• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Мамыр, 2021

Алматыда дзюдодан Азия кубогы аяқталды

202 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогы өз мәресіне жетті.

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның барлық өңірінен келген балуандардың басын қосқан жарыс белгілі қоғам қайраткері, білікті басшы, атымтай жомарт Бекет Махмұтовты еске түсіруге арналды.

Жас кезінде самбомен шұғылданып, спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен Бекет Сапабекұлы Кеңес Одағы тұсында түрлі салада басшылық қызметтер атқарды. Заманның аумалы-төкпелі кезеңінде бизнеске бет бұрды. 1993 жылы Қазақстан бокс федерациясының тізгінін ұстаса, 1998 жылы АИБА-ның вице-президенті болып сайланды. Сол кездері спорттың осы түрі бойынша жерлестеріміз толағай табыстарға қол жеткізді. Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарындағы жеңіп алған түрлі-түсті медальдардан бөлек, ғаламдық доданың ең үздік былғары қолғап шеберіне тиесілі Вэл Баркер кубогын біздің жігіттерге бір емес, бірнеше мәрте бұйырғаны да есімізде. 2009-2012 жылдар аралығында Махмұтов мырза республикалық дзюдо федерациясының президенті, көп ұзамай Азия конфедерациясының вице-президенті қызметтерін атқарды. Дәл сол тұста күрестің бұл түрінде биік белестерді бағындырдық. Бір сөзбен айтсақ, айтулы азаматтың Қазақстан спортының өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан зор. Бекет ағамыз былтырғы жылдың 14 сәуірінде 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды.  

Бекет Махмұтовты еске алуға арналған дәстүрлі турнирді тамашалау арқылы елімізде аса дарынды дзюдошылардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанын аңғардық. Бұл әңгіме ұлдарға қатысты. Мәселен, жастар арасындағы жарыста өз салмақ дәрежесі бойынша топ жарған Шерзод Давлатов (60 кило), Серікбол Естай (73 кило), Аян Байғазы (81 кило) және Ермахан Әнуарбеков (90 кило) сынды сайыпқырандарды қалай мақтасақ та жарасады. Олардың бойынан жеңіске деген ерекше құлшынысты байқадық. Барлығы да өздерінің өжеттігі мен табандылығы және техникалық арсеналдарының молдығымен оқшауланды. Сонымен қатар әр белдесу барысында олар дәп бір сақа спортшылар секілді өте сауатты тактика ұстанып, қарсыластарын алып та, шалып та жықты. Осындай көріністерді көріп, көңіліміз кәдімгідей марқайып қалды. Ал қалған үш салмақта Өзбекстанның өрендері бас жүлдені олжалады. 

Өкінішке қарай, көңілге кірбің түсірген жайттар да жоқ емес. Қазіргі кезде елімізде әйелдер дзюдосы ақсап тұрғаны баршаға мәлім. Сол секілді қыздардың да жағдайы мәз емес екен. Мәселен, жеті салмақ дәрежесі бойынша өткен бәсекелердің тек үшеуінде қазақ балуандарының бағы жанды. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу бақыты Мөлдір Бейсенова (57 кило), Роза Нұсантайқызы (70 кило) және Әсел Бисенбай (70 кило) сынды бойжеткендерге ғана бұйырды. Сонымен қатар өзбектің үш аруы және қырғыздың бір қызы алтыннан алқа тағынды.  

Жасөспірімдер арасындағы сайыста да дәл сондай көріністің куәсі болдық. Біздің ұлдар сегіз салмақтың алтауында алдына жан салмады. Атап айтсақ, Санжар Әли (50 кило), Талғат Орынбасар (55 кило), Аян Байкенжеев (60 кило), Акбар Алтай (66 кило), Нұржан Бисенов (81 кило) және Дамир Ахет (+90 кило) Алматы татамиінде қарсылас шақ келтірмеді. Бас жүлденің екеуі Қырғызстан мен Өзбекстанға кетті. Ал қыздарымыздың өнері көңілімізден шықпады.  Жерлестеріміздің арасынан тек Сабина Юлдашбекова (40 кило) мен Аружан Ережепованың (52 кило) алтын тұғырға көтерілуге күш-жігері жетті. Тағы бір салмақта Қырғызстанның өкілі жеңіс тойын тойласа, бас жүлденің бесеуі Өзбекстаннан келген бұрымдыларға бұйырды.