Биыл Ұлы Отан соғысының басталғанына 80 жыл болса, Ұлы Жеңіске 76 жыл толып отыр. Қан майданда Отан алдындағы ұлы міндетін қалтқысыз өтеп, борышына адалдық танытқан әрбір азаматтың ерлігі ел есінде.
Сол бір кезеңде қараорман қазақты қайғы құшағына қалдырған отты жылдардың естелігі ардагерлердің көкейінде шежіре күйінде сақтаулы тұр. Ал, елге оралмай, майдан даласында шейіт кеткен ерлердің ерлігі де ешқашан ұмытылмайды.
Бүгінде Жамбыл өңірінде Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай шаралар басталып кетті. Жергілікті азаматтар да ардагерлердің шаңырақтарында болып, оларды айтулы күнімен құттықтауда. Әрине, от кешкен тұлғалар қандай құрметке де лайықты. Сондай-ақ, Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне 1 миллион теңгеден біржолғы көмек берілді. Мұндай көмекті аймақта тұратын 36 ардагер алды. Сонымен қатар, 3477 тыл еңбеккеріне, 298 қаза тапқан жауынгердің ата-аналары мен жесірлеріне 50 мың теңгеден берілді. Жалпы, облыс бойынша 225,1 миллион теңгеге біржолғы көмек көрсетілді.
Жамбыл облысы