• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Мамыр, 2021

Хантәңірден қанат қаққан қайраткер

557 рет
көрсетілді

Отыз екінші қара сөзінде: «...ғылымды, ақылды, сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», деп Абай айтпақшы, ақыл сауытын серік етіп, сенім деген бағдарға қатал қадам басқан, адамдық қалыбынан танбаған бір адам болса, ол – профессор Әділ Ахметов аға болуы керек.

Иә, Хантәңірдің баурайын қоныс еткен қалың жұрттан тәрбие тағылымын, рухани қуат, тіл нәрін, сөз асылын бойына дарытқан Әділ аға – соғыстан кейінгі сұрқай тірлікте шыңдалып, шымырланған өрен жас орта мектепті бітірген соң, өршіл арманның желкенін керіп, жоғары білімге қол жеткізу үшін Алматыны бетке алады. Бұрынғы ҚазПИ-дің шет тілдері факультетіне оқуға түсіп, үздік  бітіреді. Даладан қа­лаға келгенде ағылшын тілін былай қойғанда, орыс тіліне шорқақ жастың алғырлығы ұстаздарын көптен баурап жүретін. Топ жарған түлекті оқу орнының басшылары қолдан шығармай, оқытушылық қызметке қалдырады. Осы тұста факультет Алматы шет тілдері инс­титуты болып, шаңырақ көтерген еді. Ол кезде тіл мамандары аз болатын.  Мұндай құрметке жары Дариға тәтеміз де ие болады. Тел торыдай қатарлас жүріп, екеуі де ғылым әлеміне құлаш ұрады, 1963 жылдан 1998 жылға дейін ара­лықта сол білім ордасында қызмет етеді.

Ұлт ұрпағының келешегі қайтсе кемел болады деп атқарған ісі, үстемдіктен арыла алмаған империяның өмірін ұзартуға емес, көрінде тұншықтырудың басы болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде теріске шығарылып, жала жабылды. Азуы алты қарыс партия шоқпары «Правда», халықтың емес, биліктің тілеуін тілейтін «Известия» басылымдары, өзге де бұқаралық ақ­парат құралдары қазақ зиялылары шыр­­мауықтай шырмалып қалған деген дақпыртпен қаралап бақты. Сонда Әділ Құрманжанұлы тайсалмай тұрып партия «жоқшысы» бола қалған Комаров деген қатар жүрген «әріптесіне»: «Сабаңызға түсіңіз, Дмитрий Васильевич... Біз өзіңізбен бір үйде көрші тұрамыз ғой. Сіздің өз ұлыңыз да әлгі студенттермен жасты емес пе? Сонда қалай, бұл оқиғаны ұлыңыздың замандастары ұйымдастырды дегенге шынымен-ақ сенесіз бе?» деп кінәсіз жастардың оқуын үзбей жалғауын талап етті. Бі­рақ сенгені барлар өлермендікке салы­нып бақты. Қала басшысы (шулы Шулико), оқу мен тәрбие ісіне жауапты басшы екенін қадап айтып, «Жолдас Ахметов... Қазақстан көпұлтты емес пе? Неге сту­денттердің  75 пайызы – қазақ?» дейді. Іркіл­мей тұрып сұраққа дәйек келтіреді. Оған бюро арқылы «бұйралап», тәубеге кел­тіруді ойластырғандар, амалсыз рай­ларынан қайтып, Ахметовті партиядан шығарып, жұмыстан қуу «жазасын»  пар­тияда қалдырып, сөгіс берумен шек­теледі. Тоталитарлық жүйенің ұрда-жық саясатына осылай төтеп бергені бар.

Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ел азаматтары шегесі босап, сы­қыр­лай бастаған Мәскеудің жетегінде жүре бермей, өркениетті елдермен қа­рым-қатынасты дамытуға бет бұрғаны бел­гілі. Соның дәлеліндей, Алматы мен АҚШ-тың Аризона штатындағы Тусон бауырлас қалалар атанып, онда арнайы өкілдік ашылады. Уәкілдік қызмет Әділ Құрманжанұлына жүктеліп, Тусон қа­ласында тұруға мүмкіндік беріледі. Бауыр­лас қалаға барыс-келіс тек Алматы қаласымен шектелмей, еліміздің өзге өңір­лерінің азаматтарына да жағдай жасалады. Ұтқыр ұйымдастырудың нәти­жесінде барып-келіп жатқандардың саны артады. Солардың бірі – ұлт педа­гогикасының айтулы өкілі, КСРО Мем­лекеттік сыйлығының иегері Қанипа Бітібаева Тусон қаласына барғанында ондағы өз әріптестерімен пікір алмасып, әңгімелері жарасқанын еске алып: «Оның басында инабатты азамат Әділ Құрманжанұлы тұрды. Мен сол жолы Тусон қаласының құрметті азаматы атандым», дейтін мақтанышпен. Сол қатарда Тусон қаласының құрметті азаматы атанған Әділ аға мен Дариға тәтеміздің бұл сапары тәуелсіздік алғаннан кейін  төрткүл дүниені шарлап, мемлекеттер ара­сындағы дәнекерлік қызметті ат­қару­ға негіз болған баянды қадам еді.

Әділ аға 1992 жылы  өзі қанат қағып, қатарға қосылған институтқа ректор болып тағайындалды. Бұл Отанымыздың  іргесін сан салада бекіту ізденістері сараланып жатқан кезең еді. Мемлекет болған соң өзге елдермен қарым-қатынасты ны­ғайту, дипломатиялық қызметті жетілдіру, оны мінсіз атқаратын білікті кадр­лар даярлау міндеті тұрды. Әділ Құрманжанұлы мұны тереңнен ойлас­тырып, институтты уақыт талабын ес­керіп, халықаралық университет ретінде қай­та құру жұмысына кірісті. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың тікелей қол­дауымен Абылай хан атындағы Қазақ халық­аралық қатынастар және әлем тіл­дері университетінің қалып­та­суына ұйытқы болды. Бұрыннан бар маман­дықтарға қоса, түрік, парсы, поляк, араб және басқа тілдер бойынша арнайы бөлімдер ашылды. Білім ордасының ғимараты да кеңейтіле бастады. 

Жалпы, Елбасының тапсырмасымен Қазақстан елшіліктеріне қажет кадрларды даярлау ісінің негізін Әділ Ах­метов қалады десек, қателеспеспіз. Кейін бұл абыройлы жұмысты Қазақ-Британ техникалық университетінде жалғастырды.

Таяуда біз Сыртқы істер министрінің орынбасары болған Марғұлан Баймұхан­мен сөйлескенімізде ол: «Әділ Құрман­жан­ұлы біздің студент кезімізде «сендер тәуелсіз еліміздің болашақ елшісі бола­сыңдар, мемлекеттің беделін көте­ретіндер – елші мен елшілік қызмет­керлері. Сендерге жүктелер сенім өл­шеусіз» дегені есімде. Өз басым Қа­зақ­станның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі болғанымда ұста­зымыздың сол сөзін бір сәт те естен шығарған емеспін», деген еді. Сол азамат жақында Қазақстанның Бельгия Ко­рольдігіндегі Төтенше және өкілетті ел­шісі лауазымына, Еуропа одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты Ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің Басшысы лауазымына тағайындалды. Әділ ағаның Марғұлан сынды лайықты ізбасарлары жүздеп саналады. Бұл ұстаз үмітінің ақ­тал­ғандығының айғағы.

Біздің кейіпкеріміз түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдерді докторлық зерттеуге арқау етіп алды. Осы та­қы­рыпта Ұлттық ғылым академиясын­да диссертация қорғады. Қазақ тіл ғы­лы­мының білгірі, академик Әбдуәли Қай­даров көмескіленіп бара жатқан ұлт­тық ұғымдарды жаңғыртқан ғылыми жұ­мысты ерекше бағалады.

Білім және ғылым министрлігі Білім беру комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғанда Әділ Құрманжанұлы отандық білімді  тәуелсіз елдің талабына сай етіп ұйымдастыруды, әлемдік білім кеңістігіне шығуға талпынғанда ұлттық менталитетті естен шығармауды мақсат етті. Әр елдің өзіндік білім жүйе­сі қашанда нәтижелі болатынын әріптес­терімен бірге жұмыла ойластырып, жоғары білімді дамытудың стратегия­сын жасаған еді. Осы туралы арнайы кі­тап та шығарды. 

