• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Мамыр, 2021

Солтүстік Қазақстанда суға шомылу маусымы басталып кетті

457 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында күннің ысуына байланысты суға шомылу маусымы ерте басталды. Өзен-көл басында демалушылардың қарасы қалың, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 60 шақты өзен, 2 мыңнан астам көл және 100-ден артық қазаншұңқыр бар. Солардың ішінде демалушылар үшін ең қауіптілері – Есіл өзені, Пестрое, Соленое, Лебяжье, Үлкен Тораңғұл, Шалқар және Имантау көлдері.

«СҚО-да күннің ысуына байланысты суға шомылу маусымының ашылуын күтпей суға түсіп жатқандар бар. Жалпы суға шомылу маусымы ресми түрде 1 маусымда басталады. Осыған байланысты қауіпсіздік шараларын күшейттік. Биыл суға түсуге болатын 58 орын белгіленді. Былтыр суға шомылу маусымында 9 адам, соның ішінде бір бала мерт болды. Олардың барлығы арнайы белгіленбеген жерлерде шомылған. Жалпы соңғы 7 жылдың ішінде 180 адам, соның ішінде 24 бала суға кетті», дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Оқыс оқиғалардың алдын алу және демалушыларды ескерту мақсатында халық көп жиналатын өзен-көлдерге рейдтер ұйымдастырылып жатыр. Оған «Жас Отан» жастар қанаты филиалының, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және полиция қызметкерлері кірген. Тек өткен демалыс күндері құтқарушылар 32 рейд өткізіп, 600-ден астам жадынама таратты.