• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2021

Тәуелсіздік тағылымдарын таразылады

433 рет
көрсетілді

Өткен апта соңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Елбасы кітапханасы мен елорда төрінде Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ашылған М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалы бірлесіп «Тәуелсіз Қазақстан: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстан және Ресей жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, докторанттар мен магистранттар, сарапшылар, колледж оқытушылары және елорадалық тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.

Конференцияны ашып мәртебелі бас қосудың ма­ңызы жайлы айтқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат мырза, еліміз Тәуел­сіздігінің 30, Қазақстандағы Мәскеу мемлекеттік универ­ситеті филиалының құрылғанына 20 жыл толған мерей­лі кезеңде өткізіліп отырған аталған жиын, ұлт­тық сананы түркі ойшылдарының рухани мұрасы арқы­лы жаңғырту жолдарын табуды, қоғамдық-саяси көз­қарастың інжу-маржанын саралауды, Қазақстан халық­тарының басын қосып, бірлігін күшейтетін құн­дылықтар мен идеяларды ортаға салуды көздейді деді.

Одан кейін сөз тізгіні тиген елордаға М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының директоры Александр Сидорович ең әуелі Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы ММУ ректоры Виктор Садовничийдің үндеуін оқып, таныстырды. Сондай-ақ ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен Мәскеу университетінің қарым-қатынасы жайлы толғап, Н.Назарбаевтың ММУ-де оқыған дәрістерінен үзінді келтіріп, оның кемел маңызы жайлы айтып: «Тарихтың қалыптасуына еңбегін сіңірген азаматтар ғана оны терең түсіне алады. Сол себепті бүгінгі Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қай­рат­керлерінің аталған конференцияға қатысып отыр­ғаны айрықша маңызды. Бұл кісілер – Нұрсұлтан Назар­баевтың жетекшілігімен түрлі саланы басқарған парасатты жандар», деді ол.

Бас қосу барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ мен М.В.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының профессоры Жабайхан Әбділдин «Мемлекет Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – тағдыршешті мәселелердің өрлеуі мен шешімі» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның егемендікке қол жеткізуі – үлкен бақыт. Тәуелсіздіктің арқасында туған тіліміз жаңғырып, мемлекеттік шекарамыз бекіді, экономикамыз көтеріліп, ұлттық валютамыз бен жеке әскеріміз пайда болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздығы арқасында қысқа мерзімнің ішінде тәжірибелік идеялар мен бастамалар көтерілді. Мәселен, олардың біріне сәйкес Еуразия экономика одағы бүгінде белсенді дамып жатқан ұйымдар өте көп, –  десе академик ақ­сақал,  белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, саяси ғылым­дарының докторы, профессор Қуаныш Сұлтанов ММУ-дің қазақстандық филиалы Қазақстан мен Ресей ара­сындағы рухани-гуманитарлық қарым-қатынастың символы екеніне тоқталды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов мемлекеттің бейбіт дамуына кепіл болған Елбасы бастамасына тоқтала отырып, тәуелсіздік жылдары Елбасы мен Қазақстан халқының бірлікке бағытталған ұлтаралық қарым-қатынас моделі қалыптасты, бұл модель мемлекетіміздің тарихи ерекшеліктеріне негізделген,  этностық, конфессиялық, тілдік, мәдени саналуандық қоғамымыздың іргетасын қалап, теңдессіз байлығымызға айналды. Сондықтан да ұлт тұтастығы мемлекетіміздің маңызды құндылығына жатады, – деді.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: жауапты көшбасшылық, тұрақтылық, сабақтастық» атты баяндамасында: «Егемен мемлекет ретінде Қазақстанның негізгі жеңісі – шектес мемлекеттермен шекарасын бекітіп алуында. Жауапты да ірі істің нәтижесінде шекараның 14 мың шақырымы межеленіп, Каспий теңізінің бұрын-соңды болмаған құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға көршілес елдер басшыларының қолы қойылды. Бүгінде Қазақстанның аумағына қатысты ешқандай наразылық та, дау да жоқ. Шекара­мыздың әлем мойындаған халықаралық құқығы бар» десе, «Посткеңестік кеңістіктің интеграциялық про­цесстеріндегі тәуелсіз Қазақстанның орны мен рөлі» тақырыбында Ресей мемлекеттік гуманитарлық уни­вер­ситетінің президенті Ефим Пивовар мырза: «Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі тәуелсіз дамудың үлгілі жобасы. Бұл – парасатты саясаттың жемісі. Осы тұста Н.Ә.Назарбаев пен Қ.К.Тоқаевтың еңбегін айт­пай кету мүмкін емес. Бұл жеңіске Қазақстан хал­қының қосқан үлесі зор. ММУ-дің тарихшы профес­соры ретінде 20 жылдай уақыт бойы Қазақстанда универ­ситетіміздің филиалы абыройлы қызметін жалғас­тырып жатқанын мақтан тұтамын», деді.

Конференцияның пленарлық отырысына қоғам қайраткері Қайырбек Сүлейменов «Қазақ мемлекет­тігінің маңызды элементі – құқық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институтының Орталық Азия және Кавказ елдері кафедрасының меңгерушісі Жібек Сыздықова «Қазақстан мен Ресей – еуразиялық интеграцияның өзегі» тақырыбында баяндама жасаса, келесі кезекте саяси белсенді тұлға Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты директоры Еркін Әбіл қатарлы тұлғалар өз ой-пікірлерін ортаға салды.