• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Мамыр, 2021

Қос өзеннің жағдайына алаңдаулы

312 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы Nur Otan партиясы фракциясының 24 мүшесі Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Премьер-Министр Асқар Маминге хат жолдап, өңірдегі су тапшылығына алаңдаушылық білдірді.

Облыстық мәслихат депутаттары өңір­дегі Бөкей Ордасы, Жәнібек, Қазталов, Жа­ңа­қала аудан­дарының жергілікті тұр­ғындарымен кездескен кезде ауыл тұр­ғындары Қараөзен және Сары­өзен мәселесін үнемі көтереді. Халық­тың айтуынша, соңғы жылдары осы өзен­дерге Ресей аумағынан келетін су күрт тө­мен­деп кеткен, тіпті соңғы 3 жылда су мүл­дем келмеген.

Өзендердегі су деңгейінің төмендеуі аудан тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысуына кедергі келтіріп отыр. Былтыр Жаңақала шаруалары мал суатынан ерекше тапшылық көрді. Бұлай бола берсе, мал басы қырылып қалуы мүмкін деген қауіп күн тәртібінен соңғы кездері түспей тұр.

Қараөзен мен Сарыөзенге су Ресей Фе­дерациясының Саратов, Волгоград облыста­рынан келеді. Кеңес Одағы кезінде қос өзен­ге Еділден су тартылып, арнасы толатын. Еділ суын алуға байланысты шығындарды Қа­зақ­стан Ресейге республикалық бюджет есебінен өтейтін. Кейінгі жылдары келетін судың мөлшері азайды. Нәтижесінде, соңғы жылдары құрғақшылық, суға деген тәуел­ділік күшейіп кетті. Себебі Қазақстан тарапы қа­жетті деңгейдегі суды ала алмай отыр.

Бүгінде Қазақстаннан бөлінген қаражат Саратов каналы арқылы 54 млн текше метр, Волгоград облысынан Палласов жүйесі арқылы 21 млн текше метр су алуға жетеді. Ал қосым­ша қажеттілік 131 млн текше метрді құрай­ды. Ақысы төленсе, Ресей жағы бізге су бе­руге дайын. Тек сол суды жеткізу үшін кете­тін шығындарды өтеуге қаражат мәселесі ше­шілмей отыр.

Соңғы жылдары Қараөзен мен Сары­өзеннің айдындары тартылып, айнала­сындағы шағын көлдердің де жойылуына себеп болып тұр. Қазір өзен бойында орналасқан кішігірім су қоймаларының барлығы да бос тұр деуге болады. Ол өз кезегінде сулардың таяздануына, минералдануына, ластануына, және балық пен малдың қырылуына әкеліп соғуда.

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі 2021 жылғы 2 сәуірде жол­да­ған хатына қарағанда бұл мәселе оңы­нан шешілетін сыңайлы. Батыс Қазақстан облысындағы су шаруашылығын жақсарту мақсатында Қараөзен мен Сарыөзенге 132,9 млн текше метр Еділ суын алу үшін 2021 жылға арналған республикалық бюджеттің кіші бағдарламасы бойынша 3,5 млрд теңге қаражат бөлу туралы Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданғаны белгілі болды. Бұл мәселе бюджетті нақтылау шең­берінде пысықталатын болып шешім қабылданған.

«Қараөзен мен Сарыөзенге су алу мәселесін Nur Otan партиясы Батыс Қазақ­стан облыстық филиалы жіті бақылап отыр» деп хабарлады бізге филиалдың баспасөз хатшысы.

Батыс Қазақстан облысы