• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Мамыр, 2021

Жалған ажырасу неге көбейіп барады?

2066 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында отбасылардың арасында жалған ажырасу деректерінің жиілеп кеткені туралы мәселені көтерген болатын. Мемлекет басшысы бұл көмектің мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан жасалған қолдау екенін ескертіп, Үкімет пен Президент әкімшілігіне мұндай алаяқтықты тоқтату үшін тез арада тиісті шара қабылдауды тапсырған еді.

Қоғамда өршіп тұрған мәсе­ленің бірі – ажырасу. Себебі Қа­зақстанда әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады. Ұлттық ста­тистика бюросының мәлі­метіне қарағанда, өткен жылы елімізде 128 800-ден астам шаңы­рақ көтерілсе, 22 500-ден астам отбасылық жұп айырылысып кеткен. Ал биылғы екі айда 19591 неке қиылса, осы аралықта оның 3 мыңға жуығы заңды түр­де бұзылған. Бірақ тіркелген ажырасуға қатысты бұл деректерге күдікпен де қа­рауға болады. Өйткені елі­мізде өтірік ажырасатындар да аз емес.

Жалған ажырасу дегеніміз не? Оның астарында қандай қи­тұрқылық жатыр? Өтірік ажы­расқандардың арамдығын әш­керелеуге бола ма? Адамдар не­ліктен мұндай қадамға барады? Өті­рікке құ­рыл­ған неке отба­сы­лық құндылықты құл­дыратып жі­бермей ме?

«...Осылай ыңғайлы»

Шыны керек, осы сұрақтар соңғы бір айда екі бірдей өтірік ажырасқан отбасымен бетпе-бет кездескеннен кейін жиі мазалай бастады.

...Нотариус кеңсесінде отырмыз. Бір құжатқа ерлі-зайыпты ретінде біз де, соңғы 4-5 күннен бері кенже ұлдарын жетектеп келіп жүрген отбасы да қол қоюлары қажет. Дәл сол кезде ғана жастары жер ортасына келген жұптың заңды түрде ажырасып кеткенін білдік. Аң-таңбыз. Әңгімелеріне, жүріс-тұрысына қарасаң кәдімгі ынтымағы жарасқан берекелі шаңырақ. Үш ұл өсіріп отырған отағасынан «Сонда бұл қалай өзі?» деп таңданысымызды жасыра алмай сұрадық. Ыржың-ыржың етіп: «Осылай ыңғайлы» деді ол. Сөйтсек олар расымен де өтірік ажырасудың «ыңғайын» тауып алған екен. Көз алдымызда өткен процес – нотариус құжаттарына қол қою кезінде біз көбірек шығындалдық, ал ажырасып кеткен әлгілер қалталарынан сол ақшаның жартысын ғана шығарды.

Екінші отбасының өтіріктері банкте келісімшарт жасасу кезінде әшкере болды. Жылжымайтын мүлікті «әйелімнің атына» жаздырамын деп жылпылдаған жігіт сол жерде ғана «біз, негізі, заңды түрде ажырасып кеткенбіз», деп отба­сылық өмірлерінің бар құпиясын жа­йып салды. Бірақ бұл тұста да өтірік ажы­расқандардың ұпайы түгел болып шықты. Әсіресе, олардың кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар ажырасқан әйелге мемлекет тарапынан қандай же­ңілдіктер қарастырылғанын жан-жақты «зерттеп» алғаны көрініп тұр. Әңгіме арасында тіпті бізге «босқа ақша төлеп шығындалғанша, керісінше үкіметтен алатынымызды жұмсап, осылай өмір сүрген әлдеқайда тиімді емес пе?!» деп, біраз «ақыл-кеңесін» де айтып тастады.

Сол кезде ғана отау тікпей жатып, оңай ажырасатын ұрпақ көбейіп кетті деп босқа даурығып жүрген жоқпыз ба деген ой келді. Себебі бір-бірінің қадірін білмегеннен емес, тойымсыздық пен қолда бардың бағасын түсінбегеннен жалған өмір сүруді жөн көргендердің мына тірлік­терін көріп қайран қалдық.

«Бұл да – алаяқтықтың бір түрі»

Соңғы уақытта сот тәжірибесінде де «жалған ажырасу» деген тіркес жиі айтылып жүр. «Жалған некемен» салыс­тырғанда бұл термин біздің заңнамада «аса танымал» емес. Өйткені ерлі-зайып­тылардың өтірік ажырасқандарын дәлел­деу оңай емес. Түптеп келгенде, «жалған неке» де, «жалған ажырасу» да іс-әре­кеттің табиғатына қарай алаяқтықпен тең. Мәсе­лен, «Неке және отбасы туралы» заңда «жалған некеге», «отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құ­қықтары мен мін­деттерін туғызбайтын неке» деген анық­тама берілген. Ал елі­міздің заң­на­­масында өтірік ажырасуға қатысты жауап­­­кершілікті реттейтін жеке бап та, норма да жоқ.

