Дара қаламгерлердің әрқайсысының өзіне тән стилі болады. Ол содан ауытқымайды. Шығарма авторы көрсетілмесе де, стилі арқылы танып алуға болатын қарымды қаламгерлердің бірі – Мархабат Байғұт. Суреттеудің, оқиғаны, детальды ойнатудың қапысыз шебері. Мысалы, «қарамайлы шпалдайын қарапайым теміржолшылықтан түксіз-дымсыз күйде зейнеткерлікке шығып, арзымас ақшаға күнелтетін Бісміллә» деген суреттеудің өзінен Бісміллә шалдың әлеуметтік портретін айқын танисың.
Сондай-ақ «толар-толмас цехтың болар-болмас бастығы» деген суреттеуден бастықтың әлеуметтік те, рухани да келбеті аңғарылып тұр.
Жазушы осылай бір-екі сөйлеммен суреттеп алып, әрі қарай оқиғаны шымыр өріп, сюжеттерді бір-бірімен жымдастырып, оқырманды қызықтырып әкетеді. Оның шығармаларында басы артық суреттеулер мен оқиғаға қатысы жоқ шұбалаңқы, нәрсіз сөйлемдер кездеспейді. Өзіміз байқайтын ерекшеліктері – жазушы мөлтілдеген мұңды жазбаса да, шығармасын басында қызығып, кейде арасында күліп қойып оқысаң да, шығарманы оқып біткен соң өзегіңде бәрібір мұң қалады. Иә, жеңіл юмор мен аздап сарказм араласқан әңгімелерді оқып болған соң ойланып, толғанып кетесің. Ол шағын ауылдың кейіпкерлерінің басынан өткен жағдайларды жаза отырып та адамзаттық деңгейдегі мәселелерді қозғай алады. Соның бір мысалы – «Крест» әңгімесі.
Әлгі әлеуметтік портреті айқын Біссіміллә шал осы әңгімедегі негізгі кейіпкерлердің бірі. Шағыр стансасының теміржолдан зейнетке шыққан қарты Туладан келген жүк пойыздарының бірінен түсіп қап, станса басында қаңғып жүрген Андрейді асырап алады. Оған кемпірі Тұрымтайдың қарсы болуында да мән бар. Өйткені өздерінің де төрт ұлы мен жалғыз қызының шекелері шылқып жүргені шамалы. Бірақ қартың айтқанынан қайтпайды. Стансадағы жалғыз орыс мектебі жабылып қалғандықтан, қазақ мектебіне береді. Алғашында қатты қиналған орыс бала кейіннен қазақшаны да тез меңгереді. Асырап алған әкесіне мұсылманшылық жолымен сүндеттетуді де өзі өтінеді. Ораза кезінде ауыз бекітетіні, жарамазан айтатыны ауылда аңызға айналады. Оны жазушы былай баяндайды: «Өрім өрік бастары қызыл жалқын-ай, қазандағы сүдігер қара барқын-ай, оны-мұны айтпастан, себеп қылып-ай, ораза тұт отыз күн, қайран халқым-ай!» дер еді Андрей. «Қоңыр күзде ауылда қырман тасыр-ай, он бесінде толған ай қырдан асар-ай, жар-рамазан айтпастан қоямыз ба-ай, бір жеңгем бар осы үйде теңге шашар-ай!» дейді Андрей бала. «Жар-рамазан айтамын ойлай-ойлай-ай, өтіп кеткен Қарынбай малға тоймай-ай, оразада отыз күн бір мал соймай-ай; тартып кеткен қара жер бойлай-бойлай-ай!» дер еді-ау айналайын Андрей...».
Міне, сол айналайын Андрей жиырмаға жетпей қайтыс болады. Бес-алты апта ауырып, үзіліп кетеді... «Сондай түндердің бірінде Андрей шағын вокзал басынан тамаққа тойып қайтпаққа бекінеді. Қырсығына қарата, бір бейәдеп, байшыкештеу топ әлдеқайда аттанғалы тұрған екен. Өздері әбден ішіп алысқан, Андрейді көріп мазақ етпек болысқан». Сол байшыкеш топтың мазағы оның ажалына себеп болады. Андрейдің қазақша сөйлегені олардың қытығына тиеді. Андрейдің рухани деңгейінің өздерінен биіктігі де олардың ашуын қоздырады. Ең соңында жазған баланың «стансада қарақшы көп, алақшы жоқ» деген сөзі оның сол арада таяқ жеуіне себеп болады. «Жөндеп қазақшалап айтсай, қарақшың нең? Алақшың нең?». Андрей қарақшы деп қарыны, алақшы деп қанышерді айтады дегенде, «мә, саған алақшы» деп топтың ішіндегі ең бұзақысы басын бетонға соғады...
Әңгіменің шарықтау шегі аурухана төсегінде жатып қайтыс болған мәйітті үйге әкелгенде оның сол қолының жұдырығының қатты жұмулы болғаны. Ол жұдырықты күшпен ашқанда, кәдімгі крестің шығуы. Яғни қазақ ортасында өскен, қазақшаны өте жетік меңгерген, әкесі сүндеттеткен, өзі ораза ұстаған, жарамазан айтқан, өлім-жітімде мұсылманшылық жоралғыларды атқарысып жүрген Андрей демі үзілерде қолына крест ұстап жатып қаза болған. Бұндайда әлгі «Мұсылманшылық кімде жоқ? Тілде бар да ділде жоқ» дейтін Махамбеттің жыры еске түседі. Тілі қанша жерден сайрап тұрғанымен, ділінде мұсылмандық сенім болмаған соң қолына крест ұстап кетті Андрей. Ал әкесі, стансабасы, молда бастаған шағын топ оның қолындағы крестті алмай-ақ, мұсылманшылық жолмен арулап, Асықбай ақсақал жатқан қорымға қояды.
Қазақ әдебиетінде өзге ұлт өкілдерінің қазақы ортаға сіңісуі тақырыбын жазған қаламгерлер көбінде олардың сеніміне қатысты дүниелерді айналып өтіп жатады. Кеңес дәуіріндегі ең танымал шығармалардың бірі Оралхан Бөкейдің «Атау-кересінде» Нюра кемпірдің өлер алдында шоқынғанын білетінбіз. Бүгінгі қоғамда жазушы Мархабат Байғұт «Крест» әңгімесі арқылы ұлты, ділі, сенімі бөтен адам ешқашан басқа дінге басы бүтін берілмейтінін, бала кезде санасына сіңірілген сенім адамды өлгенше тастамайтынын оқырман санасына шегеледі. Адам болмысындағы ең нәзік дүние – сенімнің бұ дүние мен о дүниені байланыстырып тұрған көпір екенін жазушы осы «Крест» әңгімесінде сәтті тұспалдаған. Екінші бір елеулі арна – надан, тоғышар, байшыкеш топтың психологиясы. Кемсіту, кекету, мұқату, басымдық көрсету, соңы неге соғатынын ойламай ұрып-соғу, шыбын құрлы көрмей өлтіру солардың әдеті. Олар «міскіндердің» өздеріне қарата жауап бергенін, көп білетінін мүлде жаратпайды. Олар жан-жағынан «құрбандық» іздеп жүреді...
Түйіп айтар болсақ, қаламгер «Крест» әңгімесі арқылы адамзатқа ортақ сенім мәселесінің құпия, нәзік тұстарына үңіледі. Бөтенді бауырға басудың кедергісін қапысыз көрсетеді...