен, бұл екі ел «Үлкен жетіліктің» мүшесі ретінде және Батыстың басты дамыған елдері ретінде демократиялық және нарықтық әмбебап құндылықтарды бөлісетін АҚШ пен Жапония арасындағы келісімдерді қолдайтындары күмәнсіз.

Сондықтан, жоғарыда аталғандай, шілде айына жоспарланып отырған Путиннің Қытайға сапары барысында екі елдің қарым-қатынастары саяси-әскери одақтас деңгейіне көтеріле қоймаса да, екі ел басшылары АҚШ-қа және АҚШ бастаған Батысқа қарсы бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдауы мүмкін екенін жоққа шығаруға тағы болмайды.

Қытайдың АҚШ-қа деген ашуын оның азиялық ең жақын одақтасы Жапониядан алуға ұмтылып, екі ел арасындағы шешілмеген жер дауы болып келе жатқан Сэнкаку (Дяодао) аралдарын тартып алам деген талпынысына немесе Тайваньды басып алам деген ниетіне дипломатиялық амалдар арқылы тежеу қойылмаса, Шығыс Азия аймағы алыптардың арпалыс алаңына айналып шыға келуі әбден мүмкін. Келесі жылға жоспарланған Бейжің қысқы Олимпиадасына АҚШ бастап, одақтастары қостап, бойкот жариялап жатпасын десе, Қытай қатты кетпеуге тиіс. Азиядағы одақтастары отқа оранып жатса, АҚШ-тың да ұтары аз.

Сондықтан жуық арада АҚШ пен Қытай президенттерінің ресми кездесуінің мерзімі пысықталып, әлемді аузына қаратқан алпауыт елдердің басшылары арасында келелі мәселелерге қатысты кешенді келіссөздер өтіп, салиқалы саясат пен дәстүрлі дипломатия өз міндетін атқарар деп үміт артамыз.

 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, халықаралық қатынастар саласы бойынша

PhD докторы, арнайы

«Egemen Qazaqstan» үшін