Арада екі жыл өткенде Елбасы  Әділ Ахметовті Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметінде ол өзі білім беріп, тәр­бие үйреткен ондаған ізбасарын дип­ломатиялық жұмысқа тартып, балапандай баулығанынан хабардармыз. Сол кез­де өзіне ағылшын тілінің пайдасы ерек­ше тигені де сөзсіз. Әлемдік сыртқы саясаттың қыры мен сырын тануға да мол мүмкіндік туды. Ол дүниежүзілік дең­гейдегі қайраткерлердің сүбелі ең­бектерін оқи отырып, ой қорытып, сол арқылы отандық дипломатияға септігін тигізуді азаматтық борышым деп білді.

Ал Әділ Ахметовтің  Қазақ елінің Ұлыбритания Корольдігі мен Солтүстік Ирландия Құрама корольдігіндегі, Нор­вегия, Швеция корольдіктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне жібе­рілуі – тәжірибесі толысқан аза­матқа жүктелген зор сенім еді. Ол Ұлы­британия Патшайымына Сенім грамо­тасын тапсыру кезіндегі мына бір тағы­лымды әр кез үлгі ретінде айтып отыратыны бар. Ежелден қалыптасқан, қанша дәуір алмасса да Сенім грамотасын тапсыру үшін Салтанат сарайына елшінің күймемен бару үрдісі еш бұзылмаған. Ата салтынан, ұлттың қалыбынан, ежелден орныққан мемлекеттік дәстүрден ауыт­қымау көрінісі — кімді де болса сүйіндірмей қоймайды. Сенім грамотасын тапсыру рәсімінде Қазақ елі елшісінің де, зайыбының да ағылшын тілінде сауатты сөйлегенін аңғарған Елизавета II ағынан жарылып, ризалығын білдіріпті. Бұл да абырой екені сөзсіз.

Тұңғыш Президентіміздің  Ұлыбри­танияға сапары кезінде жоғары білім беру ісі талқыланып, екі ел басшылары алдын ала жүргізілген жұмыстардың қо­рытындысына сай, Қазақ елінде Қазақ-Британ техникалық университетін ашуға уағдаласқан еді. Көп кешікпей бұл жо­ғары оқу орны Алматыдағы бұрынғы Пар­ламент үйінің еңселі ғимаратында 2001 жылы шаңырақ көтерді. Өзі ұйытқы болған игілікті жұмысты үйлес­тіріп, діттеген межеге жеткізу үшін тұңғыш рект­орлық қызметке Әділ Құрман­жан­ұлы тағайындалды. 

Техникалық университеттің бас­ты бағыты – елдің ертеңі саналатын дарынды жастарға уақыт талабына жауап беретін техникалық, нақтылай түс­сек, энергетика, мұнай-газ, тау-кен, халық­аралық қаржы мен экономика, тағы бас­қа мамандықтарды ағылшын тілімен бірге меңгерту еді. Оның оң нәтижесін осы күндері көріп-біліп отырмыз. Үлкен мақсат жолында құрылған білім ордасынан жиырма жыл ішінде жүздеген емес, мыңдаған маман даярланып, қазір отандық өндірісте қызмет етіп жүр. Шынында, бұл – ел тәуелсіздігінің жемісі.

Әділ Құрманжанұлы – өз халқын та­нытумен бірге, барған елінің бүкіл болмысына, тарихына зейін салуды маңызды мақсат деп білетін азамат.  Мә­селен,  «жаңа дүние» һәм «Америка» ат­ты құрлық туралы небір қайшы пі­кір­лерге ден қойып, ақиқатты айта ал­ған ғалымдардың тұжырымдарын та­ра­зылап, мұхиттың арғы бетіндегі америкалық «үндістердің» тек тамырына үңіліп қана қоймай, олардың  шыққан жерін анықтауға күш салды. Колумб пен Америго Веспучи туралы зерттеулерді сүз­гіден өткізіп, түйінінде «Америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» атты іргелі монографиясын жариялады.  Түйінінде «...айтылғандарды қорыта келе, алғашқы америкалықтардың арғы тегі ғана емес, сонымен қатар олардың ғасырлар бойы тұрғызып келген қорғандарының сыры да Азиямен, Еуразиямен, Орта Азиямен де тікелей сабақтасып жатыр деген батыл тұжырым жасауға болады», дейді. 

