Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халыққа есеп беру кездесуінде 2020 жылы атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz ОКҚ-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, 2020 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Бұған еңбекақыны көтеру, арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер, қосымша жүктеме үшін қосымша төлемдер белгілеу, туындылардың авторларына қаламақы төлеу, қызметкерлердің тұрғын үй жағдайларын жақсарту секілді жұмыстар кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында алғаш рет шығармашылық одақтарды қолдауға қаражат бөлінді.
«Айта кетейік, әл-ауқатты жақсарту, еңбекақы төлеуді жетілдіру, сала қызметкерлерін ынталандыру, сол арқылы азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету жұмыстың негізгі басымдығы. Осы міндеттердің барлығы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында, Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!», сондай-ақ еліміздің басқа да стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында алға қойылған», деп атап өтті ведомство басшысы.