Елордада вакцина туралы ашық аспан астындағы театр қойылымы өтті. «Астана мюзикл» театры әртістері ұсынған көрсетілімде «COVID-19» індетінің алдын алу және онымен күресте тиісті талаптардың сақталу керектігі насихатталды. Далада өткен хореографиялық қойылымды елорда жұртшылығы тегін тамашалады.
Сахна өнері арқылы карантиндік, сақтық шаралары мен вакцинаның маңыздылығына халықтың назарын аударуды мақсат еткен спектакль толығымен өміріміздің қазіргі болмысын көрсететін шынайы оқиғаларға негізделген. Әрине басты назарда – 2020 жылдың ең танымал сөзіне айналған «COVID-19» құбылысы. Театр әртістері бұл қойылым арқылы өмірдің басты құндылықтарын, карантин кезіндегі адамдардың ішкі ой-толғанысын, пандемияда адамзаттың басына түскен қиындықтарды жеткізуге тырысты.
«Әлем болып күресіп жатқан коронавирус дертінің адамзат өміріне алып келген өзгерісі баршамызға айтпай-ақ түсінікті. Вирустың тарау салдарынан қаншама адам өмірден озды. Аурудан қорғану мақсатында бұрын болмаған карантиндік шектеулер енгізілді, сондай-ақ вакцина алу да маңызды болып отыр. «COVID-19» қойылымын өткен жылдың тамыз айында қолға алып, биыл ақпан айында театрымызда алғаш рет көпшілікке ұсындық. Қойылымның мән-мазмұны мен тарихы тікелей өмірден алынған және бұл – біздің ұжымның дебюттік шығарылымы. Бүгінгі қатысушылар әртістер ғана емес, сонымен қатар осы қойылымның авторлары болып саналады. Тағы бір айтып өтетін жайт, бүгін біз қойылымның үзіндісін (15-20 минут) ғана ұсынып отырмыз, ал толықтай көрермен театрымыздан келіп көре алады», деді театрдың көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазин.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде алғаш болып пандемия тақырыбын көтерген қойылымның режиссер-хореографы – Astana Musical театрының әртісі Әнел Мырзағұлова, ал қойылым музыкасын театр әртісі Ақжол Өмірзақов жазған.
Іс-шара қалалық әкімдіктің қолдауымен барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өтті. Қойылымға қатысқан барлық әнші ПТР-тесттен өткен.
Әлеуметтік маңызға ие шығармашылық қойылымның толық нұсқасын астаналықтар 21-22 мамыр күндері Qazagstan орталық концерт залында тамашалай алады.