Жаңаруды басты ұстаным еткен Ақтау қаласы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тағы бір жаңа нысанмен толықпақ. Бұл – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағы.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, саябақ қаланың жаңа 40-шағын ауданында орналасады. Аумағы 23 гектар жерді алады деп белгіленген нысанда қала тұрғындарының белсенді демалуына арналған алаңдар, бірнеше саябақпен серуендеу аймағын салу жоспарланған. Гүлдер аллеясы, музыкалық субұрқағы, балалар ойын алаңдары, спорттық жүгіру және велосипед жолдары орнатылады. Саябақта тамшылатып суару жүйесі жүргізіліп, демалушыларды желден қорғайтын қорғаныш болады.
Демалыс орны «BS stroy» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен тұрғызылады. «BS stroy» ЖШС – өңірде сапалы да сәулетті тұрғын үй құрылыстарын, қала көркін асырар көркем ғимараттар тұрғызумен танылған компания.
Танымал компания тізгінін өз қолына алған үлкен саябақтың құрылысын 2026 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Маңғыстау облысы