«Қағаз жүзінде ғана ажырасқандар­ды қалай анықтауға болады?» деген сұрақ­ты ІІМ Криминалдық полиция депар­­та­ментінің тергеушілеріне де қойған едік. Алай­да олар: «Отбасылық қатынас­тар­дың жалған сипатын дәлелдемек тұр­­мақ, тек­се­рудің өзі мүмкін емес» деп қысқа қайырды.

Өтірік ажырасу дегеніміз, бұл – некені заңды түрде бұзудың нақты процесі. Бі­рақ бұл жерде ерлі-зайыптылардың «екі жаққа кетуінің» басты факторы – ма­те­риалдық құндылық. Яғни өтірік ажы­рас­қандардың көздегені – пайда табу ғана.

Кімдер жалған ажырасады? Әдетте шенеуніктер сыбайлас жемқорлыққа қар­сы заң нормаларын айналып өту үшін осындай «құрбандыққа» жиі бара­тын көрінеді. Бірақ соңғы уақытта мем­лекеттен материалдық көмек алу үшін қара­пайым отбасылар да осындай қитұр­қылыққа жиі «ұрына» бастаған.

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудан­дық сотының судьясы Бағдагүл Бияхметова «Неке және отбасы туралы» кодекс­ке сәйкес ажырасу процесі екі сатыда жүр­гізілетінін айтады. Егер ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған ортақ балалары, мүлік дауы болмаса, жұбайлардың АХАЖ бөлімі арқылы ажырасуға құқықтары бар. Ал отбасылық жұптың кәмелеттік жасқа толмаған бала-шағасы, ортақ дүние-мүлкі болса, мұндай некелер сотқа талап арыз беру арқылы бұзылады.

Бағдагүл Бияхметова сот практика­сында жалған ажырасу туралы мәлі­мет­терді анықтаудың өте қиын, тіпті мүм­кін емес екенін алға тартты. «Ажы­ра­суға екі жақ келісіп тұрса, судья­ олар­дың талап арыздарын қана­ғаттан­ды­руға құқығы бар. Азаматтық іс бойын­ша отбасылық жұптың тек қа­ғаз жүзінде ғана некелерін бұзып жат­қаны анықталған күннің өзін­де оларға қатыс­ты қандай да бір шара қол­дану заңда қарастырылмаған. Сот тә­жірибесінде ерлі-зайыптылардың өтірік ажырасып жатқанына күдік туғанмен, бұл факті дәлелденбегендіктен, ол істен бас тарта алмаймыз», дейді ол.

Заңгер Ләззат Ахатова да қағаз жү­зінде ажырасып, бірге тұра беретін отба­сылардың бар екенін жоққа шығармады. «Жалпы, бұл – өте күрделі әрі қазіргі таңда кең тараған құбылыс. Әрине, әркімнің жеке өмірі бар. Не себепті ажырасқанын тәптіштеп сұрап, қазбаласаң біреудің жеке өміріне араласқандай боласың. Алайда өтірік ажырасып, осы жағдайды пайдаланып, үкіметтен жеңілдік алып жүргендерді жауапқа тарту керек», дейді заңгер.

Л.Ахатова «жалған ажырасушы­лар­дың алаяқтығын дәлелдеу расымен де оңай емес» дейді. Дегенмен заң­­гер олардың ерлі-зайыпты ретінде бір­ге тұратында­рын куәгерлер арқылы дә­лелдеп, бекіту­ге болатынын, жалпы заң­­намаға осыған қатысты норма енгізу қа­жеттігін айтады. «Қылмыстық кодекс­те фальсификация, яғни бұрмалау де­ген бап бар. Осы бап жалған ажырасу­дың ақ-қарасын анықтауға көбірек ке­леді. Өйткені қолданыстағы заңдары­мыз­да «жалған ажырасу» деген арнайы бап жоқ. Жалпы өтірік ажырасу да алаяқ­тыққа жатады. Мәселен, алаяқтық де­геніміз біреудің сеніміне кіру арқылы мүлкін заңсыз иелену болса, бұл жерде отбасылық жұп жалған мәлімет беру арқылы заңды түрде ажырасып, үкі­мет­тік материалдық жеңіл­діктерге қол жет­кізеді», деген ол бұл мәсе­ленің нор­малық тұрғыдан кемшілігін де ашып көрсетті.

