Алматыда ақпан айының алғашқы күнінен бастап мақсатты топтарды иммундау, сәуірден бері жаппай вакцинациялау қолға алынғаны аян. Содан бері мегаполистің 270 568 тұрғыны вакциналанған, олардың 30 мыңнан астамы 60 жастан асқандар.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Лаура Мырзағали қалада 214 вакциналау пункті жұмысын жалғастырып отырғанын, 1 282 адамнан тұратын 315 егу бригадасының толық режимде жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Өз кезегінде алматылықтар екпені медициналық ұйымдарда, мектептерде, СОО-да, базарларда, мәдениет және спорт нысандарында, тіпті мешіттерде де ала алады. Лаура Мырзағалидің айтуынша, 250 егу пунктін іске қосу жоспарланған, сондай-ақ жылжымалы пункттер де жұмыс істейді.
«Бүгінгі таңда барлығы 270 568 адам вакциналанды, оның ішінде 19 435 құқық қорғау органдарының қызметкері, 20 896 педагог, 27 045 медицина қызметкері. Қалғандары – диспансерлік есепте тұрған тұлғалар, студенттер, зейнеткерлер және 60 жастан асқандар, мемлекеттік қызметкерлер мен қала тұрғындары», деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Жалпы егілгендердің ішінде 60 жастан асқандардың саны – 30 421 болса, 2 991 алматылық қазақстандық QazVac вакцинасын салдырды. Қытайлық Sinopharm вакцинасы 3 365 адамға егілді.
Лаура Мырзағали қала мен ел тұрғындарын белсенді түрде вакциналануға шақырды, өйткені вакциналану арқылы ғана COVID-19-дан қорғануға болады.
«Біздің дәрігерлер 24/7 режимімен жұмыс істейді, олар туыстарын көрмейді әрі шаршайды. Вакциналану арқасында ғана пандемияны жеңетінімізді түсінген жөн. Израиль мысалынан көруге болады, олар коронавирусқа қарсы екпе алу жөнінде әлемде бірінші орында тұр. Мұнда жұқтыру саны нөлге дейін төмендеген. Мен осындай нәтижелерге біз де жетеміз деп үміттенемін», деді Лаура Мырзағали.
Лаура Мырзағали журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, АҚШ-та 12 жастан асқан жасөспірімдерге коронавирустан екпе салудың басталғанын растады. Спикер олардың ведомствосында ресейлік «Спутник-V» вакцинасын жасаушылармен Н.Гамалеи атындағы институттан Александр Гинцбургпен кеңескенін атады. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде клиникалық сынақтар жүріп жатыр. Сынақтар аяқталған соң оны Ресейде қолдануға болады. Ал Қазақстанда әзірге 18 жастан асқан адамдардың вакцина алуына рұқсат етілген.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі барлық кезең ішінде Алматыға 9 траншпен вакцинаның 302 985 дозасы жеткізілгенін мәлімдеді. Жалпы көлемнің ішінде QazVac вакцинасының бірінші траншы 3 мыңды құрады. Sinopharm вакцинасының 15 мың доза көлеміндегі алғашқы жеткізілімі келіп түскен.
Бүгінде Алматыда I компоненттің 37 417 дозасы, II компоненттің 78 444 дозасы бар.