• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 13 Мамыр, 2021

Атыраудағы «Сарайшық» базары сатылып кетті

1132 рет
көрсетілді

Атырау қаласында бес жыл бұрын ашылған «Сарайшық» коммуналдық базары 1,3 млрд теңгеге сатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы Мейіржан Мұқасов мәлім етті. Оның айтуынша, «Сарайшық» коммуналдық базары кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Идеал Маркет» ЖШС-нің сенімгерлік басқаруына беріліп отыр. Нысанның құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған.

«Сенімгерлік басқаруға беру тендер арқылы өтті. Ауданы 2,6 мың шаршы метрлік жабық базарда 288 сауда орны, сыйымдылығы 2330 тонна өнімді сақтайтын ауданы 4,4 мың шаршы метр қоймасы, 2 гектар жер учаскесі бар. Базар 2016 жылы іске қосылды. Бес жылда базардың 51,2 млн теңге кредиторлық берешегі жинақталды», дейді Мейіржан Мұқасов.

Коммуналдық базардың жаңа иесі –  «Идеал Маркет» ЖШС бес жыл ішінде кредиторлық қарызын өтеп, сауда нысанының бастапқы мақсатын өзгертпеуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақты ұстап тұру мен жұмыс орындарын сақтауды міндетіне алып отыр.