• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 13 Мамыр, 2021

Киік күйік пе?

1157 рет
көрсетілді

Қазақстанда 15 сәуір – 15 мамыр аралығында «Киік» акциясы өтіп жатыр. Іс-шараның басты мақсаты – жойылып кету қаупі бар жануарларды браконьерлерден қорғау және санағын алу. Ғылымда «мамонттардың құрдасы» саналатын, қазақ ежелден киелі деп есептейтін ақбөкен әлем бойынша жойылып бара жатқан жануар саналады.

Бүгінде дүние жүзіндегі ақбөкеннің ең көп үйірі Қазақстанда сақталған. Мамандар 2019 жылы жасалған санақ қорытындысына қарап, елдегі киік саны 334 мыңға жеткенін хабарлаған. Қазақстан киіктері әдетте Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы болып бөлінгенімен, елдегі ақбөкеннің 90 пайыздайы Батыс Қазақстан облысының оңтүстік өңірін мекендейді.

Сондықтан мыңдаған киік­тің тұяғы астында қалған Қаз­талов, Жәнібек, Бөкей ордасы және Жаңақала ауданы тұрғын­дары, дәлірек айтсақ, ауыл ша­руа­шылығымен айналысатын кәсіп­керлер соңғы 2-3 жылдан бері дабыл қағып, мал өсіруге мүмкін­дік қал­май бара жатқанына шағым­данып жүр.

Шаруалардың шағымы

Жақында Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылдық округінің Тоқсан деген мекенінде сол маңдағы 3-4 ауылдық округтің шаруа қожалық жетекшілері жиналып, көбейіп кеткен киіктен көрген құқайын жайып салды.

– Ауыл тұрғындары соңғы жыл­дары киіктің зардабын тартып отырмыз. Ең бастысы – қа­жетті мал азығын жинай алмай­мыз. Былтыр Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы алдында осы мәселені кө­тергенбіз. Киік тым көбейіп кетті, шөпті отап жатыр. Өт­кен жылы 40 пайызға дейін шөптен айырылдық. Мал жемейтін шөп қана қалады. Төл ала алмаймыз, мал семірте алмаймыз. Осы қыстан малымыз шатқаяқтап әрең шықты. Киіктің шеті мен шегі жоқ. Са­нының қанша екенін білмейміз, құпия. Киіктің көптігі сондай, мың гектарлық алқаптарға сыймай жатыр. Малмен араласып, бұзау­ды ертіп кетеді. Шекараның сымын үзіп, Ресейге де өтіп кетіп жатыр. Оларға қосылып малымыз өтіп кетіп, қайтара алмай жүреміз. Басшыларға айтсақ, «жерлеріңді электрбақташы сыммен қоршап алыңдар» дейді. Тікенек сымды үзіп кетіп жатқан киік оған тоқтай ма? – деп күйінеді Жәнібек ауданы Талов ауылдық округіне қарасты «Құбаш» шаруа қожалығының жетекшісі Елдос Қошкеев.

Осы ауылдағы «Алға» шаруа қожалығының иесі Иса Мұқатаев та мемлекет тарапынан ауыл ша­руа­шылығын қолдауға берілетін қаржы мардымсыз екенін, тым көбейіп кеткен киіктің зардабы шаруаны тұралатып отырғанын жеткізді. «Жерімізді киік құртып болды. Жалға жер алдық, салығын төлеп отырмыз. Оны киік жеп, отап кетеді. Сонда маған не пайда?! Киікті өз жеріңнен қусаң, артынан киік қорғаушылар, полиция жетіп келеді. Шаршатып болды. Жергілікті қожалықтар былтыр да ұжымдық хат жазып, астанаға жібердік, еш жауап болмады», дейді ол.

– Қазақстан кең-байтақ болса да жерден таршылық көріп жатырмыз. Қазір киікті көрсек күйінетін болдық, бізді соған жеткізді. Не нәрсе болса да шегінен асса, зиян болады ғой. Ауылдың ырыс-бере­кесі, күн көріп отырған тірлігі – мал болса, сол малды асы­рай ал­май отырмыз. Өткен жы­лы қуаңшылық болды, оның алдыңғы жылында малымызға тас кене жаудай тиді. Ол кенені киік алып келді. 2011 жылы осы аумақта 12 мың киік қырылды. Ол киік егілмейді. Қандай аурумен ауыра­тынын да білмейміз. Қазір қай шаруашылықты алсаңыз да берешегі шаш етектен. Техника аламыз деп «Қазагроға» қарызбыз. «Қаржылай қолдауға» да несие­ге кірдік. Банкрот болуымыз жақын. Осылай бола берсе, шаруа­лар бұл жерден қаша бастайтын шы­ғар. Қазір шаруашылықтар өз отбасындағы 5-6 адамды әрең асы­рап отыр. Жұмысшы алып, жа­лақы төлейтін жағдайы жоқ. Осы жанайқайымыз жоғарыға, Мем­лекет басшысына жетсе екен дейміз. Шынын айтсақ, біздің бос уақытымыз да жоқ, қазір қауырт шаруаның кезі. Басқа амалымыз қалмаған соң жиналып отырмыз. Не мал, не киік санын шектеу керек, бір амалын табу қажет. Қа­зір көп шаруашылықтың тауы қай­тып қалды. Біз киіктен қорқып егін де сала алмаймыз. Әбден ашын­дық, еңбегіміз еш болды. Би­ыл қыста Жәнібек ауданындағы же­ке малдың төрттен бірі көтерем болып өлді, – дейді Жақсыбай ауыл­дық округіндегі «Ағайын» шаруа қожалығының жетекшісі Әли Дос­қалиев.

