• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Мамыр, 2021

Кері кеткендер

479 рет
көрсетілді

Әсілінде «дені дұрыс» кезек алға жылжиды. Бірақ жұртшылық балабақша орындарын әділ үлестіреді деп сенген indigo24.kz балабақша кезегі кері кетіп тұр.

Балабақша кезегін әділ бөлетін бір оңтайлы жүйе осы салаға бұйырмай-ақ қойды. Басында балабақша кезегі қолма-қол жолдама беру жүйесінен электронды форматқа ауысқанда тап бір осы саладан жемқорлық түп-тамырымен жойылып кететіндей қуанған едік. Балабақша кезегі eGov.kz порталына енгізілген сәтте билік «кезек ата-аналардың көз алдында өтеді, ашық та әділ болады» деп сендіргені де шын. Көп ұзамай білім басқармалары электронды үкіметте әп-әдемі қалыптасқан кезекті жеке компаниялардың еншісіне бере бастады.

Осылайша, астаналық балдырғандарға орын үлестіру eGov.kz-тен e-astana.kz жүйесіне өтіп, одан кейін indigo24.kz платформасына берілді. Балабақша кезегіне байланысты дау осы жерде басталды. Ең қызығы, бүгінге дейін алға жылжып келген кезек кері кете бастады. Аң-таң болған ата-аналар шу көтеріп, арыз-арманын әлеуметтік желіге де жазып жатты.

Бұл жағдай өз басымыздан да өтті. 2018 жылы дүниеге келген ұлымды туа сала кезек­ке қойып, балабақшаға 4948-ін­­­­­­ші болып тіркелген едік. Бірер жыл­дан кейін тексерсек, кезегімізді кері жіберіп, 5587-ші орынға апарып тастапты. Екі жылдан кейін тіпті 6204-інші орында жүрміз. Күні кеше қарасам, әйтеуір 4910 орында тұр екенбіз. Бірақ 25 мамырдан кейін балабақша кезегі қайтадан жаңарады. Сонда «таз кейпімізге» түсіп, жұрттың соңында тұрмасақ болғаны.

Балабақша кезегінің алға емес, кері кетуіне не себеп? Бір гәптің бары анық. Бұл мәселе талай көтеріліп жүр. Білім басқармасы мамандарының да жауабын жаттап алғанбыз. Олардың айтуынша, «көпбалалы отбасылар, әскерилер секілді жеңілдігі бар азаматтардың балалары балабақшаға бірінші ілігеді, оларға басымдық беріледі». Әлбетте, жеңілдігі бар тұлғаларға кезектен тыс орын бөлгеніне ешкімнің таласы жоқ. Бірақ балабақшаны кезексіз алатын мұндай азаматтар бұрын да болды ғой? Ол кезде неге кезек кері кетпеген?! Осыдан-ақ жүйе жаңарғанымен, жұмыс жақсармағанын байқауға болады. Бұдан гөрі «балабақша кезегіне кім бұрын тіркеледі, соның кезегі бұрын келе­ді» деген ескі қағидат әлдеқайда әді­лі­рек еді. Ол кезде кезегіңнің кері кетіп жат­қанына шағымдануға болатын еді. Ха­лыққа қызмет көрсету орталығына ба­рып, дәлелдейтін анықтаманы немесе ке­зек­тің скриншотын көрсетсеңіз немесе білім басқармасына келіп, мәселенің анық-қанығын білуге болатын. Ал қазіргі электронды платформада бұл мүмкін емес. Кезегіңнің кері кетуі мұнда қалыпты құ­бы­лыс. Ешкімге де, ештеңе де дәлелдей ал­майсың.

Жұртшылық сеніп жүрген indigo24.kz ­­жүйесінде қисынсыз жайттар көп. Мы­са­лы, балабақшадан босаған орынды елден бұрын алып қалу үшін өзің де, интернетің де жылдам болуы керек. Әрі таңмен таласа тұрып, таңғы сағат 7.00-ге 10 минут қалғанда жүйеге кіріп, сервердегі сағат эталонын кірпік қақпай күзетіп отыруың керек. Сағат тура 7.00 болғанда босаған балабақша орындарына жолдама алу жүйесі ашылады. Осы сәтте шалт қимылдап, indigo24.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, «жолдама алу» батырмасын басып үлгеру керек. Егер ғайыптан батырманы басу бақыты бұйырып қалса (өйткені дәл керек кезде бұл батырма неге екені белгісіз басылмай қалады), балабақша нөмірін, ондағы топты көрсетіп, жолдама алу процедураларын 10 минутта жылдам аяқтау керек. Осы уақыттың ішінде үлгермесеңіз, балабақша орыны қолыңыздан сусып түсіп, басқаға кетеді. Порталдың арқасында ата-аналар әбден хакер болатын түрі бар.

Индиго электронды балабақшасы жүйе­сін әлі де жетілдіру керек. Ел түсінбей жүр­ген жайттар көп. Әсіресе ақпараттық-түсіндіру жағы кемшін. Жүйеге кіре қалсаңыз, «баланың табысты жолы осы жерден басталады» деген әдемі сөз жазылып тұр. Бірақ жүйенің өзі осыған сай бола алмай тұрғаны өкінішті. Сондықтан білім басқармалары кезектің неге кері кететінін, бұрын тіркелген балалардың алдына нақты кімдер, қандай негізде олардың алдын орап кеткенін ашық түрде көрсетіп, түсіндіруі қажет деп санаймыз.