Семейдің жылу жүйесіндегі мәселе БАҚ беттерінде бір емес, бірнеше рет көтерілген. Аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Десе де, қыс келе салысымен, тұрғындар жылудың мардымсыздығына жиі шағымданады. Күрмеуі қиын бұл мәселені шешу үшін ЖЭО-ның құрылысын қолға алатын инвесторлар іздестіріліп те жатыр.
Тұрғындардан үздіксіз түскен шағымдарға байланысты биыл жұмыс комиссиясы да құрылған. Олар қаладағы шағын қазандықтардың ескіргенін, күрделі жөндеуді қажет ететіндігін анықтаған. Алайда лекерлеу, жөндеу мәселені түбегейлі өзгертпейді.
Айтқандай, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін Үкімет деңгейінде Семейде жылу-электр стансасын салу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Ол үшін арнайы мамандар 650 Гкал жылу және 450 МВт электр қуаты бар станса қаланың тарихи бөлігіндегі жылу тапшылығын қалыпқа келтіріп, салынып жатқан аудандар үшін резерв құруы керек деп есептеген. Құрылыс мерзімін үш жыл дескен. Сөйтіп 2015 жылы «Unit Group» шетелдік компаниясының еншілесі – «Unit Energy Investment» ЖШС инвестор болуы мүмкін дескен.
«Unit Energy Investment» өкілі Олжас Есенғарин бір ай бұрынғы мәлімдемесінде компанияның республикалық инвестиция комитетімен келісімшарты болғанын айтқан. Алайда облыс басшылығы құрылыс үшін жер телімін бермеген екен. Сол үшін де құрылыс жұмыстарына кірісе алмаған көрінеді. Оның үстіне әкімдік инвестормен келісімді бұзу туралы сот ісіне жүгінген. Ақыр аяғы соттың шешімімен келісімшарт бұзылды. Бұл жерде О.Есенғариннің пікірінше, жемқорлық фактісі орын алған сияқты. Яғни сол кезде әкімдік кедергі келтірмесе, Семейде жылу мәселесі болмас еді.
Күрмеуі қиын мәселе. Пікірлер әртүрлі. Біз де анық-қанығына көз жеткізіп көрмек болдық.
Әлбетте, тәжірибелі инвестор алдымен бизнес-жоспарын құрады. Құжатта жобаның іске асырылуы туралы барлық ақпарат пен ұзақ мерзімге арналған кешенді жоспары көрсетіледі. Семей қаласының бұрынғы әкімі Ермак Сәлімов (бүгінде облыс әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кеңесшісі) түсіндіргендей, «Unit Energy Investment» ЖШС ұсынған бизнес-жоспарында құрылысқа қажет техниканың және компанияның қаржылық жағдайы туралы да толық ақпарат болмаған. Ал инвестициялық жобалардың бизнес жоспарларына қойылатын талаптар Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №1133 бұйрығындағы қосымшаға сәйкес нақты көрсетілген екен.
– Толық инвестициялық шығындарды, қаржыландыру көздерін есептей отырып, жобаның қаржылық моделін көрсететін қаржылық бөлімнің жоқ болуының өзі мұндай инвестициялық келісімшартты жарамсыз деп тануға негіз болады, – дейді бұрынғы қала басшысы.
Сондай-ақ Ермак Сәлімовтың айтуынша, құжатта Семейдің жылу энергиясына қажеттілігі, әлеуметтік-экономикалық, қоршаған ортаға әсерін, табыстылығы мен өзін өзі ақтау кезеңдерін бағалау сияқты маңызды бөлімдер болмаған.
– Бір қызығы – құжаттарында семейліктер үшін электр қуаты қымбаттайды деген ақпарат көрсетілген. Шикізат жеткізушілерімен де келісім болған жоқ. Тізе берсе, Семейді жылу және электрмен жабдықтау жағдайын талдайтын маркетинг бөлімі, еңбекақы төлеу қоры туралы мәліметтер де көрсетілмеген. Сол уақытта бізге ұлттық қауіпсіздік органдарынан ескерту хаттары келді, – деді Е.Сәлімов. – Әлеуетті инвесторға қатысты дефолт фактілері, сондай-ақ сұрағы көп қаржылық схемалар келтірілді. Сонымен қатар біз, серіктес ретінде көрсетілген ресейлік компанияларға сұрау салдық. Алайда олар бейхабар екенін жеткізді. Сөзім дәлелді болсын: «Сибэнергомаш БКЗ» ЖШС «Unit Energy Investment» ЖШС-мен келісімшарттық міндеттемелері жоқ екенін хабарлады. «Орал турбина заводы» да «Unit Energy Investment» ЖШС-мен жасалған келісімшарт жоқ екенін жеткізді. Ең бастысы – қаланың 140 гектар жерін 49 жылға жалға алуды көздеді. Заңнамаға сәйкес, мұндай табиғи грант қала әкімдігімен келісім бойынша берілуі мүмкін. Бірақ мұндай инвесторға жерді қалай беруге болады?, – деп мәселенің мән-жайын түсіндірді экс-әкім.
Даулы іске қатысты сот отырыстары болды. Экономикалық мәселе бойынша сот процестері әдетте ұзаққа созылады. 2019 жылдың ақпанында Астана соты «Unit Energy Investment» ЖШС-мен инвестициялық келісімшартты жарамсыз деп тану туралы шешім шығарды. Ал Жоғарғы соттың апелляциялық сатысы үкімді өзгеріссіз қалдырды. 2019 жылдың мамырында Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы шешімді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім шығарды. Ақыры, 2019 жылдың 30 мамырында Жоғарғы соттың комиссиясы екі дауға нүкте қойған. Айта кетсек, Астана сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағымдар қанағаттандырылмады.
Сол жылдың қыркүйегінде инвестор мен Инвестициялар жөніндегі комитет Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі бөліміне істі қайта қарауларын сұрап, өтініш білдірген. Бірақ Жоғарғы сот «Unit Energy Investment» инвестициялық келісімшартын жарамсыз деп таныған.
Бір жағынан рас, инвестордың құжатына қарамастан тапсырыс беріп, артынша құрылысы сапасыз, мерзімінде аяқталмай жатса не пайда?!
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Алмат Ақышовтың айтуынша, Семейде заманауи жылу электр стансасы бой көтереді. Тек құрылыс процесі ашық әрі мердігер сенімді болуы керек. Биылғы жылыту маусымына дайындық кезінде үлкен жұмыс көлемі қарастырылған. Атап айтқанда, қолда бар қуаттылықты арттыру мақсатында «Ғаббасов», «103-103А», «Орталық», «35 квартал» қазандықтарын жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жылу желілерін қалпына келтіру, гидравликалық сынақтар өткізу жоспарлануда. Тендер өткізілді, мердігерлер анықталды. Қыркүйекке дейін «Орталық», «103-103А», «Ғаббасов», «35-квартал» қазандықтары жөнделіп, «Орталық» және «103-103А» қазандықтары арасындағы көпір жасалады.
Тұрғындар үшін маңыздысы инвесторлардың дауы емес, ауы мен бауы көп болып кеткен жылу мәселесінің оң шешімі. Түйіні түбегейлі шешіле қоймаған Семейдің жылу мәселесі әлбетте «Egemen Qazaqstan» газетінің назарында болады.