Жалған ажырасушыларды әшкерелеу жолы бар

Жалған ажырасушыларға нақты бір­де-бір заңмен шектеу қойылмағанын белгілі заңгер Абзал Құспан да растап отыр. Бірақ заңгердің айтуынша, от­ба­сылық жұптың қандай да бір мате­риалдық игіліктер көру үшін өтірік ажы­расқандары немесе қандай да бір жауап­кершіліктен қашу мақсатында әдейі ажы­расқандары толығымен анықталған жағдайда, оларды Қылмыстық кодекстің 190-бабы – «Алаяқ­тықпен» жауапқа тар­туға бола­ды. «Алайда бұл кезде екі жағ­дайды қатаң ескеру керек, – дейді заңгер. – Біріншіден, осындай жолмен ажырасудың мемлекеттен қандай да бір пайда алуға, екіншіден, өздеріне жүктелген қандай да бір жауапкершіліктен жалтаруға тіке­лей септігі тисе ғана жазаға тартуға болады. Ал басқа заңдардан ешқандай тыйым мен тоқтау болар арнайы бап таба алмайсыз».

«Жалған ажырасу – өте маңызды мә­селе. Себебі қазір ебін тауып екі асап жүргендер аз емес», деген заңгер жалған ажы­расушылардың өтірігін шығару мүм­кін емес деген тергеушілердің пікірімен келіспейтінін де айтты.

«Шындығына келгенде, өтірік ажы­рас­­қандарды әшкерелеудің ешқандай қиындығы жоқ. Себебі шын ажырасқан адамдар бір шаңырақтың астында тұр­майды, бірге қонаққа бармайды, бала тәрбиесімен бірге айналыспайды. Яғни бірге жүріп, бірге өмір сүрмейді. Ажырасу деген не? Ол екі жаққа кету деген сөз. Бі­рақ осы тұста тергеу органдарының бас­ты бір мәселесіне тоқтала кетейін. Егер Президент «Осындай алаяқтықты тоқтату керек!» деп бүгін қатаң тапсырма берсе, олар жалған ажырасқандарды ертең-ақ анықтап береді. Өйткені жалған ажырасушыларды анықтау анау айтқандай қиын емес. Арнайы рұқсатпен әйелі мен күйеуінің бір-бірімен телефон арқылы сөздерін «тыңдау», мессенджерлеріндегі жазбаларын «оқу» арқылы да олардың бір үйде тұрып жатқанын, екеуара ешқандай да ұрыс-керіс пен келіспеушіліктің жоқ екенін күнделікті отбасы-тұрмыстық әң­гімелерімен-ақ дәлелдеуге болады. Алайда тергеушілер алдына келіп түскен істі ғана тергейді. Олар өздігінен іс ашып, өз бетінше тергеу жүргізе алмайды. Ал мұндай жалған факторларды же­дел уәкілдер анықтауы тиіс. Жедел уәкіл­дерге мұндай тапсырманы ішкі істер органдарының басшылары береді, болмаса прокуратурадан арнайы нұсқама келіп түсуі мүмкін. Тіпті Үкіметтің өзі «бө­лінген осыншама ақшаны кімдер және қандай жолмен игеріп жатыр, осының ақ-қарасын анықтап, ақиқатын білу қажет деп» тиісті мекемелерге тапсырма берсе, ешқандай сұрақ туындамас еді. Біздегі басты мәселе – бірде-бір орган мұндай бастама көтеріп отырған жоқ. Сол себепті де «заманың түлкі болса, тазы болып шалып» жүргендерге тоқтам болмай тұр», дейді құқық қорғаушы.

Әлеуметтік көмек үшін «айырылысқандар»

Елімізде жалған ажырасудың белең алып бара жатқанын өткен жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ба­лаева халыққа есеп беру кезінде де көтерген болатын. Алайда ол кезде сөз арасында ғана айтылған бұл мәсе­ле ағылған сан ақпараттың астында қа­лып қойды. Есептік кездесуде министр қоғам­да болып жатқан кез келген өзге­ріс­тің отбасына теріс ықпал етуі мүм­кін екенін де жасырмады. Себебі мемлекеттің әлеуметтік міндеттерінің маңызды бір бөлігі – отбасы, ана мен баланы қорғау болып бекітілгелі мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жалған ажырасу саны артқан.

Материалдық көмек алу үшін заңды түрде өтірік ажырасуға дейін баратын адам­дардың әрекетін сынға алған министр сол кезде: «Президент Жолдауы­ның ­басты басымдықтарының бірі – отбасы және балаларды қолдау шаралары. Қазір­гі таңда, өкінішке қарай, қоғам өзгерісі­мен бірге отбасының құндылықтары да өзгеріп бара жатқанын айта кету керек. Елдегі өзекті мәселелердің бірі – ажырасу жағдайының артуы. 2017 жылы ажырасудың 55 мың жағдайы (тіркелген некелердің 39 пайызы) тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 60 мыңға (43 пайы­зы) жеткен. Сонымен бірге, мұндай бел­сенді статистикаға атау­лы әлеуметтік кө­мек айналасындағы жағ­дай себеп бол­ғанын жеткізгім келеді», деген еді.

