• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Мамыр, 2021

Қостанайда қайырымдылық велошеруі өтті

133 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жеңіс күніне арналған велошеруге облыстық, қалалық және Қостанай аудандық мәслихат депутаттары қатысты, деп жазады Egemen.kz. 

Таңертеңгілік бір-бір велосипед мінген халық қалаулылары қала шетімен 14 шақырым жүріп өтіп, Тобыл жағалауындағы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябаққа келіп тоқтады.  Велошеруді жол полициясы мен жедел жәрдем көлігі бастап жүрді.

«Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, сол арқылы оларға азаматтық, патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ саламатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау», деді акцияны ұйымдастырған облыстық мәслихат депутаты Бауыржан Тибеев.   

Депутаттар саябақ алаңында шағын қайырымдылық шарасын өткізіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бірнеше балаға велосипед тарту етті. 

«Осыдан бір-екі күн бұрын қалалық білім бөлімінің маманы қоңырау шалып, бізді  Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябақта тосын сый күтіп тұрғанын хабарлап, 10 мамыр күні осында келуімізді сұрады. Қызым бұл сәтті тағатсыздана күтті. Сөйтсек, тосын сый өзіміз көптен бері арман етіп келе жатқан велосипед екен. Қызымның қуанышында шек жоқ, сыйлық ұнады. Осындай шуақты шараны ұйымдастырушыларға аналық алғысымды айтқым келеді. Бәріңізді биылғы тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын!», деді көпбалалы ана Қымбат Омарова.  

Қайырымдылық шарасынан кейін депутаттар саябақтың кіреберісіне жақын жерден арнайы бөлінген алаңқайға жасыл шырша көшеттерін отырғызды.

«Біз жастардың назарын экологиялық мәселелерге аударып, қаламызды таза ұстауға шақырғымыз келеді. Енді бұл көшеттерді алғашқы екі жыл бойы күн сайын суарып отыру керек. Өйткені шырша бастапқыда жақсы күтімді қажет етеді. Әсіресе күн ыстықта сусыз қалдыруға болмайды. Бұл міндетті бүгін бізбен бірге осы шараға атсалысып жатқан ерікті жастар мен студенттер атқарамыз деп отыр», деді автошеруге қатысқан «Большевичка» фабрикасының директоры Әрсен Жетпісбаев.    

Тәуелсіздік саябағына 100 шақты шырша көшетін отырғызған халық қалаулылары қала орталығына дейін тағы 6 шақырым жүріп өтті.