Еңбек өнімділігі қай жерде де, қай кезде де ерекше маңызға ие. Елдің экономикалық тұрғыда шырқай жетістікке жетуі, халық әл-ауқатының жақсаруы осы еңбек өнімділігіне тікелей тәуелді. Ал еңбек өнімділігі жоғары деңгейде болу үшін нарықта еңбекке қабілетті азаматтар саны жеткілікті болуы шарт. Кәсіпорындардың адал, әділ жұмыс істеуі, мемлекеттің сондай мекемелерді бағалай білуі де ерекше маңызға ие.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжауынша, Қазақстанда 2021-2025 жылдар аралығында жалдамалы еңбекке 1 млн адамға сұраныс туады екен. Осы орайда Дүниежүзілік банк те Қазақстандағы еңбек өнімділігіне қатысты арнайы баяндама әзірлеп, мәселенің әр қырына үңіледі. Банк сарапшыларының жазуынша, 2050 жылға таман Қазақстан табысы жоғары әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін еңбек өнімділігі деңгейін арттыруы тиіс.
«Осы мақсатта қазақстандық кәсіпорындар ішкі тұтыну мен экспортқа сапалы тауарлар мен қызметтерді шығару үшін еңбек дағдыларын қаржылық және физикалық ресурстармен үйлестіру процесін жетілдіруі керек. Еңбек өнімділігінің өсуі Қазақстанның экономикалық стратегиясында, оның ішінде 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында басты орынға ие болғанына қарамастан, ел еңбек өнімділігі тұрғысынан кез келген нәтижеге қол жеткізу үшін өндіруші өнеркәсіпке басымдық береді. 2015-2018 жылдар аралығында өңдеуші өндіріс пен қызмет саласында небәрі 1,1 және 0,4 пайызды құрайтын аз ғана өндіріс өсімі байқалды. 2014 жылғы экономикалық дағдарысқа дейін елдегі еңбек өнімділігі 2,3 пайыз деңгейінде құбылып тұрды», деп жазады Дүниежүзілік банк.
Сарапшылардың айтуынша, еңбек өнімділігінің негізгі үш факторы бар.
«Біріншіден, кәсіпорынның инновациялық технологияларды енгізіп, басқару процесін жетілдіру арқылы қаншалықты өз жұмысын жаңғырта алатыны маңызды. Қызметкерлерді олардың еңбек өнімділігіне қарай жоғарылату, қайталана беретін проблемалардың шешімін табу үшін мониторинг жасау, қызметке сай емес жұмысшыларды қайта даярлау және оларды жұмыстан шығару – екінші айтқан басқару процесін жетілдіруге жатады. Екіншіден, мейлінше өнімді кәсіпорынның қажетті ресурстарды – қаржыландыру, білікті кадрлар, қажетті жер учаскесін ала білуі өнім сапасы мен оның көлемінің өсуіне ықпал етеді. Үшіншісі – тым қарапайым логика: Жұмысы өнімді емес кәсіпорындар жабылып, өнімді кәсіпорындар өсуді жалғастыруы керек. Сонда олардың адамдық және қаржылық ресурстарын басқа кәсіпорында өнімді пайдалану мүмкін болады. Қазақстанның еңбек өнімділігіне талдау жасай келе соңғы онжылдықта аталған үш аспекті бойынша да жағдайдың мәз емес екенін бағамдауға болады», делінеді зерттеуде.
Дүниежүзілік банк сарапшысы Қазақстанда банктердің кәсіпорындарға несие бермейтінін, сол себепті елеулі түрде экономикалық өсімді тежеп отырғанын жазады.
«Қазақстандағы кәсіпорындар қаржы жетіспеушілігін сезініп отыр. Несиелеудің қолданыстағы шағын көлемі барған сайын ақталмайтын кәсіпорындарға бағытталуда, осылайша еңбек өнімділігі төмендейді. Мемлекеттік несиелеу бағдарламалары банктердің өнімді жобалар іздеуін ынталандырмайды, керісінше тиімсіз «зомби-кәсіпорындардың» ілініп-салынып жұмыс істей беруіне себеп болуда. 2018 жылдың соңында әрбір сегізінші корпоративтік займ мемлекеттік бағдарлама аясында берілген, ал әрбір бесінші корпоративті қарыз алушы субсидияға ие болған» деп жазады банк.
Қысқасы, мемлекеттік бағдарламалар заманға бейімделгіш, цифрлы, экологиялық, экономикалық тұрғыда берік кәсіпорындар мүддесіне жұмыс істемей жағдай оңалмайды. Ал осындай мешел халде экономикалық өсім жасау үшін не істеу керек? Сарапшылардың жазуынша, алдымен мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларын реформалау қажет.
«Өнімділікті жақсарту үшін Қазақстан бірқатар салада реформа жүргізіп, айқын емес инвестициялық ережелер, инвесторлардың жеткіліксіз қорғалуы және ауыр салық салу ережелері сияқты іскерлік ортадағы кедергілерді жоюы керек. Кәсіпорынның экономикалық әлеуетін арттыру жолында мемлекет түрлі мәселелер бойынша консультациялық қолдау жасауы керек. Қазіргі уақыт – Қазақстандағы кәсіпорындарды қолдап, банк операциялары мен стратегияларына нақты өзгерістер жасайтын кезең. Бұл өзгеріс – елдің дағдарыстан соң жедел қалпына келіп, экономикалық серпіліс жасауына ықпал етеді», делінеді Дүниежүзілік банк мәлімдемесінде.