• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Мамыр, 2021

Ақылы автожол көбейді

319 рет
көрсетілді

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде 11 мың шақырым автожол ақылы болады. Оның ішінде жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырымды құрайтын 18 учаске ағымдағы жылдың маусым айынан бастап пайдалануға беріледі.

Жаңадан пайдалануға берілетін автомагистральдардың қатарында: Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Орал – Ресей Федерациясының ше­карасы (Саратов), Орал – Ресей шекарасы (Самара), Орынбор – Ақтөбе, Щучинск-Петропавл, Шым­кент – Қызылорда, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар, Қапшағай – Талдықорған, Қарабұтақ – Қызылорда, Ақтөбе – Орал, Атырау – Бейнеу – Өзбекстан шекарасы, Ақтау – Бейнеу, Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк), Нұр-Сұлтан – Қостанай, Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы), Нұр-Сұлтан – Павлодар, Павлодар – Семей – Қалбатау учаскелері бар.

Бұл учаскелермен жүретін автокөліктерден қанша төлемақы алынатыны тас жолдың техни­калық санатына тікелей байланысты. Мәселен, І техникалық санаттағы тас жолдарда барлық авто­көліктен, ал ІІ және ІІІ техни­калық санаттағы тас жолдарда тек жүк көліктерінен төлем алынады.

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ хабарламасына сүйенсек, алғашқы ақылы учаске енгізілген кезден бастап, бүгінге дейін жол тарифтеріне өзгеріс енгізілмеген. Ал жаңа ақылы учаскелерде төлем мөлшерлемесі қандай болатынын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қарастырып жатыр. Бірақ жолдарға сынақ мерзімі жүр­гізілген кезде автокөліктерден әзірше төлем алынбайды, дейді мамандар.

Мемлекеттік бағдарламаны жү­зеге асыру барысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «QazAvtoJol» ҰК» АҚ бірлесіп, төлем алудың «ашық жүйесін» енгізбекші. Оның ерекшелігі, учаскелерде шлагбаум­дар болмайды. Автокөліктердің жүріп өткен жолы туралы ақпа­раттар аркаларда орналасқан арнайы камераларда тіркеледі.

Төлем автокөліктің мемле­кеттік тіркеу нөмірі бойынша жүр­гізіледі. Сондай-ақ төлемақы мен автокөлік туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретін арнайы белгілерді (RFID-белгі) орнату да жоспарда бар.

Ақылы учаскелердің көбеюі жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, жол-көлік апаты азаяды, жол ин­фра­құрылымы дамиды, дейді мамандар.

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, жолдар қайта жаңғыртылып, жөнделгеннен кейін көлік апаты азайғаны байқалған. Мысалы, қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы» автожолындағы көлік апаты 25%-ға, «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолында 46%-ға, «Қызылорда – Шымкент – Тараз» автожолында 43%-ға, ал «Павлодар – Семей – Қалбатау» учас­кесінде 62%-ға төмендепті.