Еліміздегі республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолы биылғы жылдың жазынан бастап барлық көлік түрлері үшін ақылы болады. Ал Павлодар-Семей-Омбы жолдары тек жеңіл көлік түрлеріне тегін болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының мәліметінше, алғашқы ақылы жол Нұр-Сұлтан-Павлодар автобаны арқылы өтеді.
«Қазірдің өзінде бақылау орны дайын. Төлем жүйесі ашық болады, яғни ешқандай шлагбаум болмайды. Әр өткізу орнында сканер, камера орнатылған, олар көлік нөмірін, қозғалыс жылдамдығын және басқа да деректерді ескереді. Павлодар-Нұр-Сұлтан тасжолы бірінші санаттағы жолдарға жатады. Сондықтан жүк және жеңіл көлік үшін ақылы болады. Павлодар-Омбы және Павлодар-Семей тас жолдары жеңіл көліктер үшін тегін болады», деді Павлодар облыстық «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ бөлімше директоры Ақылбек Қабылдин.
Ведомство өкілінің айтуынша, қозғалыс құны көлік түріне байланысты болады. Алайда, автобан нақты қай күні ақылы болатыны айтылмаған.
«Ақылы жүйені биыл маусымда енгізу жоспарланып отыр. Қаржы жолдарды күтіп ұстауға және толық қызмет көрсетуге, қосымша арнайы техника сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ биыл орташа жөндеу және күтіп ұстау аясында Павлодар-Нұр-Сұлтан автожолына қосымша қар ұстайтын қоршаулар орнатуды жоспарлап отырмыз», деді Ақылбек Қабылдин.
Айта кетейік, биыл ақпанда республикалық маңызы бар 4 тас жол автоматты режимде жұмыс істейді деп хабарланған еді.
Жыл соңына қарай республикалық маңызы бар тағы 18 жол ақылы болады деп жоспарлануда.