«Үндістердің» тотемдік наным-се­німдері, оған қатысты тыйымдары түр­кі халықтарына тән тотемдер мен тыйым­дарға қатты ұқсайтынына нақты мысалдар келтіреді. «Бұл мәселеге ғылымның қай тұрғысынан келсек те, америкалық қорғандардың төркінін ең әуелі Азиядан іздеуге бағыт сілтейді. Себебі Азия, оның ішінде Алтай – байырғы замандар­да Америкаға Берингия жермойнағы арқылы қоныс аударған алғашқы аме­рикалықтардың («үндістердің») тарихи отаны» дейді ғалым. 

Әділ аға Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйы­мына (ЕҚЫҰ) төрағалық еткен тұста өзін әлемдік деңгейдегі қайраткер ре­тінде көрсетті. Парасатты азамат, білім­дар оқымысты саясат шеңберіндегі күр­делі мәселелерді шешуде зор беделге ие болды. Тіл білуінің арқасында Астана сам­митін өткізу аясында көптеген мем­лекеттегі алқалы жиындарға іркіл­мей қатысып, нелер қиын түйіндерді бүк­песіз талқыға ұсынды.  ЕҚЫҰ Пар­ламенттік Ассамблеясының мүшесі, ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсітумен күрес жөніндегі жеке уәкілі ретінде небір тартысты талқылауларда  ойын ашық айтып, қай жұрттың да мүддесі ескерусіз қалмай, әділ шешілуі керектігін алға тартып отырды. «Бұл – Еуропа төрінің жауапкершілігі» деді.

Көрнекті ғалым, өресі биік интеллигент, ұлттық мәдениет мәйегін көкейіне қон­дыра алған, сабырды серік етіп, ақыл­ды айбын санаған  Әділ ағаның сөз қадірін білген қаламгерлігі де үлгі болар­лық. Төрткүл дүниеге танымал тар­ландардың еңбектері туралы қазақ тілінде майдан қыл суырғандай етіп, мөлдіретіп мақалалар жазу кез келген ғалымның, не саясат саласында жүр­ген адамның қолынан келе бермейді. Соның бір дәлелі –  2019 жылы оқырман қолына тиген «Ғасыр ғибраты» кітабы. Автор­дың айтуынша, бұл танымдық әрі ғылыми-публицистикалық моно­графия. Жаһандық ақтаңдақтар, мұсылман  әле­мі, оған қатысты он беске тарта ғы­лыми-сараптама мақалалар, қазақ зия­лы­лары, қаламгерлері туралы, басқа да тақырыптарды қамтыған дүниелер оқы­лымды. Бір дәйекке зейін салсақ, АҚШ-тың мемлекеттік қайраткері Г.Киссинджердің жазған еңбектеріне («Дипломатия», «Әлемдік тәртіп», «Қытай туралы», «Америкаға сыртқы саясат қажет пе?») тереңдеп барып, тағылым алар тұсты, үйренер үрдісті қысқа да нұсқа алға тартады.  Г. Киссинд­жер Қытайдың «Сыртқа қаш­қандардың соңынан қума, өз бетімен келіп қосылам дегендердің бетінен қақпа», деген қа­ғи­дасының астарына үңілтті. Қытай өркениеті ұлы ойшыл Конфуцийдің фи­лософиясы мен рухани мұраларынан нәр алып отырғанын да, ілгері басу барысында да оны  дәйім басшылыққа алатынан  айтыпты.

Ал британдық кәсіби журналист әрі гео­саясаткер Пол Мейсонның әлемнің көптеген елінде жарық көрген «Пост­капитализм» кітабындағы байламдар­ды, капиталистік жүйенің бірден бай­қала қоймайтын кемшіліктері мен кө­лең­келі көріністері, бірде құлдырап, үнемі құбылып отыратыны туралы айт­қандарын алға тартады. Ол сол жүйеде өмір сүріп жатқан адамзат қа­уым­­дастығының болмысы да өзгере бе­рет­інін атапты. Сол секілді сұңғыла сая­саткер  технологиялардың өрістеу динамикасы кәсіби еңбек адамына деген сұранысты құлдыратып, жұмыс пен бос уақыттың шекарасын мүлде жойып жібергенімен қоймай, жұмыс пен еңбекақының байланысын тым әлсірететінін, ақпараттандыру мен роботтандыру миллиондаған жұмысшыны күнкөріс көзінен мүлде айырып тастау қауіпін күшейткенін,  бағаны қалып­тастыру мүмкіндігін мүлде азайтқанын, бүгінгі капиталистік қоғамның дағ­дарыс­тан шығу жолы әлі айқындала қоймағанын да атап өткен. Болашақта қазақ журналистері арасынан да осындай мықты шығатынына сенім білдіреді.

