• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Мамыр, 2021

Батыс Қазақстанда блок-бекеттер орнатылды

225 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының таралуы жыл басынан бері тек қана ұлғайып келеді. Мамандар эпидемиялық жағдайдың жақсармай отырғанына алаңдаулы. Өңірде мамыр айының 1-інен бастап тұрғындардың еркін жүріп-тұруы қатаң шектеліп, блок-бекеттер орнатылды.

Індет басталғалы бері облыста коронавирус инфекциясы 19 809 рет тіркелген. Ал 2021 жылы қаңтар айында – 1 837, ақпан айында – 1 950, нау­рыз айында – 2 138, сәуір айында 3 884 жағдай есепке алынған екен. Көріп отырғанымыздай, вирус жұқ­тырғандар саны айдан айға көбейіп, сәуір айында тіпті өршіп кеткен.

– Мамыр айының 5-і күнгі мәлімет бойынша облыста барлығы 19 809 адам вирус жұқтырған, оның 11 372-сі – симптомды, ал 8 437 адамда нау­қас белгілері жоқ, симптомсыз. Бүгінде 15 506 адам жазылып шықты, өкінішке қарай, 289 адам қайтыс болды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.

Соңғы тәулікте коронавирус жұқ­тыр­ған 129 адам тіркелсе, соңғы ап­та­дағы науқастар саны 932 адам болып тұр.

Өкпені жасанды желдету аппаратына 19 адам қосылып, 23 науқас от­тегі концентратының көмегіне жү­­гін­ген. Өңірдегі 18 инфекциялық стационарда 570 адам ем алып жатыр екен. Бұл – барлық кереует санының 50,8%-ы. Ал жансақтау меке­мелеріндегі 65 орында 40 адамға медициналық жәрдем көрсетіліп жатыр. Жалпы, коронавирусқа қарсы емдеу орындарында 1 444 кереует бос орын бар.

– 1-28 сәуір аралығында 2 144 адам тұмау белгілерімен дәрігерге қаралып, олардан коронавирус анықталды. Бұл науқастармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде тағы 1 098 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

26 сәуір күнгі нәтижелер бо­йынша Бөрлі, Бәйтерек, Қазталов, Теректі, Жаңақала, Шыңғырлау аудандары және Орал қаласы ең қауіпті «қызыл аймақта» қалып отыр.

Вирус жұқтырғандардың ең көбі, яғни 35,2%-ы – жұмыс істейтін адамдар. Бірақ басқа топ та аз емес. Соңғы бір ай ішінде 975 зейнеткер, 908 жұмыссыз азамат, 293 оқушы, 75 медицина қызметкері, 89 мұғалім, балабақшаға бармайтын 69 бала, балабақшаға баратын 28 бала, 18 тәрбиеші, 53 студент ауырған.

Оқу жылы басталғалы оқу­шылар мен мектепке дейінгі сәби­лер арасында 1 014 мәрте COVID-19 оқиға­сы анық­талған екен. Мәселен, қыр­күйек айында 4 оқиға, қазанда 5 оқиға, қараша айында 102 оқиға, желтоқ­санда 78 оқиға болса, 2021 жылы ви­рус жұқтырғандар саны 809-ға жеткен.

Өңірдегі ірі кәсіпорындардағы жағ­дай да қатаң бақыланып отыр. Мәселен, «Жайық Мұнай» компания­сында жыл басынан бері 38 науқас анықталған, мұның 11-і вахтаға келген жұмысшылардан табылса, 27-сі жұмыстан тыс кезде өз бетімен дәрі­герге қаралып, анықталған жағдай екен. Ал тікелей кеніш басында, қыз­мет кезінде ауырып қалған оқиға тіркел­меген.

«Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг»­ компаниясында жыл басы­нан бері 116 науқас тіркелген. Оның ішінде 45 адам вахталық кезегі бітіп, үйіне қайтарда тек­серілген кез­де коронавирус жұқ­тырғаны анық­талған.

Өңірде санитарлық-дезинфек­ция­лық режім талаптарын бұ­зу факті­лерін қадағалайтын мони­торингтік топ­тар 1 сәуірден бері 634 мәрте рейд жүргізіп, 3 422 нысан­ды тексерген екен. Нәтижесінде, 34 нысанда талап бұзушылықтар анық­тал­ған. Оларға 130 хаттама толтырылып, 8 284 280 теңгеге айыппұл салынды.

Облыста коронавирусқа қарсы екпе жүргізу ісі 1 сәуірде басталған. Арман Қалибековтің айтуынша, осы уақытқа дейін облысқа вакцинаның 62 700 дозасы келіп түскен. Қазірдің өзінде 49 287 адам екпенің алғашқы дозасын, 17 891 адам екінші дозасын алып үлгерген.

Өткен сәрсенбіден бастап Орал қаласында мобилді екпе бекеттері тұрғындарды жаппай вакциналау ісіне кіріскен. Яғни жылжыма­лы ме­ди­циналық кешендер облыс орта­лығының ірі-ірі сауда ор­талық­тары жанында тұрып, кез келген адамға өз қалауы бойынша екпе салады. Ол үшін келушінің жеке куәлігі болса жеткілікті. Ек­пе алған адам 30 минут дәрігер бақылауында болады. Ол отан­дық немесе ресейлік вакцина ала­тынын өзі таңдайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1 ма­мыр­дан бастап Орал қаласы, сон­дай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Қаз­талов, Теректі және Шың­ғырлау аудан­дарына кіреберіске, барлығы 7 орынға блокбекет орнатылды. Бұл бекеттерден халықтың тыныс-тірші­лігін қамтамасыз ете­тін ұйым-меке­ме қызметкерлері, ме­дициналық ұйым­дарда ем алушылар, жүк тасымалдаушылар және транзиттік жолаушы­лар, вахта жұмысшылары және олар­ды тасымалдайтын көліктер кедер­гісіз өте алады. Сондай-ақ көк­темгі дала жұмыстарымен шұғыл­данушылар да бұл санатқа кіреді. Батыс Қазақстан облыстық бас мем­лекеттік санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуын­ша, ауру көрсеткіші тө­мендеп, жағ­дай түзелер болса, бір апта ішінде бекет­терді алып тастау мәселесі қайта қаралады екен.

 

Батыс Қазақстан облысы