– Қазір жылқы өліп жатыр, сойып қарасақ, өкпесі қап-қара болып кеткен. Бұл да киіктен келген ауру, бұрын мұндай болған жоқ. «Мал ашуы – жан ашуы» деген ғой. Біз қазір қатты ашынып отырмыз, – дейді әріптесін қостап Жақсыбай ауылынан «Ерана» шаруа қожалығының жетек­шісі Нәбиолла Бекетаев. – Жа­қындасаң бәле салады. Өкі­метке халық керек пе, киік керек пе? Біз үкіметтен мал сұрап отыр­ған жоқпыз, өз күні­мізді өзіміз кө­ріп жатырмыз. Бәрі­міз де несиеге байланғанбыз...

«Бұл жерде тіршілік жасаудың жолы қалмай бара жатыр. Ауру да, тас кене де осы жерге киікпен бірге келді. Қазір киік саны миллионға жетті. Ең болмаса айдап жіберуге рұқсат бермей отыр. Ендеше, біз малды қойып, киік бағайық. Сол үшін бізге жалақы берсін. Басқа жолы қалмады ғой. Осы маңдағы үш ауылдың 200-ге жуық шаруа қо­жалығы осындай күйде», дейді шаруалар.

Қазталов ауданының Қараоба ауыл­дық округіндегі «Қошпан» шаруа қожалығының жетекшісі Айдын Сүндетов өз басынан өткен бір оқиғаны айтып берді:

– Осыдан екі жыл бұрын қожа­лығымның жерінен киікті айдап жүр едім, киік қорғаушылармен сөзге келіп қалдым. «Бұл менің шабындық жерім ғой, айдап ке­тіңдерші» деймін. «Киік шөпті таңдап жейді» деп дес бермейді. Сол кездің өзінде киік саны 500 мың болды деп өздері мойындады. Бұл дегеніңіз 2 млн тұяқ қой! Қазір одан да көп. Менің ауылым Қараоба – бұрын бүкіл Қазталов ауда­нын шөппен қамтамасыз ететін шұрайлы шабындық еді. Былтыр шөп құрдым болып, мал азығын іздеп далаға қаңғып кеттік. Көрші ауданнан сатып алдық. Осы киікке ілесіп, кене келді. Өткен жылы осы киік мәселесін көтеріп, фейсбук же­лісіне көп жаздым. Мы­салы, далада өліп жатқан киік көп, оны ешкім жинамайды. Өзі­нен өзі өліп қалған. Ол неден өлді, малға зияны бар ма? Белгісіз. Заң­ның қатаңдығы сондай, киіктің өлігінен де «Бәлесінен аулақ» деп айналып қашатын болдық...

 

Мөлшерден асқанын мойындады

2020 жылы карантиндік шектеулерге байланысты ақбөкенге әуе санағы жүргізілген жоқ. 2019 жылғы санақтың нәтижесінде 334 мыңнан аса киік болғанын айттық. Осының 220 мыңдайы Орал популяциясына тиісті екен. Киіктің тез көбейетін, көбіне егізден төл­дейтін жануар екенін ескерсек, өңір­де шынымен де ақбөкен саны еселеп өскен. Киік үйірі қанша көбейсе де Батыс Қазақстанның байтақ даласына шашырамай, Еділ мен Жайық арасындағы үйренген жерінен кетпей отыр.

Жергілікті шаруашылық бас­шылары мен халықтың қай­та-қайта талап етуінен соң облыс­­тық мәслихат хатшысы Бибі­гүл Қо­ныс­баева мен бір топ депутат облыстың оңтүстік аудан­дарын­дағы киіктер санын реттеп, резерват құру мәселесін жедел шешуге ықпал ету жө­нінде Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар ми­нистрлігіне хат жолдаған болатын.

Жақында Парламент Мәжілі­сінің депутаты Мәлік Құлшар Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің батысқа­зақстандық депутаттарға жазған жауап хатын желіге жариялады.

«Облыстағы киік санын реттеп, резерват құру мәселесін жедел шешуге қатысты министрлік келесіні хабарлады. 2019 жылғы есепке алу деректері бойынша (2020 жылы эпидемиялық жағдайға байланысты санақ жүргізілген жоқ) киіктердің Орал таралымының саны 217 мың дарақты құрады, яғни облыстың сыйымдылық дең­гейінен асып отыр» делінген жауа­п хатта.

