• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 20 Мамыр, 2021

Өнер адамдарына ортақ прототип

483 рет
көрсетілді

Осы кино деген қалай пайда болды?.. Бұл әдебиетке де, театрға да, тіпті еш­қандай өнерге қатысы жоқ екі француздың 1895 жылы ашқан жаңалығы. Содан бері әлемде түрлі тақырыптағы һәм түрлі деңгейдегі мың-миллион фильм түсірілді. Әлқисса.Кейінгі жылдары қазақ киносында белгілі бір деңгейде өзгеріс орнап, тың ізденістердің әсері сезіледі. Отандық режиссерлер қадари-халдерінше сапалы әрі мағыналы фильм­дер түсіріп бағуда. Ал дәл қазір қандай кинокартина таспалап жатқанын режиссер, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, Францияның әдебиет және өнер орденінің иегері Дәрежан Өмірбаевтан сұрап көрдік.

– Жақында ғана «Ақын» фильмін түсіріп болдық. Қазір дыбысын монтаждап жатырмыз. Осы айдың аяғында толықтай бітіреміз.

Бұл фильмнің сценарийін өзім жаздым. Мұндағы негізгі тақырып – қазақ әдебиетінің, әсіресе қазақ тіліндегі шығармалар мен авторлардың бүгінгі қоғамдағы рөлі, мем­лекеттік тілдің, әдебиеттің болашағы, сон­дай-ақ өнердің, шығармашылықтың тамыры қайда жатыр деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Фильмнің сюжетін неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» атты авто­биографиялық әңгімесінен алдым. Онда жас жазушыны бір қалаға кездесуге шақырады. Автор бүкіл қала өзін күтіп отыр деп ойлайды, бірақ ол кешке ешкім келмейді. Осы сюжеттен бастап басқа да түрлі мәселені қамтуға тырыстық. Қаһарманымыз – 35-40-тың ортасындағы Дидар деген ақын. Оның рөлін әнші Ердос Қанаев ойнайды. Сюжет бойынша ақын Дидарды еліміздің бір түкпіріндегі облысқа авторлық кеш өткізуге шақырады. Ол да Гессе сияқты аса үлкен үмітпен, сеніммен барады. Алайда кешіне бір қыз ғана келеді.

Осы оқиғалармен параллель жүріп отыратын тағы бір эпизод бар. Ақын фильм бойы кітап оқып отырады: ол – Махамбеттің өмірі туралы. Оның оқыған оқиғаларын фильмде көрсетіп отырдық. Бірінші, Ма­хамбетті Қараойда қалай өлтіргені, одан соң сүйегінің неше жыл ешкімге керек болмай жатқаны, қазып алып Алматыға алып келгенін түсірдік. Бір қызығы, қаһарманымыз сол кітапты оқыған кезде Махамбеттің бейнесінде өзін елестетеді. Әйелінің бейнесінде өзінің әйелін қояды. Бір фильмнің ішінде екі фильм түсірген сияқты осындай параллель кадрлар бар. Екі образға да ортақ дүние – ақындық: қазіргі уақыттың ақыны және Махамбеттің қай заманда да ақын болып қалатыны, қоғамға байланысты екеуінің де ортақ мәселелері.

– Дидардың қазақ әдебиетінде нақты бір прототипі жоқ па?

– Ондай ақындар қазір көп деп ойлаймын. Бұл – тек әдебиетшілер мен ақындардың ғана емес, жалпы шығармашылық адам­дарының ортақ мәселесі. Мойындау керек, бүгінде шын өнермен айналысып, еңбегіңді халықтың бағалауы қиындап барады. Сондықтан бұл жиынтық образ, яғни ортақ прототип десек болады.

– Түсірілім жұмыстары қай өңірлерде өтті?

– Негізгі түсірілім Алматы қаласында өтті. Ал қосымша кадрлар Атырау облысында, Қапшағай, Талғар және пойыз ішіндегі эпизодты Алматы мен Тараз арасындағы пойызда түсірдік.

– Кім қаржыландырды? Халыққа қашан ұсынылады?

– Мәдениет және спорт министрлігінің қаржыландыруымен «Қазақфильм» түсіріп отыр.

Ал кинотеатрларда қашан көрсетілетіні әлі белгісіз. Әрине, бәрі пандемиялық ахуалға байланысты.

– Шығармашылық жұмысыңыздың мән-жайын айтып, бөліскеніңізге рахмет.