• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Мамыр, 2021

«Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауы басталды

2053 рет
көрсетілді

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауын өткізу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұйымдастыру комитетінің құрамына Парламент Сенатының депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, өңір әкімдерінің орынбасарлары, министрлік өкілдері, Бұқаралық ақпарат құралдары, ҮЕҰ-дар, белгілі қоғам қайраткерлері кіреді.

Ақпараттық даму министрі А.Балаева, адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық конкурстың ерекшелігі мен маңыздылығын атап өтті.

«Жылдағы дәстүрмен биыл да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастағалы отырмыз. Елбасының ұсынысымен қолға алған жоба – бүгінде нағыз халықтық мерекеге айналды. Жыл сайын бұл жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Жоба басталғаннан бері бүгінге дейін еліміздің 15 мыңнан астам жанұясы осы байқауға қатысты. Мұның өзі – біздің қоғамға отбасы құндылығын дәріптейтін, үлгі көрсететін ерекше жобаға айналғанын көрсетеді деп білемін», деді А.Балаева.

Сондай-ақ, шара барысында байқауды өткізудің жаңа өзгерістері туралы айтылды. «Бұрын республикалық деңгейде бір ғана отбасы жеңімпаз болатын. Ағымдағы жылдан бастап өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған 17 отбасының барлығына да Конкурс лауреаты атағы беріліп, бірдей марапатталатын болады», деп атап өтті А.Балаева.

Сонымен қатар биыл конкурс нәтижесі бойынша марапаттау құрамына азаматтық қоғам өкілдері ғана емес,  конкурстың бұрынғы жеңімпаздары да қатысады. Жеңімпаздарды анықтау мен бағалау бойынша баллдық жүйеге жаңа шарттық өзгерістер енгізілген.

Еске сала кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына құжаттар қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады.

Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі жыл сайынғыдай қыркүйек айында, Отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде өткізіледі.