Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң екінші күні қайтыс болған алматылық медқызметкердің өліміне қатысты мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесіп эпидемиологиялық тергеу жүргізді.
«Тергеу барысында пациент Ресейде әзірленген және Қарағандыда өндірілген «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін салдырғаны анықталды. Әйелде жүрек-қантамыр жүйесінің созылмалы ауруы болған, ол тіркелген жері бойынша диспансерлік есепте тұрған», деп хабарлады комитет өкілдері.
Өлім себебін анықтау үшін Алматы және Алматы облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттері пациент жүгінген медициналық ұйымдарды жоспардан тыс тексеріп шықты. Вакцинаның осы партиясын салдырған басқа пациенттердің жағдайы нашарламағаны белгілі болды.Айта кетейік, Алматыда дәрігер вакцинациядан екі күн өткен соң үйінде құлап, қайтыс болған еді.