Жерге жарық түсе сала алпыс шақты қойын алдына салған Сәкен ауылдың бүйір тұсындағы төбеге қарай беттейді. Мал өрістететіндей жазиралы жайылым жоқ мұнда. Глубокое кентінің жан-жағы түгел егістік. Амалдап жаздай жайып шықса, қыстай қорада тұрады. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген тәмсілді ұран еткен Сәкен Пазылов өткен айда «Еңбек» бағдарламасы арқылы 64 бас қой сатып алған. Сонау Бесқарағайдан жеткізген тұяқтылар төлдеп, қора жағы азан-қазан.
Жұмыс жоқ деп жамбастап жатқан зіңгіттей жігіттер қаншама? Қол-аяғы балғадай бола тұра, кежегесі кейін тартып тұратындарды көріп жүрміз. Керісінше, қойын қоздатып, ботасын боздатып отырғандар да жетерлік. Өткен жылдары бие сауып, қымыз пісіп жүрген кіші сыныптың оқушысын көріп таңғалғанымыз бар. Бәрі сондай еті тірі болсайшы дегеміз іштей. Иә, қол-аяғың сау болса, нәпақа табудың жолдары көп. Мемлекеттің жасап отырған мүмкіндігі де зор. Тек пайдалана біл.
Сәкен шаруашылықпен айналысуды былтырдан бері ойлап, жоспарлап жүрген. Өйткені нарықта малдың құны бар. Күйін келтіріп бақсаң ұтылмайсың. Қара базардағы еттің өзі қымбаттамаса, арзандап тұрғаны шамалы. Бұған дейін алыс-жақын қалаларға, шетелге жүк тасумен айналысып жүрген Сәкенге тамыр-таныс шаруалар мал бағудың анағұрлым тиімділігін айтып, түсіндірген. Олардың айтқаны ақылға қонымды болған соң Сәкен Саттарұлы мемлекеттің ұсынып отырған бағдарламаларын зерттеген, зерделеген. Өзінің айналысып жүрген кәсібімен салыстырған. Алайда жүк тасымалдаумен отбасын асырау қиындау еді. Себебі тапсырыс бірде бар, бірде жоқ. Егер мал бақса, кіріс еселенер ме еді. Бір шешімге келіп, несие ала салайын десе, карантиндік шектеу шаралары едәуір кедергі келтіріпті. Әмбе, бағдарлама арқылы несие рәсімдеу де бір күндік шаруа емес-ті. Халыққа қызмет көрсету орталығынан жинауға тиіс құжаттардан бөлек кепілге қоятындай қозғалмайтын мүлік болуы шарт.
Кәсіп көзін әбден зерттеген Сәкен Пазылов көктем шығып, жер аяғы кеңіген соң Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алуға шындап кіріскен. Қордың ұсынып отырған несиесі тиімді, бар-жоғы алты-ақ пайыз. Оның үстіне қарыз ақша қолға тие сала төлем жүргізбейді. Кәсібін дөңгелетіп алған соң белгілі мерзім ішінде пайызын жабады. Содан кейін ғана ай сайын негізгі қарызын төлейді. Осы уақыттың ішінде алған алпыс қой қоздап, екі есе көбейіп те қояды. Демек несие алған халық пайыздан да ұтылмайды. Керісінше, таптырмас мүмкіндік бұл.
– Шаруасын шалқытып отырған танысыммен сөйлесіп едім, «Еңбек» бағдарламасы арқылы несие алу тиімді екенін айтты. Өзімнің айналысып жүрген жұмысым жаз, күз айларында ғана тиімді. Қыстай жұмыс болмай қалады. Содан «Бастау бизнес» жобасы арқылы курстан өттім, қажетті құжаттарымды жинастырдым. Үйді кепілдікке қойып, несиеге қол жеткіздім. Мақсатым қой өсіру еді. Сөйтіп Бесқарағай ауданынан 64 бас қой алып келдім, – дейді шағын кәсібін бастаған Сәкен Саттарұлы.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Арман Рауылбековтің айтуынша, несие «Еңбек» бағдарламасының қатысушыларына беріледі. Егер ірі қара, қой, құс өсіремін деген ел болса, аталған қордың қолдауы зор. Ара мен балық шаруашылығын қолға алсаңыз да несие беріледі. Айта кетерлігі, аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларына берілетін несиеге 4 пайызбен ғана ұсынылады. Әлбетте қолында жұмыспен қамту орталығының жолдамасы мен кепілге қоятындай үй-жайы болуы керек. Несиені алған соң үш ай ішінде қаржыны мақсатты түрде жұмсап жатқандығыңызды дәлелдеп, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры филиалына есеп беру қажет. Егер де қаржы мақсатына қарай жұмсалмаса, айыппұл салынады.
Халықтың қалтасы үшін тиімді несиені әсіресе, Зайсан, Ұлан, Тарбағатай сынды аудандардың тұрғындары алып жатыр.
– Жер, қоражай болса, мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының тиімділігін көріп отырмыз. Алғаным – 4 млн теңге. Амандық болса, пайызын төлдері-ақ жауып кетеді. Тек еңбектену керек. Ұлым да қолғабыс етеді. Кеше ғана Томскіге жүк апарып келді. Немерелерім өсіп келеді. Бәрін киіндіріп, ел қатарлы жеткізуіміз керек. Кәсіп ашуға мол мүмкіндік жасап отырған мемлекетке ризамын. Бар бағдарламаны пайдалана білсек болғаны, – деген Сәкен қойын қайырып келуге жиналған.
Глубокое ауданында жайылым тарлау болғандықтан, өргізіп қойып жатуға болмайды. Көз алмай қадағалап жүру керек. Қойшыға қосу да тиімсіз. Бақташыға айына бір бас үшін 1000 теңге төлеу керек. Ал Сәкен айына алпыс мыңдап малшыға төлесе, өзі үшін тиімсіз болмақ. Бес ай бағатын болса, 300 мың теңге шығын. Ал ауыл тұрғыны үшін бұл өте қомақты қаржы. Сәкен түске дейін ауыл іргесіне жаяды да, көлеңкеге жусаған уақытта үйіне келіп, бақшасында жеміс-жидегін суарады. Күнұзақ бір минутқа тыным таппайтын ол шаруашылыққа біржола бет бұрмақ. Бағып отырған қой саны өсіп, пайда әкеле бастаса, ірі қара асырау да жоспарында бар.
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы