Бүгінгі қоғамдағы кез келген мәселені парамен не таныс-тамырмен шешуге болады деген пікірдің қалыптасқаны баршаға мәлім. Себебі парамен ұсталғандардың өзі пара беріп жазадан құтылуға жанталасады.
Пара алу мен беру – елімізде ең көп таралған сыбайлас жемқорлықтың түрі. Мәселен, былтыр 568 пара алу дерегі тіркелсе, беру 620-дан асып кеткен. Бір айта кетерлігі 2019 жылы пара алу көп болса, 2020-да бұл заңсыздық 12 пайызға азайған. Керісінше пара беру 2019 жылы 440-ты көрсетсе, 2020 жылы 41 пайызға өскен. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада көрсетілген қылмыстық-құқықтық статистиканың бір парасы ғана.
Ел-жұртты 2020 жылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы хабардар еткен құжатта келтірілген деректердің тағы бірі – былтыр 1021 жемқорлық жасауға қатысты деректің тіркелгені туралы мәлімет. Оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеген жемқорлық фактілері бойынша 722 адам заңды жазасын алған. Олардың арасында 144 басшы, тарқатып айтар болсақ, 1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, министрліктің 2 жауапты хатшысы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья, 10 аудандық және қалалық әкім бар. Осы тізімге қарап отырып Шәкәрім Құдайбердіұлының:
Мал, мансап адамзатты мас қылады,
Мейірімді ет-жүректі тас қылады.
Тәкаппар, әділетсіз залымдарды
Бағы тайған сорлы елге бас қылады,
– деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Қара халықтың сенімінен айырылған судья, парақор прокурор, түйені түгімен жұтқан әкім, тойымсыз полиция, қанағатсыз шенеунік... Екі күннің бірінде естіп, көріп отырған осындай ақпараттардан кейін жемқорлық мемлекеттіліктің іргесін шайқалтып, елдің ертеңіне деген сеніміне селкеу түсіріп жатқандығын аңғарасың. Халықтың қазынасын тонап жатқандар тәуелсіздік атты қасиетті ұғымды әлдеқашан жеке мүддеге байлап берген секілді...
Шетелдік ақпараттарды сүзгіден өткізсең табысын жасыруға қатысты мамандықтардың алдыңғы қатарында көбіне актер, спортшы, өнер адамдары, кино әлемі жұлдыздарының есімдері аталады. Ал бізде ше? Бізде халықтың құқын қорғауға міндетті, адам тағдырына үкім шығаратын, әділ заңның жоқтаушысы болуы керек Фемида мен қарашаның қамын күйттейді деген жергілікті билік өкілдері тура жолдан көп таяды.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» атты трактатында бақытты қала басшысына қажет 12 қасиет тізбектеледі. Олар: бірінші – сау дене, екінші – ұғымталдық, үшінші – есте сақтау қабілеті мықты, төртінші – ақылы мен білімі, бесінші – білімге деген ұмтылысы, алтыншы – құмарлықтан бойын алыс ұстауы, жетінші – шындықты сүюі, сегізінші – әділдіктің жақтасы болуы, тоғызыншы – ар-намысты болуы, оныншы – дирхем мен динар секілді жалған өмірдің атрибуттарынан өзін таза ұстауы, он бірінші – табанды, ұстамдылығы, он екіншісі – өз ойын ұғыныңқы жеткізе білуі.
Бір адамның бойында осындай он екі қасиеттің бірігіп кетуі өте сирек кездесетіні де түсінікті. Сол себепті данышпан баба «Егер ондай адам табылмаса, онда қала басқаруға табиғатынан бастапқы алты, ал өсе келе қалған алты қасиетке ие болған әрі ойлау қабілеті жөнінен алдына жан салмаған адам қала басшысы бола алады», дейді.
Адами қасиеті мен иманы берік жанның жемқорлықтың құрығына түспесі белгілі. Ал жемқорлыққа іліккендердің оныншы қасиетке келгенде оңбай сүрінетінін осыдан-ақ аңғаруға болады. Құлқынның құлы болып кеткендер үшін кез келген құндылығыңның құны көк тиын. Сол үшін ең алдымен құқық қорғау органдары мен жергілікті атқару органдарына кадр таңдауда ең бірінші мамандығын емес, адамдығын салмақтап алсақ, қайырымды әрі өркениетті қалаларымыздың қатары қалыңдар еді. Себебі бүгінгі қоғамда дәл осы жалған, жылтырақ дүниеге қызығып, қолын былғап, атын ластап жүрген жемқорлар азаймай тұр. Ал Әл-Фарабише айтсақ, «дана, ақылгөйі жоқ қала не басқарушысыз қалады, не құруға бел байлайды».