 

Министрлік не дейді?

Экология, геология және та­­би­ғи ресурстар министрінің орынбасары С.Қожаниязов қол қой­ған жауап хатта шаруалар ша­ғымын шешудің бір жолы ре­тінде «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен Ащыөзек мемле­кеттік табиғи қаумалын құру мәсе­лесі айтылған екен.

«...Орал таралымының саны 217 мыңға жетіп, облыстың сы­йым­дылық деңгейінен асып тұр, бірақ Бетпақдала мен Үстірт таралымы киіктерінің саны төмен. Осыған байланысты биологиялық негіздеме және экологиялық сараптама қорытындысы бойынша 2022 жылы киіктерді пайдалануға тыйым салу мерзімі аяқталған соң Орал таралымы киіктерінің санын реттеу жөнінде мәселе қойылып отыр» делінген хатта.

Вице-министрдің айтуын­ша, киік санын реттеуге дайын­дық – ұзақ процесс, өйткені Қазақ­стан 2006 жылғы киіктерді сақ­тау, қалпына келтіру және ор­нықты пайдалану мәселелері жө­­ніндегі өзара түсіністік туралы Меморандум мен 1973 жылғы 3 наурыздағы «құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы Конвенция» (СИТЕС) сияқты халықаралық уағда­лас­тыққа қол қойған. Осыған байла­нысты киіктің «жойылып бара жат­қан жануар» деген мәртебесін «коммерциялық пайдалануға жататын жануар» түріне ауыстыру мәселесі пысықталып жатыр екен.

Бұл үшін әуелі еліміздегі киік­тің нақты санын анықтау мақ­сатында авиасанақ жүргізіледі. Одан кейін инфрақұрылымның, пайдалы қазбалар мен кен орын­дарының, суаттардың, ауыл ша­руашылығы жануарларының және басқа да антропогендік фак­­тор­лардың дамуы ескеріліп, ақбө­кенге қолайлы мекендер аума­ғы анықталады. Еліміздегі киік по­пуляциясы дамуын модель­деу ғылыми негізде жүзеге аспақ. Сөй­тіп әр аймақтағы киіктің ең аз және ең көп мөлшері белгіленіп, оны пайдаланудың жылдық лимиттері мен нормасы есептеледі.

«Екінші жартыжылдықта құ­рып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен ха­лық­аралық сауда туралы Кон­вен­­цияның комиссариатына киік пен оның дериватының экспорты еліміздегі киіктің тіршілік етуіне нұқсан келтірмейтіні және оны енгізуге дайын екендігі туралы ғылыми негіздеме дайындау бел­гіленген», дейді вице-министр.

Жоғарыда батысқазақстандық шаруалар көтерген мал жайы­лымының тапшылығы және киік­тен таралған ауруларға қатысты жағдай облыста өршіп тұрғанын айтқан мәселені оң шешу үшін төмендегі шаралар атқарылып жатқанын айтқан:

Яғни киіктің Орал популя­циясының мекендеу орнын сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек табиғи қаумалын құру жөнінде бірқатар іс-шара басталған.

2013 жылы жалпы ауданы 343 040,1 га резерват және жалпы ауда­ны 314 504 га қаумал құру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Техникалық-экономикалық негіздемеге 2013 жылғы мемле­кеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы алынды. «Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық ма­ңызы бар Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын және Бөкейорда мем­лекеттік табиғи резерваты рес­­публикалық мемлекеттік меке­месін құру туралы» Қазақ­стан Рес­­публикасы Үкіметі қаулы­сы­ның жобасы әзірленді. Бұл жо­баға «Атамекен» ҰКП мен ми­нис­трліктің Қоғамдық кеңесі қо­рытынды беріп, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық экономика ми­нис­трлігі және Батыс Қазақстан облыс­тық әкімдігінің келісімі алынған. Резерват пен қаумалдағы штат санын 78 бірлікке ұлғайту мәселесі бойынша Президент Әкім­шілігінің келісімі алынған.

«Қазіргі кезде резерват пен қаумал құру үшін 2021 жыл­ға ар­налған бюджеттік өтінім қа­лып­­тас­тырылады, резерват пен қаумалдың штат саны Мемле­кет бас­шысымен келісілген соң Респуб­ликалық бюджет комис­сиясының қарауына енгізілетін болады», дейді вице-министр С.Қожаниязов.

Батысқазақстандық шаруалар­дың шағымына Парламент депутаттары, салалық министрлік назар аударып, осындай шаралар жоспарлап отырғанынан үміттеніп қалдық. Ен даланың еркін аңы белгіленген резерват пен қаумал аумағында жүруге көне ме? Бола­шақта мұндай жағдай қалай реттелмек? Бұл тақырыпқа әлі де оралатын боламыз.

 

Батыс Қазақстан облысы