Отан қорғаушылар күні қарсаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірқатар қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен үлгілі қызметі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне адалдығы үшін Төрағаның бірінші орынбасары Олжас Бектеновке II дәрежелі «Даңқ» ордені табыс етілді, ал Төрағаның орынбасары Нұрлан Шабдарға 3-санатты жоғары біліктілік сыныбы берілді.
Сондай-ақ Агенттік Төрағасы Мемлекет басшысының атынан Агенттіктің аппарат басшысы Қ.Жапақовқа, Агенттіктің департамент басшысы М.Ахметовке, Агенттіктің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Қ.Сүлейменовке және Агенттіктің басқарма басшысы Қ.Ахметқалиевке ІІ дәрежелі «Айбын» орденін салтанатты түрде табыс етті.
«Құрмет» орденімен Агенттіктің департамент басшысы Л.Йылдыз, «Ерлігі үшін» медалімен Агенттіктің аса маңызды істер жөніндегі офицері Б.Төлебаев, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Г.Тубаев және басқалары, барлығы 15 қызметкер марапатталды.
Сондай-ақ, Агенттік Төрағасының бұйрығымен үлгілі қызметі және жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ведомстволық наградалармен 83 қызметкер марапатталды.
«Бүгін марапатталған қызметкерлер Елбасы мен ел Президентінің саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін атап өтілді. Бізге Отанымыз – Қазақстан Республикасын қорғауды өсиет етті. Сондықтан Сіздерге еліміздің және халқымыздың игілігі үшін, өз парыздарыңды абыроймен және мақтанышпен орындап, бұдан әрі де еңбектенулеріңізге тілектеспін», деді М.Ахметжанов.