• RUB:
    5.01
  • USD:
    488.11
  • EUR:
    530.09
Басты сайтқа өту
Әлем 11 Мамыр, 2021

Еуропалық одақ пен Үндістан келісімі

754 рет
көрсетілді

Еуропалық Одақ пен Үндістан сауда келіссөздерін қайта жалғастыруға келісіп, климаттың жылынумен күресуде бірлесіп әрекет етуге уағдаласты. Бейнеконференция арқылы өткен жиынға ЕО-ға мүше 27 елдің басшылары мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қатысты.

Жалпы, бұл саммит ертерек өтуі тиіс еді. Бірақ Үндістанда коронавирустың өршуіне байланысты кейінге қалдырылып келген. Іс-шара барысында кәрі құрлықтың басшылары Үнді-Тынық мұхиты аймағына қайта көңіл бөлетіні айтылды.

«Біз сауда келісімі жөнінде келіссөздер өткізуді жалғастыруға келістік. Бұл қазіргі қиындықтарға төтеп беруге көмектеседі», делінген екіжақты мәлімдемеде. Сондай-ақ тараптар келіссөздердің жемісті болғанын, екіжақты сауда айналымындағы мәселелерді бірлесе отырып шешуге уағдаласқанын жеткізді.

Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ пен Үндістан инвестицияны қорғау бойынша және географиялық атауларға қатысты жеке келіссөздер өткізбек. Мәселен, мұның қатарында Францияның «Шампан» сусыны мен Үндістанның «Даржилинг» шайы секілді брендтік атаулар бар.

«Бұл саммит Еуропалық Одақ пен Үндістан арасындағы қарым-қатынастың ашылмаған қырын жарыққа шығаруға көмектеседі. Осы орайда, еркін сауда айналымы жөнінде келіссөздерді жалғастыруға келістік.

Сондай-ақ климаттың жылыну мәселесін де талқыладық. Үндістан парникті газдарды шығару бойынша әлемде төртінші орында тұр. Аталған елдің осы мәселеде алға қадам басқанын көрудің өзі қуанышты», деді Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен.

Еуропалық Одақ пен Үндістан арасында өткен саммиттің ерекшелігі мынада. Бұған дейін екі тараптың арасындағы келіссөздер аса сәтті болған емес. Мәселен, Үндістан мен кәрі құрлық 2013 жылы бірқатар өзекті мәселені келісе алмай, құр қол тарқаған-ды.

Оның үстіне, Еуропалық Одақ Нью-Делидің басты бәсекелесі – Қытаймен таяуда ғана инвестициялық келісім жасасты. Яғни кәрі құрлық Бейжің билігіне қырын қарап отырған жоқ. Бұл да екіжақты байланысқа сызат түсіргені анық. Естеріңізде болса, былтыр Гималай тауы маңындағы шекарада Қытай мен Үндістан сарбаздары қақтығысып, 20-ға жуық жауынгер қаза тапқан. Әлі күнге дейін екі ел арасындағы шекара дауы түбегейлі шешілген емес. Ендеше, Үндістан өз бәсекелесімен мәмілеге келуді құптамайтыны түсінікті. Бұл, біріншіден.

Екіншіден, кейінгі жылдары Қытай экономикасы күрт дамып, жетекші елге айналды. Сөйтіп, Үнді-Тынық мұхиты аймағында әжептеуір беделге ие болды. Бұл осы өңірде өз мүддесі бар Еуропалық Одаққа ұнамайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан аймақтағы тағы бір халқы көп мемлекетпен еркін сауда нарығын құру қай жағынан да тиімді.

Еркін сауда келісімінен екі жақтың да ұтатыны – басы ашық мәселе. Біріншіден, Үндістан – Еуропалық Одақтың басты сауда әріптестерінің бірі. Былтыр екіжақты сауда айналымы 94,5 миллиард долларды құрады. Кәрі құрлықтан Гималайдың етегіне апарылған тауарлардың құны 48 миллиард долларға жетсе, кері бағыттағы өнімнің бағасы 46,5 миллиард доллардан асты. Демек, Еуропалық Одақ та – Үндістанның басты сауда серіктесі.

Еуропалық Одақ экономикасының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда кәрі құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі былтыр 15 триллион долларды құрады. Бұл жалпы әлем экономикасының алтыдан бірін құрайды.

Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең үлкен экспорттаушы ретінде белгілі. Мәселен, 2019 жылы Одаққа мүше-мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауарды басқа елдерге сатқан. Өз кезегінде 1,93 триллион еуроның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық Одақтан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланыс.

Екіншіден, Еуропалық Парламентте айтылған зерттеуге сүйенсек, еркін сауда келісімі екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға ұлғайтпақ. Мұны Парламент мүшелері де мойындап отыр.

Үшіншіден, Брюссель шенеуніктері осындай қадам арқылы Қытайдан келетін арзан тауарларға тәуелділікті азайтпақ. Ал Үндістан үшін бұл келісім мол инвестиция тартуға жол ашады.

Оның үстіне, жиын барысында жаһандық жылыну мәселесі қозғалғаны бекер емес. Үндістан – климаттың өзгеруіне айтарлықтай «үлес» қосып отырған ел. Жыл сайын шамамен 3 гигатонна көмірқышқыл газ шығарады. Яғни жаһандық парникті газдарды шығарудың 7 пайызы – Үндістанға тиесілі.

Әрине, ел билігі Париж келісіміне сәйкес 2030 жылға қарай парникті газдарды шығару көлемін 33-35 пайызға дейін азайтуға уәде берді. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ еуропалық стандартқа сай технология енгізіп, саны 1,4 миллиардқа жеткен халықты асырау оңайға соқпайтыны анық.