• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Пікір 11 Мамыр, 2021

«Екі күймек бір жанға әділет пе?»

1508 рет
көрсетілді

Әділетсіздікке жаны төзбей осылай деген абыз Абай егер әке-шешесі алапат аштықта опат болған, ағайын-туысы қызыл қырғында қуғын-сүргінге ұшыраған, өзі әскерге алынып, қан майданда тұтқынға түскен, тозақ көріп, «легионға» алынған, концлагерьден қашып, партизандар қатарына өткен, соғыс біткеннен кейін қайта сотталып, итжеккенге айдалған, сосын өмір бойы «сенімсіз, сатқын» саналған қайран қазақты көргенде қандай теңеу айтар еді? 

Ол жағы бізге белгісіз, алайда мұндай адам төзгісіз азапты бастан кешіп, тағдырдың тәлкегін көрген, әділет іздеп өмірден озған боздақтардың аз емес екені анық.

Әділетсіздіктің үлкені – озбырлық, басқыншылық. Сондықтан біз өзге елдерге өктемдік жүргізбек болған қанқұйлы фашизмді бүкіл әлем болып айыптаймыз. Бұл дұрыс. Алайда олар ондаған миллион адамның жанын жалмаған жаһандық жауыздықты жалғыз жасаған жоқ қой. Бұл ретте Молотов-Риббентроп пакті арқылы фашистермен келісімге келіп, ортақ одақ болып Польшаны бөліске салған, артынша фин еліне басып кірген Кеңес өкіметін таразының қай жағына тартамыз? Сондайда 1939 жылы «Гитлер де, Сталин де залым. Бірі – әсіреұлтшыл-нацист, екіншісі – интернационалист болып көрінгеніне қарамастан, екеуінің саясаты мен залымдығы тең дәрежеде. Егер екеуі достасып, бірігіп әлем жұртшылығына үкім жүргізбекке ұмтылар болса, онда бүкіл дүние жүзін қан қақсатады», – деген Мұстафа Шоқайдың пікірі еске түседі. Түркістанның тәуелсіздігі жолында құрбан болған есіл ер «Прометей» журналының 1940 жылы сәуірде шыққан соңғы санында «оба мен холера» арасында таңдау жасамауға шақырды. Өйткені ол ұлт шындығын жоққа шығаратын бұл екі өктем жүйені адамзатқа төнген ортақ алапат індет, орасан зор қауіп һәм зұлымдық ошағы деп есептеді.

Әлбетте Мұстафа Шоқай туралы сөз болғанда, «Түркістан легионы» тақырыбы да көтерілмей қалмайды. Өйткені бұл тақырып – күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің бірі. Халық арасында әлі күнге оны Шоқай құрды деген жаңсақ түсінік жалғасып келеді. Ал шын мәнінде Ганновер, Сувалки, Просткен, Ченстохав сияқты фашистік лагерьлерді аралап, қар мен жаңбырдың астында ауыр азаптан, ауру мен аштықтан қынадай қырылып жатқан отандастарын көрген Шоқай оларды аман алып қалуға ұмтылған еді. Ақыры фашистік билікке «Сіздер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз деп санайсыздар. Егер мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенім болса, онда сіздерге де тұтқындардың шеккен азабын көруді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүре отырып ХIII ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екендеріңізді айтуға тіпті де хақыларыңыз жоқ», деп хат жазған ол «легион» құруға қарсы шықты. Соның әсері болар, көп ұзамай жұмбақ жағдайда көз жұмды. Ал «Түркістан легионы» Мұстафа Шоқайдың өлімінен кейін ғана құрылды.

Қан майданда қапияда тұтқынға түсіп, «Түркістан легионында» болғандардың қай-қайсының тағдыры адамды бей-жай қалдырмайды. Солардың бірі – Хамза Абдуллин. «Социалистік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі болған, Мағжанды өзіне ұстаз тұтқан, Алаштың ақиық ақынына еліктеп жыр жазған Х.Абдуллин соғыс басталғанда 380-полктің штабында қызмет атқарған екен. 1941 жылы қыркүйекте маршал Буденный басқаратын Оңтүстік майданның армиялары масқара болып талқандалғанда қоршауда қалып, бірнеше ай орманда қаңғырып жүріп, ақыры қолға түседі. Концлагерьде адам төзгісіз азапты бастан өткеріп, амалсыз «легион» қызметіне жегіледі. Онда Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалдин, Хакім Тыныбеков, Әйткеш Толғанбаев сынды көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен бірлесіп қазаққа қызмет етуге қайрат қылады, Мұса Жәлилмен танысады. Партизандар жағына шығуға әрекет етіп, қашпақ болғанда қолға түсіп, ату жазасына кесіледі. Одан аман қалып, Берлиндегі абақтыға жабылады. Соғыс аяқталғанда кеңес әскерлері тұтқындап, 1947 жылы 10 жылға сотталады. Соның 8 жылын өтеп, 1954 жылы абақтыдан босаған Абдуллин қалған ғұмырын Мағжанды ақтауға арнады.

Тәңірі тілеуді берді, тәуелсіздікпен бірге Алаш та, Мағжан да ақталды. Алайда Хамза Абдуллин өзін ресми ақтауды сұрап, арнаулы органдарға қанша арызданса да, арманына жете алмады. Сол сияқты ақталмай кеткен, ұрпақтары «сатқынның тұқымы» таңбасынан құтыла алмай жүргендер қаншама? Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» бұл мәселеге байыппен қарап, «түркістандықтарды» толық ақтайды деп сенеміз. Бұл әділетті қадамның бүгінде түгел түркінің төріне айналып, түрлене түскен Түркістан мұратымен де үндесері анық.