• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 18 Мамыр, 2021

Вакцина алғандардың жағдайы жақсы

340 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметі бойынша, 38 888 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. Олардың ішінде 14 295 пациент стационарда, 24 593 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Шалдыққандардың арасында 820 адамның жағдайы ауыр, 185 пациенттің жағдайы өте ауыр, 106 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

 

Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиоло­гия­лық ахуалды бағалау матрицасы жа­рия­ланып, 17 мамырдағы жағдай бо­йынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қара­ғанды облыс­тары тұр. «Сары аймақта» Ақтөбе, Алматы, Павлодар облыс­та­ры орналасқан. «Жасыл аймаққа» Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары енді. Бұл ретте Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстары «қызылдан» «сары аймаққа», Шымкент қаласы мен Атырау облысы керісінше, «сарыдан» «қызыл аймаққа» ауысып отыр.

Мамандар аталған індеттен арылу­дың бірден-бір жолы вакцина еке­нін айтып дабыл қағуда. Жауапты ведом­­­ст­во­ның таратқан ақпараты бойынша бү­гін­де елімізде 1 844 938 адам вакцина салдырған. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус коронавирус инфекциясына қарсы екпе салдырды. Бұл туралы ол Тwitter-дегі парақшасында жазды.

«Сovid-19 инфекциясына қарсы вак­цина салдыртуға кезегім келді. Вак­ци­налар өмірді құтқарып қалады. Оны әлемнің барлық жеріне неғұрлым тезірек жеткізген маңызды. Егер сіздер мен сияқты вакцина қолжетімді елде тұрсаңыздар, кезегіңіз келіп тұрса, вакциналаудан өтіңіз», деп жазды ДДҰ басшысы. Гебрейесустың дәл қандай препарат салдыртқаны туралы нақтыланбады. ДДҰ мәліметінше, әлемде коронавирус жұқтыру және одан болған өлім оқиғаларының саны соңғы аптада азайған. Еуропа және Жерорта теңізінің аймақтарында жаңа оқиғалар тіркелуі азайғаны байқалып отыр. Ал Оңтүстік-Шығыс Азияда жаңадан ауру жұқтыру оқиғаларының саны 6 пайызға өскен.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та вакцинаның екі дозасын қабылдағанын жазған едік. Бұған қоса депутаттар, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен мұғалімдер, әскери сала қызметкерлері де вакцина алды. Танымал тұлғалар, қоғам белсенділері де қалыс қалған жоқ. Мы­салы, жақында елордадағы Әбу-Даби Плаза сауда орталығындағы вакциналау бекетінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының бір топ әртісі вакцина алды. Өнер саласының өкілдерін театр директоры Асхат Маемиров бастап келді.

«Бүгін ерекше күн. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермен театрындағы әріптестерімізбен бірге Әбу-Даби Плаза кешенінде вакцина алдық. Спутник-V вакцинасын алуды дұрыс деп ұйғардық. Біз көрермендермен тікелей жұмыс істейміз, халықтың ортасында жүреміз. Сондықтан әртістерге, өнер адамдарына міндетті түрде сақтану керек», деді театр басшысы.

Ол Спутник-V вакцинасының тиім­ді­лігі туралы достары мен әріптесте­рі­нен ес­ті­генін айтады. Сол ақпараттың шын­ды­ғына іс жүзінде көз жеткізген театр өкілі қазақстандықтарды вакцина алуға шақырды.

«Қазір ғана алып шықтым. Ешқандай тәнді ауыртатындай әсерін байқаған жоқ­пын. Израиль, АҚШ, Ұлыбритания сияқ­ты өркениетті елдердің көбі вак­цина алуда алға шығып жатыр. Отандастарымды вакцина алуға шақырамын. Өткен ға­сыр­лардың басында да осындай індет тараған кездер болған. Соның бәрін адамзат әртүрлі вакциналарды ойлап тауып, жеңіп отырған. Менің ұғы­мым­да пандемия кезінде ұлтты, мем­лекетті сақтаудың бірден-бір жолы – вак­цина алу. Өзім бір жыл бұрын осы коронавируспен қатты ауырып жа­зылғанмын. Сондықтан биыл екінші рет қайталанбауы үшін екпе салдырдым», деді А.Маемиров.

Аталған театрдың жетекші актері, танымал кино актері Асылхан Төлепов те Спутник-V вакцинасын таңдағанын айтты.

