Биыл Қостанай облысының 1 250 тұрғыны «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеке кәсіп ашу мүмкіндігіне ие болып отыр. Олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Мысалы, екі көзі нашар көретін Андрей Зелевский үш жылдан бері тұрмыстық қалдықтарды өңдеумен айналысады. Таяуда мемлекет грантын ұтып алған Андрей кәсібін кеңейтіп, көзі нашар көретіндердің жүріп-тұруына ыңғайлы тактильді плита өндірісін ашты.
Көзі әлсіз көретіндерге арналған тактильді плиталар көбіне тротуарларға, жаяу жүргіншілерге арналған жол өткелдеріне, баспалдақтарға, темір жол бекеттері платформалары мен аялдамаларға төселеді. Мұндай төсеніштердің бетінде зағип жандардың қауіпсіз жүріп-тұруына көмектесетін арнайы бұдыр нүктелері болады.
Кәсіпкер биыл ісін одан әрі дамытып, қалдықтан құм-полимер тақтатастарын өндіруді бастады. Жас кәсіпкер осыдан төрт жыл бұрын облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау бизнес» курсына жазылған еді. Ондағы мамандардың көмегімен өз бастамасын іске асыру үшін мемлекеттен 4,7 млн теңге көлемінде грант алды.
– Ай сайын пластикалық бөтелкелерден, тұрмыстық химия ыдыстарынан екі тонна полимер ұнтағын шығарамын. Таяуда құм-полимерлі плиткалар өндірісін аштым. Көрінген жерде шашылып жатқан қоқысты жарата білсең, кәдеге асады. Пластик қалдықтарынан тактильді тротуар плиткасын шығарып жатырмын. Менің екі көзім де нашар көреді. Сондықтан өзім сияқты зағип жандарға оның қаншалықты қажет және маңызды екенін жақсы білемін, – деді Андрей Зелевский.
Әзірге, цехта екі адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта кәсіпкер тағы бір мүгедек кісіні жұмысқа шақырмақ. Андрей енді фосфор арқылы күндіз бойына жарық жинап, түнде сәуле шашатын төсемтастар шығаруды көздейді.
Қостанай облысы