Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ораза айт мерекесіне орай фейсбук әлеуметтік желісінде қазақстандықтарды құттықтап, жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Баршаңызды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Бұл – адамзатты береке-бірлікке шақыратын және қайырымдылық пен қарапайымдылықты дәріптейтін қастерлі мейрам. Дәл осы күндері мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, қамқорлық таныту игі дәстүрге айналды. Мұндай ізгі амалдар елдің ынтымағын арттыра түсетіні сөзсіз. Әсіресе, қазіргідей күрделі кезеңде оның маңызы аса зор. Сондықтан айт мерекесін имандылықпен бірге адамгершіліктің де өзегі деп қабылдаймыз.
Сіздерді айтулы мейраммен құттықтай отырып, Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын деп тілеймін. Әр шаңырақ шаттыққа кенеліп, Отанымыз өркендей берсін. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік.
Айт мүбәрак болсын!», деп жазды Сенат Төрағасы.