«Өздігімнен таңдау жасап, вакцина аламын деген шешімге кел­дім. Ден­сау­лық керек, күтіну керек. Айна­ла­мызға да біздің қауіпсіз болға­ны­мыз қажет. Әрбір іске сын айтпас бұрын бірінші өзің­ді түзеу керек қой. Отбасы мүше­ле­рінің арасында ең бірінші мен бастап тұрмын. Мамандардан кеңес алдым, бәрін түсіндірді. Жаңа екпе салған мамандар да вакцинадан кейін үш күн жуын­­­­бау керек деген сияқты ережелерін айтып жатыр», деді актер.

Жер реформасы жөніндегі комиссия­ның мүшесі, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан әлеуметтік желіде отандық вакцинаны салдырғанын жазды.

«Мен қазақстандық ғалымдарды қолдаймын және сенемін! QazVac-ты сал­ғыздым. Астанада Әбу-Даби ғима­ра­тын­да салып жатыр, 2-қабатында. Кезек жоқ, 10 минут ішінде салып жіберді. Тағы 30 минут отырасың, кетесің», деді М.Тайжан.

Бұған дейін хабарланғандай, былтыр жазда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, 2020 жылы желтоқсан айында Президенттің көмекшісі Ерлан Карин, өткен жылдың соңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин отандық вакцинаны салдырған еді. Ал биыл 26 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігінің бас­шы­лығы отандық вакцинаны ектірген. Жақында елордадағы №9 емханада Санитариялық-эпидемиологиялық ба­қы­лау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова КВИ-ға қарсы қазақ­стандық QazCovid-in вакцинасын сал­дырды. «Ұжымдық иммунитетті қам­та­масыз ету үшін бізде халықтың 60% вакциналануы керек. Тек осылай ғана вирустың айналымын тоқтатуға болады», деді комитет басшысы.

Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман коронавируспен күресте вакцина салу оны жеңудің жалғыз жолы екенін алға тартады.

«Ел тұрғындарына вакцинаның үш түрі салынып жатыр. Бұл мутацияға ұшырап жатқан вирусқа қарсы тиімді нәтиже беруде. Десек те, екпе жақсы нәтиже беру үшін халықтың басым бө­лі­гі егілу керек. Егер жеткілікті түрде доза салынбаса, ауруды жеңу қиын болады. Адамдар қаншалықты жылдам вак­цина салдырса, соғұрлым тезірек ұжым­дық иммунитет қалыптасады. Сон­дықтан вакцина салдыру коронавирус­­­пен күресте өте маңызды болып отыр», деді А.Шарман.

Сонымен қатар ол вакцина адамдарға әртүрлі сипатта әсер етіп жатқанына қатысты жауап берді.

«Вакцина салған соң оның әсері адамның жанына бататындай ауыр бол­­майды. 24 сағат ішінде дене қызуы кө­те­ріліп, буындар сырқырайды. Бұл кезде дене қызуын түсіретін дәрі қабылдаған дұрыс. Вакцина иммундық жүйені вирус­пен күресуге жаттықтырады. Мә­се­лен, әдет­те біз жаттығу жасаған соң ерте­ңін­де денеміз ауырады ғой, бұл да сол сияқты», деді ол.

Оның айтуынша, вакцина алған соң адам денесінде бірден антидене түзіле­ді, бірақ коронавируспен күресте ол шешу­ші рөл атқармайды.

«Бірінші «М» класты антидене пайда болады. Кейін оларды «G» класының антиденесі алмастырады. Олар 14 күн болғанда шарықтау шегіне жетеді де, бәсеңдей береді. Одан кейін ағзадағы антидене титрының көрсеткішіне мән берудің қажеті жоқ. Олар коронавирусты зарарсыздандыруда маңызды рөлге ие, бірақ олар ең бастысы емес. Ол иммундық жүйенің әскері сияқ­ты. Иммундық қорғаныста лимфоцит­тер маңызды рөлге ие. Олар баяу түзі­ле­ді, бірақ коронавируспен күреске ана­ғұр­лым дайындалған және күші жоғары. Оны зертханада анықтау өте қиын. Дегенмен вакцина алған соң олар түзіліп, коронавирустың шабуы­лын күтеді. Яғни коронавирус жұқ­қан жасушаларды өлтіреді», деді Қазақ­стан профилактикалық медицина академиясының президенті.