Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин 2021 жылдың 4 айының қорытындысында Қазақстан экономикасы өсу жолына түскенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы өсу жолына түсті. Қабылданған шаралардың арқасында экономиканың, оның ішінде, қызметтер мен тауарлар өндірісінде өсудің оң қарқыны қамтамасыз етілді. Осы жылғы қаңтар-сәуірдегі ұлттық өндірістің өсу қарқыны 0,7 пайызды құрады. Экономиканың қалпына келу серпіні өндірістің барлық салаларында байқалды. Жалпы ішкі өнімнің өсуіне шикізаттық емес сектор ең үлкен үлес қосты. Биылғы жылғы 4 айдың нәтижесі бойынша өңдеу өнеркәсібінде өсу 7,7 пайызды құрады. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең жоғары өсім қарқыны», деді Үкімет басшысы.
Асқар Мамин сондай-ақ машина жасауда 20,6 пайыз, оның ішінде автомобиль жасауда 25,4, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 49,7, электр құралдарының өндірісінде 10,2, компьютерлер, электронды және оптикалық құралдар өндірісінде 52,3 пайыз денгейінде жоғары өсу қарқыны байқалғанын айтты.
Сондай-ақ өңдеу секторында химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде киім өндірісі; металлургия, оның ішінде түсті және қара металлургия; тамақ өнімдері, фармацевтика және мұнай өңдеу сияқты салалар жоғары серпін көрсетті.
Құрылыс секторында құрылыс материалдарының өндірісін 26,5, құрылысты 12,5 және тұрғын үйді пайдалануға беруді 13,3 пайыз немесе 3,5 млн шаршы метрді қоса алғанда, өсудің жоғары қарқыны қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында өсу қарқыны 3 пайызды құрады.
«Саланың тартымдылығы өсуінің арқасында негізгі капиталға салынған инвестиция – ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдерінің өндірісінде 50 пайыздан астам артты. Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, экономикада негізгі капиталға салынған инвестиция 32,3 пайызға өсті. Экономика өсімінің аса маңызды факторларының бірі – қызмет көрсету секторындағы оң динамика болды. Сауда, байланыс, жылжымайтын мүлікпен операциялар, қаржы және сақтандыру қызметі сияқты көрсетілетін қызметтер салаларында оң өсу қарқыны байқалады», деді Асқар Мамин.