Жыл сайын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында бір қария ойыма оралады. Жасы сексенге қараған шағында дүниеден өткен көкемізді ауыл-аймақ түгел Қалдық деп атайтын. Тек өмірден өткен соң ғана өзінің ата-анасы азан шақырып қойған аты мәлім болды.
Ол көкеміздің оң самайында бармақ басындай қалы болатын. Балалық шағы отызыншы жылдың басындағы ел ішін аштық жайлаған қиын-қыстау кезге тап келіп, ашқұрсақ өмір кешіп, қалдық ас ішуге дағдыланған әдетінен кейін де арыла алмай, жақын жеңгелері Қалдық деп атап кетсе керек. Берідегі тоқшылық кезде де балалық әдетімен жиын-тойда табақтас болған қатарластарының қас-қабағына қарап: «Алыңдар, ішіп-жеңдер!» деп өзі тартыншақтап, қасындағылар тояттаған соң ғана табаққа қол салады екен. Сол Қалдық көкенің айтқан мына бір әңгімесі есімнен шықпайды.
«Отыз бірдің қара күзінде Мойынқұмның қойнауындағы қыстауға көшіп келдік. Қолдағы союға жарамды мал біткенді ауыл белсенділері сыпырып алып, өңшең кәрі-құртаң, ауру-ақсақтары қалған. Ауыл балалары топтанып жүріп, қай үйдің мұржасынан түтін шықса, солай қарай жылыстап баратынбыз. Шық бермес Шығайбайлар ол кезде де болған, ел ұйқыға жатқанда қазан көтеріп, қаптағы азығын үнемдеп жұмсап, қарнын тойдырып, күндіз түк көрмегендей елмен араласып жүре беретін. Үстімізде – жыртық шекпен, әр жері ойылып, жүні шыққан жарғақ тонның қойын қалтасында әбден қажалған ағаш қасық жүреді. Балалық шақтағы ойын қызығымен шапқылап жүру деген жоқ, есіл-дертіміз тойып тамақ ішу болатын. Әр үйде бала бар, соларды сылтауратып, мұржадан шыққан түтін басыла бергенде топтанып кіріп барамыз. Алдарына ас алған жандар бізді көріп ұялғаннан: «Келіңдер, астан дәм татыңдар!» десе, кейбірі ләм-лим деместен, астарын апыл-ғұпыл тауысуға асығатын.
Ортаңғы үйдің мұржасынан түтін сейілген кезде бір топ бала киіз үйдің есігін түріп, іркес-тіркес кіріп келдік. Үйдегі еркек кіндік, үлкен-кіші бір тегенені ортаға алып, қыз-қырқын мен әйелдер екіншісіне бас қойып жатқанда сырттан келген бізді көрген төрдегі қария үлкендік жолымен: «Ой, бәрекелді, астың үстінен түстіңдер, енелерің сүйеді екен!» дегенде өзгелері ығысып орын беріп, төменге отыра қалып, қойнымыздағы қажалған қасықты алып, тегенедегі асқа қол создық. Ұн шылаған, әр жерінде арық малдың қарайған еті бар аталаны апыл-құпыл асап жатқанда бармақтай қара қоңыздың бетіне қалқып шыға келмесі бар ма? Қасығымызды көтерген күйі сілейіп отырып қалыппыз. Қара көлеңкелі үйде түңліктен қазанға түсті ме, атың өшкір қоңыздың қайдан пайда болғаны белгісіз еді. Аңтарылып отырған бізді көрген қария үн қатып: «О, жарықтық, бұл береке ғой!» деді де қасығымен қоңызды іліп алып, аузына салып, толғап-толғап жұтып жіберді. Қарияның аузына қараған біздер қайтадан тегенеге сатыр-сұтыр қасық салып, жалап-жұлап, тегененің түбін тақырлап тастадық. Осылайша, аузы асқа тиген үй иелерінің несібесіне ортақтасып, құрсағымызға азын-аулақ ас қондырып, сыртқа шығып кеттік. Көпке дейін үйдегі қарияның әрекеті көз алдыма елестеп, есімнен шықпай қойды. Өткен өмірінде аштықты да, тоқтықты да көрген қария балалар жеркенбесін деген оймен қоңызды аузына салып, жұтып қойғаны – ақылдылығы еді» деп аяқтаған Қалдық қария әңгімесін.
Қазіргі кезде нарық қанша алқымнан қысса да аштан өліп, көштен қалып жатқан ешкім жоқ. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей, тоқшылықтың белгісі әр үйдің дастарқанынан сезіліп тұрады. Ауылды қайдам, қаладағы қалдық ас қисапсыз қоқысқа төгіліп жатады. Тойханаларда тонналаған астың қалдығы қоқыс жәшігін толтырады. Қазекеңнің ысырапшылдығы асқынып кеткені сонша, алдына жан салар емес. Өзбектер бір қоймен қатте той жасаса, қазекеңнің тойына ту биенің еті жетпей қалады. Бар тапқан-таянғанын тойына шашатын қазекең сол баяғы Абай заманындағыдай жалған намыс пен даңғойлықтан арыла алмай келеді.
Әр күні ас ішіп отырып, табақ түбінде қалған асты көргенде Қалдық көкем есіме түседі.
Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,
жазушы, журналист