Ажырасуды пәтер мәселесін шешудің бір тәсіліне айналдырып алғандар да бар. Көбінесе мемлекеттік тұрғын үй бағ­дар­ламаларының қатысушылары «жал­ған ажырасуға» дейін барып жатады. Әсіресе, бұл айла-амал жас шектеулері бар бағдарламалардың аясында жиі кез­деседі. Мысалы, «Жас отбасыларға арнал­ған тұрғын үй» бағдарламасына кә­мелетке толмаған балалары бар отбасылар қатыса алады, ал ерлі-зайыптылардың әрқайсысының жасы 35-тен аспауы қажет. Ерлі-зайыптылардың біреуінің жасы заң­мен белгіленген шектен асып кетсе, олар өтірік ажырасу арқылы осы талапты айналып өтіп, баспаналы болу­дың жеңіл шарттарын талап етуге мүм­кіндік алады.

Жалған ажырасуды көпбалалы отбасылар көбінесе мемлекеттен субсидия мен жеңілдіктер алу үшін кеңінен қолданады. Өйткені некені бұзу жан басына шаққандағы орташа табыс мөл­шерін азайтып, аз қамтылған отбасы мәртебесін алу үшін қажетті деңгейге дейін төмендетуге жол ашады. Заң жү­­зінде ажырасқанымен, ата-аналар әдет­тегі отбасылық өмірін жалғастыра береді. Бірақ кәмелетке толмаған әр баласы үшін жәрдемақы мен жалғызбасты ана ретін­де коммуналдық қызметтерге субсидия алуға құжаттар тапсырады. Әдетте, аз қам­тылған отбасылар мектепте тегін т­а­мақтануға, мектеп пен спорт формасын сатып алу шығындарын өтеуге, қоғамдық көлікте тегін жүруге, тамақтануға немесе тегін азық-түлік жиынтығына, университеттерге түсу кезінде жеңілдіктерге үміт артады.

Өтірікке құрылған отбасыда береке болмайды

«Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахмет «өтірік ажырасқан отбасыларда әкенің жауапкершілігі болмай­ды», дейді. «Рас, соңғы кезде жалған ажырасу секілді сан түрлі айлалы істер белең алуда. Өтірікке құрылған отбасының берекесі де болмайды. Отағасы ретінде әке де өзіне жүктелген міндетті сезіне бермейді. Тіпті осылай тұрмыстың жоқ-жітігін түгендейміз деп жүріп, шынымен ажырасып кетіп жатқандары да бар», дейді қоғам белсендісі.

Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық ко­миссияның мүшесі Л.Қожахмет жал­ған ажырасуға мүмкіндік туғызып отыр­ған құқықтық актінің бірі «Тұрғын үй қа­тынастары туралы» заң екенін де айтып қалды. «Осы заңның 73-бабына 2019 жылы өзгеріс енгізілді. Онда: «Осы заң­да белгіленген тәртіппен тұрғын­жай­ға мұқтаж деп танылған және есепке қо­йыл­ған жетім балалар мен ата-ана­сының қам­қорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, сондай-ақ көп балалы отбасы­­лар тұрғынжай алғанға дейін есептен шығаруға жатпайды», деп жазылған. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі баласы бар және толық емес отбасылардың да кезегі сақталады.

Толық емес отбасы дегеніміз не? Мә­селен, 04-нші нысанды баласын дүние­ге әкесіз әкелген, баланың тегі анасына жазылған отбасыларға береді. Бес-алты баласымен 04 нысанын алып, барлығын өз атына жаздырып жүрген аналар да бар. Бұдан бөлек, ажырасқандар бар. Егер толық емес отбасындағы ана тұр­мысқа шықса кезектен шығарылады. Ал тұрмысқа шықпаса, кезекте баспана алғанша тұра береді. Күйеуім жоқ деп үйдің кезегіне тұрғанымен қоймай, тұрмысы төмен отбасы ретінде атаулы әлеуметтік көмекті де алып жүрген «жалғызбасты аналар», өкінішке қарай, соңғы кездері көбейіп кетті. Осылай екі жеп биге шығып жүрген жандардың кесірінен, шын мәнінде баспанаға мұқтаж адамдардың кезегі кейінге ысырылып жүр» деген «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры мемлекеттің де шығынға батып отыр­ғанын айтады.