Түркістан облысы Мақтаарал ауданының қариялары аудан көлеміндегі барлық дүкенде ішімдік атаулының сатылмағанын қалайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мұндай ұсыныс-тілектерін олар аудан әкімі Бақыт Асановтың жеке қабылдауында жеткізді.
Қоғамдық қабылдауға бірнеше ауылдық округтен жиналып келген ақсақалдар спирттік ішімдік сатылымына тосқауыл қоюға ықпал ету бойынша аудан әкіміне өтініш жасады. Ал Жасұзақ Сыдықов бұған дейін ішімдік сатуды тоқтатқан елді мекендердің тәжірибесі туралы кеңінен әңгімелеп өтті. Бұл елді мекендердің барлығында береке-бірлік салтанат құрып, қылмыс жасау, жұбайлардың ажырасуы, кіші бұзақылық деген атымен жоғалған. Мұндай бастаманы ең алғаш Мақтаарал ауданында Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жантақсай елді мекенінің қариялары қолға алыпты. Қабылдауға келгендердің бірі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейіткерім Мелдеханов өзі тұратын Бірлік ауылдық округі Табысты ауылында дүкен иелерінің әрбірімен жеке сөйлесіп, спирттік ішімдік сатпауға уәделерін алғанын айтты. Ал Мансұрқожа ақсақал Атакент кентіндегі 11 дүкен иелерімен әңгімелесіп, арақ-шарап сатпауға келісімін алған.
Аудан әкімінің қоғамдық қабылдауына келген ақсақалдардың ендігі мақсаты – Мақтаарал ауданындағы 69 елді мекеннің барлығында спирттік ішімдік сатуды азайту немесе мүлде жою. Осы арқылы ауданда қылмыс санын азайтып, әрбір отбасыға құт-береке дарыту. Ақсақалдар осы мақсатты жүзеге асыру үшін аудан әкімінен спирттік ішімдік сататын кәсіпкерлерге ықпал етуді сұранды. Бұл орайда аудан әкімі Бақыт Асанов қариялардың бастамасы өте орынды екенін айтып, заң аясында барынша қолдайтынын жеткізді. Ендігі кезекте сауда орындарының иелері, яғни кәсіпкерлер қарияларды қолдаса Мақтаарал ішімдік атаулы сатылмайтын ауданға айналады.