Автор өз кітабын қалың оқырманға арнай отырып, саясаткерлер мен жур­налистердің мұндай құндылықтары та­ғылым алу үшін отандастарымызға қажет екенін, әсіресе шетел тілдерін білетін азаматтарымыз да қоғам  дамуын зерделеуі қажеттігін алға тартып, ақ-қараны анық айтатын қазақ саяси қайраткерлерін қалыптасу керектігін меңзейді. Ал өзі талдаған мақала иелері де көктен түспегенін, біртіндеп жетілген қайраткерлер екенін назарға салады. Күні ертең Г.Киссинджер, З.Бзежинский, А.Гор, Ли Куан Ю, тағы басқалардай қас­қайып тұратын қазақ жастарының қалыптасатынына Абай айтқан алдыңғы толқын аға ретінде үміт артады.

Көркем ойды көркем тілмен кестелеу­ге қабілетті қаламгер өз «олқылығын» аудармамен толықтырғандай. Оған детектив жанрының асқан шебері, ағыл­шын жазушысы Агата Кристидің әңгі­мелерін түпнұсқадан аударып, қазақ жұр­тына жеткізуі дер едік. Бұл кітап 2003 жылы оқырмандар сұранысына орай, «Ғайып болған миллион» деген атпен басылды.

Иә,  мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түрколог, Ресей және Қазақстан халықаралық Жоғары мектеп ғылым академияларының академигі, филология ғылымдарының докторы, қаламгер Әділ Ахметов ағамыз бүгінде санаулы ұлт зиялыларының қатарында келе жатыр. Оның ғылыми еңбектері, монографиялары, публицистикасы ұлт руханиятына қосылған үлкен олжа деп білеміз. Он беске жуық кітаптың авторы саналатын ғалымның еңбектері шет тілдерге аударылып, жоғары бағаланған. Сәтін салса, биыл профессордың 600 беттік «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты монографиясы, «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық «үндістердің» алтайлық тегі» (түрік тілінде) атты кітабы жұрт қолына тиюі тиіс. Танымал тұлғаның Түркі кеңесі жанындағы Түркі әлемі ақсақалдары кеңесінің мүшесі болуы да заңдылық. Ол туралы академик Рымғали Нұрғали: «Ә.Ахметов – тағылымы мағы­налы ғалым», деген екен. Филология ғылым­дарының докторы, профессор Бауыр­жан Омарұлы: «Ағылшын тілінде сөй­лейтін қазақтың қоғамдағы бейнесі Әділ Ахметовтей болуы керек», дейді. Ха­лықаралық Түркі академиясының пре­зиденті, тарих ғылымдарының докто­ры Дархан Қыдырәлі: «Әділ Ахме­тов –­­ әлемдік ауқымға шығып, адам­зат­тық­ ғылымға үлес қосқан еліміздегі са­нау­лы ғалымның бірі», дейді. Әлем мұсыл­мандарының мәселесіне мұ­рын­дық болып жүрген азаматтың батыл­дығы жай­лы Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері  Қуаныш Сұлтанов аға­мыз: «АҚШ-тағы мұсылмандарды кем­сіту­мен байланысты жай-күйді аталған елдің Конгресі аясында жұмыс істейтін Адам құқықтары жөніндегі Хельсинки Комиссиясы мінберінен баяндаған болатын», деп жазған еді. 

Бұл күнде қазақта Абайдан асқан дана жоқ. Қытай жұрты Конфуций мұрасымен, философиялық ой-таным­дарымен қан­шама ғасырдан бері өмір сүріп, дамып отырса, біз де Абай дана­лығын қару етсек, қапы қалмаймыз. Бұлай деуімізге себеп, оқымысты Әділ ағамыз әр кез Абай әлеміне ой жіберіп, бой түзейтін уақыт жеткенін айтудай айтып келеді. Сол дара данышпан Он тоғызыншы сөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады», депті. Осыны ойына түйіп, санасына сіңіріп, биік дәрежеге жеткен, бір өзі бір әлемге айналған Әділ Ахметов ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, тоқ­санның шыңына көз салып отыр. Бұл – Хантәңірден қанат қаққан қайраткерге   бұйыр­ған бақ.