Қазақстан халықаралық авиарейстер санын арттырды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 6 мамырдағы шешіміне сәйкес, Черногория, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Қырғызстан, Өзбекстан және Нидерланды бағыттары бойынша тұрақты халықаралық әуе рейстерін келесі бағыттар бойынша ашуға және ұлғайтуға рұқсат етілді.
Черногория
2021 жылғы 15 мамырдан бастап Қазақстан тарапы үшін аптасына 5 рейспен Алматы – Подгорица – Алматы, сондай-ақ Қазақстан тарапы үшін аптасына 3 рейспен Нұр-Сұлтан – Подгорица – Нұр-Сұлтан бағыттары бойынша жолаушылар рейстері ашылады.
БАӘ
2021 жылғы 10 мамырдан бастап Алматы – Дубай – Алматы бағытында тұрақты рейстер санын әр тарап үшін аптасына 5-тен 7 рейске дейін және Нұр-Сұлтан - Дубай - Нұр-Сұлтан бағытында әр тарап үшін аптасына 3-тен 5 рейске дейін ұлғайтылады.
Қырғызстан
2021 жылғы 15 мамырдан бастап Қазақстан тарапы үшін аптасына 7 рейспен Алматы – Тамшы – Алматы бағытында жолаушылар рейстері ашылады.
Өзбекстан
2021 жылғы 15 мамырдан бастап әр тарап үшін аптасына 2 рейспен Алматы - Самарқан - Алматы бағытында жолаушылар рейстері ашылады.
Сондай-ақ, 2021 жылғы 20 мамырдан бастап «Эйр Астана» АҚ-ның Атырау – Франкфурт – Атырау бағытындағы рейстерін кезең-кезеңмен Атырау - Амстердам - Атырау бағытындағы рейстерге ауыстыруына рұқсат етілді.
Басында 1 рейспен, әрі қарай Нидерланд тарапынан шектеулердің алынып тасталуына қарай 2 рейске дейін арттыру көзделеді. Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.