Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері облыс аумағында карантиндік шектеу шараларын күшейту және «Ashyq» жобасын енгізу туралы жаңа қаулы шығарды. Осыған байланысты өңірде мамырдың 15-інен бастап жаңа талаптар күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жаңа қаулыда бас санитар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80%-ы, ал жеке кәсіпкерлік нысандары қызметкерлерінің кемінде 50%-ы қашықтан жұмыс істеуін ұсынған. Бірақ бұл талап халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін және эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметтерге жүрмейді.
Жиналыстар, кеңестер, семинарлар, конференциялар бұрынғыша селекторлық режимде, бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілгені жөн.
Өңірдегі кәсіпкерлік нысандары арасында «Ashyq» қосымшасын қолдану, енгізу және пайдалану бойынша түсіндіру жұмысы тұрақты жүріп жатыр. Дәл осы «Ashyq» қосымшасының көмегімен мамыр айының басынан бері 40-тан аса адамның карантин талабын бұзғаны анықталды. Covid-19 диагнозы анықталған 15 адам Орал қаласында, 2 адам Ақсай қаласында карантин талабын сақтамай, сауда үйлеріне кірмек болған. Тағы 24 адам «сары дәрежесіне» - яғни коронавирус жұқтырған науқаспен қарым-қатынаста болғанына қарамастан оқшаулану тәртібін сақтамаған.
«Вирус таратушы адамдар оқшаулану тәртібін сақтамай отыр», дейді облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев мұндай тәртіп бұзушыларға қатаң шара қолдануды тапсырды.
«Біз ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Сондықтан қауіпті вирусты одан әрі таратып, жауапсыздыққа жол беруге болмайды», деді М.Манкеев.
Қаулыда өңір тұрғындары мен меймандарға респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болса, медициналық ұйымдарға бармай, 103 нөмірі арқылы жедел медициналық көмекті шақыру, жасы 65-тен асқан адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ қажетті тауарларды сатып алғанда немесе медициналық мекемелерге барғанда болмаса, үйінен шықпауға кеңес берілген. Ал жерлеу шараларына марқұмның ең жақын отбасы мүшелері, жақын туыстарынан ең көп дегенде 20 адам ғана жиналуына рұқсат берілген. Бұқаралық, ұжымдық, отбасылық, естелік іс-шараларды жеке үйде де, арнайы орындарда да өткізуге тыйым салынған.
Дегенмен, коронавирустың таралу көрсеткіштері төмендесе, карантин талаптарын жеңілдету де көзделіп отыр. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығымен айналысатын нысандар, автожуу, автомобильдер мен тұрмыстық техниканы, киімді жөндеу шеберханалары, тігін ательелері, кір жуу, химиялық тазалау, т.б. бойынша қызметтер карантин талаптарын сақтай отырып 15 мамырдан бастап шектеусіз жұмыс істеуге көшеді. Мұндай мекемелер қатарына туристік компаниялар мен бизнес орталықтар, мұражайлар мен кітапханалар, т.б. көптеген нысандар қосылды. Эпидемиология ахуалы жақсарса, мамырдың екінші жартысынан бастап қалалар мен аудан шекараларындағы блок-бекеттер де алынып тастауы мүмкін.
Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында 20 671 адам коронавирус жұқтырған. Мамыр айының басынан бері 1331 адамнан вирус анықталды. 5-11 мамыр аралығында вирус жұқтырғандардың саны – 862 адам. Яғни осының алдындағы аптамен салыстырғанда аурудың таралуы 7,5 пайызға азайған.
Батыс Қазақстан